Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Жаңғырту жұмыстары Жамбыл облысын түлетті

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында өткен жылы 1,1 млрд теңгені құрайтын 22 жоба мен іс-шара өткізілген. Ал биыл құны 3,8 млрд теңге болатын 133 жоба мен 66 іс-шара қолға алынбақ. Мұндағы қаражаттың 3,4 млрд теңгесін демеушілер арқылы тарту көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облы­сы­ның әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. 

Жаңғырту жұмыстары Жамбыл облысын түлетті

Баспасөз жиынында облыс басшысы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жүргізілген жобалар мен атқарылған жұмыстар жайын егжей-тегжейлі баяндады. Облыста бағдарламалық мақаладан туындайтын «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім» арнайы жобалары сәтті іске асырылып жатқандығын атап өтті.
«Бағдарлама аясында өңірлік жобалық кеңсе құрылып, сарапшылар кеңесі өз жұмысына кірісті. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларына арналған интерактивті алаңдар ашылды. Өңірден шыққан 80-ге жуық кәсіпкер-меценаттардың есебінен жалпы құны 817 миллион теңге болатын 23 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Биыл жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 29 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілетін болады», деді әкім.

А.Мырзахметов атап өткендей, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қала ретіндегі Тараз шаһарының бай тарихын туризм кластерін дамытуда кәдеге жарату жоспары түзілген. Нәти­же­сінде «Қазақстанның сакралды география­сы» арнайы жобасының қасиетті 100 нысан тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени орны енгізілді. Жамбыл облысынан Қазақстанның жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына ұсынылған 27 ескерткіш Мәдениет және спорт министрлігінің және «Қасиетті Қазақстан» ғыл­ы­ми-зерттеу орталығының қолдауымен шыққан «Қазақ­станның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енген. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасында «Ақыртас» тарихи кешенін қалпына келтіруді бірлесе жүргізу бойынша меморандумға қол қойылған.

Айтқандай, бағдарламалық мақаланың негі­зінде облыс орталығының өзіндік сәулет келбе­тін қалыптастыруға жіті назар аударылған. Соңғы екі ай ішінде «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілген. Сол секілді Тараз қаласындағы бұрынғы базар аумағындағы «Шахристан» сауда орталығының аумағы да өзгеше кейіпке енбек. Мұнда «Көне Тараз» археологиялық мәдени кешенінен бөлек, Оқушылар сарайы, Неке сарайы сынды ғимараттар бой көтереді. Бір сөз­бен айтқанда, ескі базардың орны қаланың рухани, мәдени орталығы ретінде қалыптасып, қала тұрғындары мен қонақтары бір сәт тыныстайтын орынға айналмақ.

Жалпы, қоғамның санасына серпін беретін бағдарламаның жекелеген тармақтары білім саласында да көрініс табуда. Мәселен, Жамбыл облысындағы жалпы білім беретін орта мектептерде «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», колледждерде «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары енгізіліп, аптасына 1 рет «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» сабақтары музейлерде, тарихи ғимараттарда өткізілуде.
«Қорыта айтқанда, жамбылдықтар бағдар­ла­мада көзделген айқын мақсаттарға қол жет­кізуге қолдау білдіру үшін бар мүмкіндіктерін пайдалануға әзір. Есесіне жергілікті билікте киелі өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтарын жаңғырту, оларды насихаттау жұмыстарын жалғастыра беруге ниетті», деді А.Мырзахметов.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»