Кино • 17 Мамыр, 2018

Кинода тоғысқан тағдырлар

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арқадағы сапарын Алатау баурайында жалғастырған С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының (БМКИ) шығармашылық ұжымы жүз жылдық мерейтойларына арналған іскерлік кездесулерін «Достық» үйінен бастады.

Кинода тоғысқан тағдырлар

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өкілдері ұйымдастырып отырған шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және Астананың 20 жылдығына арналған. Кинематографияның майталмандарымен кездесудің алғашқы сөзін алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Әзімов қазақ киносының тарихы БМКИ-мен тығыз байланысты екендігіне тоқталды. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде де өнер саласына тұрақты мамандар даярлап отырған БМКИ-дің соғыс жылдарында Алматыға қоныс аударғаны белгілі. Осылайша ел басына күн туған жылдарда да кино өнері өшкен жоқ. Керісінше, өз кәсібінің мықты деген мамандары тәрбиеленді. Кәсіби шеберханалар қалыптасты. Бүгінде БМКИ-де білім алған қазақстандық киногерлер саны жүз елуден асады.

Аталған оқу орнымен бейбіт замандағы әріптестіктер туралы сөз қозғаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Б.Н.Нүсіпжанованың айтуынша, қазақстандық студенттер үшін тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруге байланысты қолайлы жағдайлар жасалған. Кино саласына маманданған студенттердің жұмыстарына бүгінде жоғары баға берілуде. Алдағы уақытта қазақстандық студенттер БМКИ-де оператор мамандығы бойынша білім алатын болады.

Ал Қазақстанға келу әсерлерін терең тебіреністен бастаған РФ Халық әртісі С.А.Соловьев, БМКИ ректоры, профессор С.В.Малышев, РФ Халық әртісі, профессор В.Ю.Абдрашитов, Ресей және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Н.Ө.Арынбасарова Алматының ерекше қала екендігін жеткізді. «Алатау баурайындағы әсем қаланың әр көшесінде біздер үшін мейрам болып жатқандай...» деп әсерлі күйлерін ортаға салды. Мәскеулік меймандар киногерлер шеберханасының қалыптасуы туралы естеліктерімен бөлісе отырып, біз үзім нанды бөле жеген жылдарда посткеңестік елдердің өнер өкілдерін осы бір қасиетті мамандық кеңістігінде тағдырлары тоғыстырғандығын сағынышпен еске алды. Бүгінгі кино төңірегіндегі пікірлерімен де бөлісіп отырды. Ары қарайғы кездесу БМКИ-дің қазақстандық түлектерімен қауышумен жалғасын тапты.

Ал кешкі Алматы меймандарды Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрында қарсы алды. Мұнда институттыӊ дарынды студенттері алматылық көрермендер үшін «Евгений Онегин», «Много шума из ничего» және «Говорящий немой» спектакльдерін қойды.

Екі күнгі сапары аясында БМКИ профессорлық құрамы кәсіби қазақстандық жоғарғы оқу орындарыныӊ студенттері үшін режиссура, анимация, сахналық қозғалыс, бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ