Медицина • 18 Мамыр, 2018

Балғындарға үміт сыйлайтын орталық

591 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Үржар ауданына барған сапарымызда аудан орталығының іргесіндегі Ақжар ауылында орын тепкен Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысудың сәті түскен еді.

 

Балғындарға үміт сыйлайтын орталық

Қоларбада билеуден қарсылас шақ келтірмейді

Тірек-қимыл аппараты бұзылған, психо-неврологиялық ақауы бар балаларды оңалту, сауықтыру мақсатында құ­рыл­ған орталықты «Туған жер­ге тағзым» акциясы аясын­да өмірден өткен қоғам қайрат­кері Нұрлан Қаппаров пен Әмір Уәлиев секілді азаматтар өз қаражаттарына салып, қажет­ті құрал-жабдықтармен қамта­масыз етіп, мемлекет қара­ма­ғы­на берген екен. Қазір мұн­да мүмкіндігі шектеулі 56 бала­ға 92 адам қызмет көрсе­те­ді. «Шын мәнінде, бұл орталықты ашу оңай болған жоқ. Ата-ана­лар­мен жұмыс істеуге тура келд­і. Аудандағы 57 елді ме­кен­нің бәріне барып, ата-ана­лар­мен сөйлестік, тү­сіндір­дік. Қазіргі таңда балалар әлеу­меттік-психологиялық, әлеу­­меттік-педагогикалық, әлеу­­­мет­­тік-тұрмыстық, әлеу­мет­тік-медициналық, әлеу­мет­тік-құқықтық, әлеуметтік-эко­но­микалық, әлеуметтік-мәде­ни, әлеуметтік-еңбектік деген секілді 8 түрлі қызмет алады. Біздегі қызметкерлердің өз жұмысына деген ынта-ықы­ласы, балаларға деген сүйіспен­шілігінің арқасында мүмкіндігі шектеулі балғындардың қоғамға араласуы жеңілдеді. Қоғамдық жұмыстарға белсенділігі артты. Мәдени іс-шараларға көптеп қатыса бастадық. Құдайға шүкір, жүре алмаған балалар жү­ріп, сөйлей алмаған балалар сөйлеп, өмірден өз жолдарын тауып жатқаны қуантады. Қа­зір орталықта жас маман Ай­жан Мұхамадиеваның бас­шы­лығы­мен бірқатар жұмыс қолға алынып жатыр. Былтыр Тұңғыш Президент қоры мекеме үшін өте қажет интерактивті тақтаны тарту етті», дейді осы орталықтың ашылуына үлкен еңбек сіңірген, жоғарыда есімдері аталған жомарт жандарға хабарласып, ғима­рат­ты салу жөнінде өтініш біл­ді­ріп, құрылыстың ыстық-суығы­на күйген, бүгінде мекеме ди­рек­торының орынбасары қыз­метін атқаратын Рысхан Жан­күшікова.

Орталық 3 пен 18 жас аралы­ғын­дағы мүмкіндігі шектеулі балаларды облыс бойынша тегін қабылдайды. Мұнда жатып емделетін де, таңертең келіп, тиісті ем-домын алып, кешке үйіне қайтатын да балалар бар. Мекеме қызметкерлері балаларды өздері көлікпен алып кетіп, әкеп тастайды. Орталықтағы 56 баланың 30-ы мектепке барады. Олардың арасында қатардағы балалармен оқитындары да, жеке білім алатындары да бар. Мектепте пандус жоқ болғандықтан 5 бала үйде оқып жатқан көрінеді. Орталықта балалардың талантын ашуға ерекше мән беріледі. Мекемеде тәрбиеленушілер жақында қоларбада отырып билеуден Қазақстан чемпионатына қатысып, 17 медальмен (оның 8-і алтын, 5-уі – қола, 4-уі – күміс) оралыпты. «Қазір біздің балалар халықаралық жарыстарға да шыға бастады. Мәселен, туғаннан аяғы семіп қалған 12 жастағы Алексей Журав­лев Ресейдің Санкт-Петер­бург қаласында өткен 13 мем­лекеттің өнерпаздары қатысқан құрлықтық сайыста алтын медаль иеленді. Леша – өте тал­антты, ақылды бала. Туа біт­кен дарын. Жалғыз өзі де, жұппен де билейді. Болашақта қоларбада билеуден оны ешкім жеңе алмайды», дейді бала жанашыры.

Екі инватакси, үш қоларба қажет

Алексей Өскеменнен Үр­жар­ға 4 жасында келген екен. Қазақ­шасы судай. Тілі де қазақ­ша шығыпты. Санкт-Петер­бург­ке барғанда Леша­ның өнері­не ресейліктер де тәнті боп, «өзіміз емдеп аламыз, қам­қор­лығымызға алсақ қай­теді» деп қызығушылық таны­тып­ты. Лешадан бөлек Ба­ғлан Манабаев пен Әлібек Төле­генов­ті де ерекше айтуға болады. Олар да қоларбада билеуден бұған дейін бірнеше медаль енші­леді. Бір өкініштісі, жүл­деден жүлде бермей жүрген талант­ты балғындардың отыра­тын қоларбасы талапқа сай келмейді екен. Мәселен, Алек­сейдің отыруына, би билеу кезінде еркін, кедергісіз қозғалуына қолайлы қоларба Санкт-Петербургте 3 мың АҚШ доллары тұрады. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, орталық мұндай қоларбаға қол жеткізе алмағаннан кейін Алматы облысында концерт қойып, одан түс­кен 1 миллион 128 мың теңгеге және меценат Рақымғали Құлмұ­хамед берген 500 мың теңгеге қазір балалар билеп жүрген үш қоларбаны сатып алыпты. 

Әрине, тұрғындар балаларын жолдың шалғайлығына қара­май Астанаға немесе Ал­ма­тыға апарып емдеткісі келе­тіні белгілі. Деген­мен Үржардағы орталық қыз­мет­кер­лері локомат секілді робот­­танды­рылған құрылғылар меке­меге сатып алынса, балаларды алысқа сабылтпай өзі­міз-ақ емдеп, сауықтырар едік дейді. «Бізде балалар массаж қабылдайды, физиоем ала­ды, әртүрлі жаттығулар жасай­ды. Дегенмен де компьютер арқылы өзінің қимыл-әрекетін көріп, сол арқылы жүруге ынталандыратын локомат сияқты медициналық құрылғылар қажет-ақ. Оның бағасы да қымбат. 300 миллион теңге тұра­ды. Соның арзанын әкелсе де жақсы болар еді», дейді директордың орынбасары.

Зейнеткерлікке шыққан соң мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру, оңалту ісімен шұғылданып келе жат­қан Р.Жанкүшікова облыста қан­шама балғын әлі күнге дейін ата-анасының жанынан шы­ға алмай, тиісті ем-домын қабыл­дай алмай отырғанына алаң­дай­ды. «Кейбір ата-аналарды да түсінуге болады. Әрине, кім өзі­нің бауыр еті баласын танымай­тын адамдардың қолына тап­сыр­­ғысы келеді. Дегенмен де бала­­ның болашағын, ал­да­ғы өмі­рін ойлау керек қой. 2016 жылы Абай ауданының орта­лы­ғы Қарауылда болып, ата-ана­лар­ды мекеменің жұ­мы­сы­­мен таныс­тырған едік. Ке­з­десу­де талай сауал­дар қойыл­ды. Сол кезде ауыратын баласын біз­дің ор­та­лыққа әкелгісі келе­тін ата-ана­лардың аз емес еке­нін байқадым. Бірақ келуге жағ­дайы жоқ. Сондықтан аудан тара­пы арнайы көлік шыға­рып, ата-ана­ларды баласымен бір­ге біз­ге алып келіп көрсетсе сауап­ты іс болар еді», дейді Р.Жанкүшікова. 

Түйін

Орталықтан шығып бара жат­қанда дәлізде тұрған бір­не­ше велосипедке көзіміз түс­кен. Орталық қызметкерлері бұл да жаны жабырқаулы, мүмкіндігі шектеулі балаларды ынталандырудың бір әдісі екенін айтқан. Мұндағы Леша секілді аяғын баса алмайтын балғындар әлгі шайтан арбаларды қолмен айналдырып, ойнайды екен... 

Ғимараттан шығарда әлгі велосипедтерге тағы да көз салдым. Көз салдым да, мұн­дағы 56 баланың барлығы сырқат­тарынан құлан-таза айығып, осы велосипедтерге отырып, желдей жүйткісе деп тіледім.

Балалар – періште ғой. Періште тілегі орындалар. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы, 
Ақжар ауылы