Қазақстан • 17 Мамыр, 2018

Игі істерге ұйытқы болған ұйым

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алапат соғыстың аласапыран майданында Отан үшін, ел үшін деп толарсағынан қан кешкен жанкешті жауынгерлердің қатары бүгінде сиреген. Ұлы Жеңістің 73 жылдығын биыл елімізде 2067 майдангер мен 140 632 тыл еңбеккері қарсы алды. Біздің бейбітшілік бесігінде тербелуімізге жастық жалыны мен қажыр-қайратын арнаған осынау жандарға қандай құрмет пен көмек көрсетілсе де көптік етпейді. Ендеше оларға қандай жеңілдіктер жасалған? Мұндай жұмыстарға мұрындық болуды діттеген бірден-бір ұйым «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі қандай жұмыстар атқаруда? Осы сауалдарға жауап алу үшін ұйымның басшылығына хабарласқан болатынбыз.

Игі істерге ұйытқы болған ұйым

Құрылғанына 31 жыл болған «Ардагерлер ұйымы» респуб­лик­алық қоғамдық бірлес­тігі бүгінде 2 миллионға жуық ардаг­ер­дің басын біріктіріп отыр. Бас­тап­қыда Ұлы Отан соғысына қатыс­қан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету мақсатында іргесі қаланған ұйым бүгінде қатарына зейнеткерлерді де қосқан.

«Қазір ұйымның есебінде 1 944 067 зейнеткер бар. Олар 14 облыстық, 260 аудан, қалалық және 10132 бастауыш ардагер­лер ұйымына тіркелген. Алғаш­қы жылдары Ардагерлер ұйымын Ұлы Отан соғысының отты жалынымен шыңдалған Шәңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағанбетов, Мақтай Сағдиев, Қайырбек Сүлейменов және Өмірзақ Озғанбаев қатарлы азаматтар басқарды. Бүгінде ҰОС ардагерлеріне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Олар түгел пәтермен қамтылған, тегін медициналық көмек алады. Зейнетақы мен жәрдемақы да жыл сайын өсуде. Рес­публикалық бюджеттің әлеу­меттік салаға бөлген шығы­ны биыл 12 пайызды құрап, 4,1 триллион теңгеден асты. Зей­нет­­ақының өсуі 3 миллионнан астам қазақстандықтың табы­сын арттырды. Ынтымақты зей­нетақы биыл 1 қаңтардан бас­тап 8 пайызға артса, базалық зейнетақы 1 шілдеден бастап еңбек өтіліне байланысты орта­ша алғанда 1,8 есе көбейетін болады. Бұдан бөлек әр жылы жер­гілікті бюджет есебінен және демеушілердің көмегімен ҰОС пен тыл ардагерлеріне қомақты қаржы бөлініп келеді», дейді «Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғам­дық бір­лестігі Орталық кеңесі­нің тө­рағасы Бақтықожа Ізмұха­м­бетов.

Ұйымның жасап жатқан жұмыс­тарына тоқталған Б.Ізмұ­хамбетов ардагерлердің жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, соғыста Отан үшін отқа түскен жауынгерлер мен тылда тынбай еңбек еткен ардагерлердің ерлігін жас­тар тәрбиесіне пайдалану – ұйы­мның басты мақсаттарының бірі. Сондықтан да ардагерлер мен оқушы, студенттер ара­сын­­да жиі кездесулер өтіп тұ­ра­ды. Ал Астананың 20 жыл­ды­­ғына орай «Ғасыр жаңа­лығы – Астана» деген атпен арда­гер­лер шығармашылығына бай­қау жа­риялаған Ардагерлер ұйы­мы қарттардың қызықты да қиындыққа толы өмір жолын жас­тарға үлгі етіп, патриоттық сезі­мін оятуды көздеп отыр.

Мемлекет басшысы 2010 жылы 17 ақпанда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Үкімет пен барлық деңгейдегі әкім­дерге Ардагерлер үйін ашу ту­ралы нұсқау берген болатын. Б.Ізмұхамбетов содан бері арда­герлер ұйымдарына қам­қор­лық көрсетіліп, Ардагерлер үйі бой көтере бастағанын айт­ты. «Бүгінде елімізде 100 Арда­гер­лер үйі бар, оның 9-ы облыс ор­та­лықтарында орналасқан. Әсі­ресе бұл жұмыстар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай, Алматы сияқты облыстарда қарқынды ұйымдастырылуда», дейді ол.

Астанада қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен тұр­ғын үй кешендерінің жаны­нан 20-ға жуық Ардагерлердің шағын орталығы ашылған. Ұйым басшылары қарттардың басын қосқан мұндай шаңырақ­тардың тәрбие ордасына айналатынына сенімді. Бұл бір жағынан арда­гер­лердің шахмат, дойбы ойнай­тын, газет-журнал оқи­тын жайлы демалыс тұрағы да болмақ.

Соғыстың аяқталғанына 73 жыл өтсе де елге оралмаған отандастарымызды іздеу жұмыстары ешқашан тоқтаған емес. Туған жерден жырақта қаза тапқан талай майдангердің денесі Ардагерлер ұйымының атсалысуымен кір жуып, кіндік кескен жеріне жеткізілді. Өткен жылы іздестіру нәтижесінде табылған Ақмола облысы Целиноград ауданы Жалғызқұдық ауылында 1912 жылы дүниеге келіп, 1941 жылы 24 ақпанда әскерге шақырылып, соғыста 1943 жылғы 18 наурызда Калуга облысы Спас-Деменск ауданының Каменск селосын жаудан қорғауда қаза тапқан Тәжібай Нұркішевтің бауырлас­тар зиратынан әкелінген топы­рағы өзінің ту­ған өлкесіне жеткізілді.

«74 жыл бойы соғыста із-түзсіз жоғалып кетті деп саналып келген бұл жауынгердің мүрдесі 2017 жылғы 8 маусымда ресейлік арнайы іздеу экспедициясы жұмыстары нәтижесінде табылып отыр. Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен Мәскеудегі қазақ қау­ым­дастығының көмегі ар­қасында жауынгердің капсула­сы мұсылмандық жолмен құран оқы­лып, марқұмның туған жері­нің қойнауына берілді. Осын­дай сауабы мол игілікті істі ұйымдастыруда Ардагерлер ұйы­мы бұрынғы Кеңес құра­мында болған елдерімен тығыз бай­ланыста», дейді ұйым төра­ғас­ы Б.Ізмұхамбетов.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»