Әлем • 18 Мамыр, 2018

Сұрмерген Сван ең қарт Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды

711 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 91 жыл бұрын, яғни 1927 жылдың 1 мамырында Стокгольмде 80 жасқа қараған шағында әйгілі спортшы Оскар Гомер Сван қайтыс болды. Бұл азаматтың есімі ең қарт Олимпиада чемпионы және Олимпия ойындарының ең қарт жүлдегері ретінде тарихта қалды. Ал сол скандинавиялық саңлақ жайында біз не білеміз?

Сұрмерген Сван ең қарт Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды

Оскар Сванның өмірбаяны жайында күні бүгінге дейін көп айтыла бер­­мейді. Бізге белгілісі ол 1847 жылы Ге­те­борг әкімшілік орталығына қарас­ты Вестра-Геталанд өлкесінде дү­ниеге кел­ген. 

Оскар да бала кезінен аңшылықпен ай­налысты. Уақыт оза құралайды көзге ат­қан мергенге айналды. Алайда ол за­манда Олимпия ойындары мен әлем чем­пионаттарын айтпағанда, Сканди­навия түбегінің өзінде мергендер сайысы ресми түрде өтпейтін. Сол себепті де айтулы азаматтың нағыз кемелденген шағында дүйім жұрттың алдында өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатуға еш мүмкіндік болмаған. 

Нысана көздеушілер сайысы 1896 және 1900 жылғы жазғы Олимпия ойын­дарының бағдарламасына енген еді. Алайда Афины мен Париждегі до­да­ға Сванның не себепті бармағаны бізге белгісіз. Әйтеуір, сол бәсекелер скан­ди­на­виялық сұрмергенсіз өтті. 

Өзінің алғашқы Олимпиа­да­сына Оскар Сван 1908 жылы қатысты. Ол кез­де жасы 60-тан асып, сақалды қарияға күле қара­­ғандардың қатары мол болды. Жас­тар жағы жымиды, сақа спортшылар миы­ғынан мырс-мырс күліп қояды. Бірақ оған көңіл аударып жатқан Ос­кар жоқ. Табиғатынан байсалды, сал­қын­қанды, анау-мынауға елең ете бер­мейтін ақсақал жарыс жолы­на шық­ты да, өзіне жүктелген міндет­ті абы­роймен атқарды. Өрімдей жас­тар­­дың барлығын артқа тастаған қарт спортшы айды аспанға бір-ақ шығарып, Лон­дон Олимпиадасын үш жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, жылжы­малы нысананы көздеу бәсекесі мен ко­мандалық сайыста бас жүлдені олжа­лады. «Жүгіріп бара жатқан елікті» ату бә­секесінде Оскар қола медальға қол созды. Зей­нет жасындағы азаматтың бұл ерлі­гіне жүздеген мың жанкүйер құлшына қол соқты. Миллиондаған көрермен тамсана таңдай қақты. 

Арада төрт жыл өткен соң Сток­гольм Олимпиадасының алауы тұ­танды. Өз жерінде өткен жарыстың же­ке­леген сайысында Сван қола алса, ко­мандалық бәсекеде топ жарды. Осы­лайша 65 жасқа қараған шағында Ос­кардың есімі ең қарт Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды.
1920 жылғы ғаламдық дода Бель­гияның Антверпен қаласында ұйым­дас­тырылды. Бұл жарыста Оскар Гомес Сван күміс медальды еншілеп, Олимпия ойындарының жүлдегер атанған ең қарт спортшысы атанды. Ол кезде Оскар 72 жастан асқан еді.

Оскар Сван 1924 жылы Париж­де алауы тұтанған Олим­пия ойындарына да қатысқысы келді. Алайда сол кездері ден­саулығы сыр беріп, дүбірлі додадан шет қалды. 

Жалпы, Оскар ақсақалға қатысты талай тартымды әңгіменің тиегін ағы­туға болады. Мәселен, ұзын шашты, са­­қалды қария жарысқа үнемі қара пальто мен қара шляпа киіп шығады екен. Сондай-ақ көпшіліктің ортасында жүруді оның жаны қаламайтын. Қақ-соқпен де шаруасы жоқ. Ара-тұра біреулер келіп ма­заламаса, сыр сандығын ашып, ұзын-сонар әңгіменің тиегін ағытуға да аса құлықсыз еді. Көбіне-көп жалғыз серуендеп, үнемі ой құшағында жүретін. Ал жарыс аяқталғаннан кейін әйгілі спортшы тек алтын медальды ғана өзіне қалдырады. Өзге жүлделердің бар­лығын не лақтырып тастайды, не кө­шеде кезіккен бөгде адамдардың қолына ұстата салады екен...

Міне, Олимпия ойындары тари­хын­дағы жеңіс тұғырына көтерілген ең қарт спортшы Оскар Сван осындай азамат еді. Өзі қатысқан үш додада ол 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Әрине, бұл – өте керемет көрсеткіш! 

Байыптап қарасақ, Оскардың жүл­десі одан да көп болуға тиіс еді. Бірақ бел­гісіз себептермен құралайды көзге ат­қан сұрмерген 1896 жылғы Афи­ны және 1900 жылғы Париж Олимпиа­дасына бара алмады. Ол кездері кейіп­­кері­міз небәрі 47 және 51 жас­та бола­тын. 1904 жылы Сент-Луисте н­ысана көздеушілердің сайысы өтпеді. Еу­ро­падағы саяси жағдай ушығып, І Дүние­жүзілік соғыстың оты өршігендіктен 1916 жылғы Олимпия ойындары кейінге қалдырылды. Бәлкім Берлиндегі до­да өткенде Оскар ата айды аспанға шыға­рар ма еді, кім білсін! Осылай тіз­бектей бер­сек, скандинавиялық сұрмер­геннің несібесінен қағылған кездері де жетерлік екенін аң­ғару да қиын емес...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар