Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Ақтөбе облысында 28 млрд теңгеге мемлекеттік-жеке серіктестіктің 33 жобасы жүзеге асырылуда

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбеде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің іскер орталары өкілдерінің қатысуымен Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің отырысын өткізді.

Ақтөбе облысында 28 млрд теңгеге мемлекеттік-жеке серіктестіктің 33 жобасы жүзеге асырылуда

Бердібек Сапарбаев облыстағы кәсіпкерлікті дамытудың негізгі нәтижелерін айта келе 2017 жылдың қорытындысы бойынша әрекет етуші ШОБ субъектілерінің саны 5%-ға 52 мыңға дейін өскенін жеткізді.

- Аталмыш саламен экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 31%-дан астамы айналысады. Президент тапсырмасына сәйкес ШОБ-тің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін арттыруды жалғастырып жатырмыз.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тегі өндіріс көлемі 720 млрд теңгеге дейін жетті. Мемлекеттің күшті қолдауының арқасында биыл облыста кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен 20 млрд теңге арзандатылған несиелер беріледі.  Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиені кеңейту үшін республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд теңге бөлінді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын кәсіпкерлікті дамытуға белсенді қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, - деп атап өтті өңір басшысы.

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамытуға басымдық беріледі. Былтыр бюджеттен тыс қаражаттың есебінен құны 29 млрд теңге болатын 73 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 28 млрд теңгеге тағы 33 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың қатарында Теннис орталығының, Мұз сарайының, Жеңіл атлетикалық манеждің, ІТ орталықтың, «Аналарға тағзым» орталығының, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығының, ядролық медицина орталғының, Сheck-Up орталығының және т.б. құрылысы бар.

 - Біз сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жұмыстанып жатырмыз. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы негіздерінің бірі болып табылады. Осы мақсатта өткен аптада Ақтөбеде әлеуметтік кәсіпкерліктің бірінші халықаралық форумы өткізілді, - деді облыс әкімі.

Тимур Құлыбаев өз кезегінде ақтөбелік бизнесмендердің жоғары әлеуметтік жауапкершілігі мен жергілікті биліктердің іскерлік ахуалды жақсартудағы жұмыстарын атап өтті.

- Кешеден бері Бердібек Мәшбекұлымен бірге кәсіпкерлердің қолдауымен салынған бірнеше нысанды қарап шықтық. Көбісі мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынған, кәсіпкерлердің өздерінің бастамасымен жүзеге асырылған жобалар да бар. Әрине, мұның бәрі өңірдегі бизнес ахуалдың орасан зор еңбегі. Барлық бизнесмендердің атынан облыс басшылығына осындай үлкен қолдау мен өзара қарым-қатынастары үшін алғысымды білдіргім келеді. Бизнес пен үкімет арасындағы диалог – «Атамекеннің» алғашқы жұмыс күнінен бастау алған міндеті,- деп атап өтті Тимур Құлыбаев.  

Бизнесті дамыту мәселелері бойынша үлкен жұмыстар ауылдық жерлерде жүргізілді. 2017 жылы Ақтөбе облысы "Бастау" жобасын жүзеге асырудан пилоттық аймақ атанды. 1125 жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары бизнес негіздеріне оқытылды. Осы жылы қамту екі есеге ұлғайтылады. Атап өтейік, биыл "Өнімды еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасын Ақтөбе облысында іске асыруға 4,9 млрд теңге қарастырылған.

Өңір басшысы сондай-ақ, облыстың кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсетуге, әкімшілік кедергілерді қысқартуға назар аударатынын атап өтті.

Атап айтқанда, проблемалық сұрақтарды анықтап, оларды шешу үшін жұмыс тобы құрылды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша әртүрлі деңгейдегі 32 әкімшілік кедергілер анықталып, оның 17-сі оң шешілді, қалғандары бойынша республикалық деңгейде жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы 15 проблемалық мәселе анықталып, соның ішінде 10-ы оң шешімін тапты. Одан басқа бизнестің субъектілерін тексеруді синхрондау үшін 2018 жылдың бірінші жарты жылдығына бірлескен тексеру жоспары бекітілді.

Тимур Құлыбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Есет батыр атындағы мектеп-интернаты, "Олимп" хоккей модулі, "Өнер орталығы", шығармашылық академиясы, офтальмологиялық емхана, Жекпе-жек сарайы секілді бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың қызметімен танысты, «Қазақ халқына мың алғыс" стеласын, "Жұбановтар әлемі" музей-үйін, салынып жатқан "Аналарға тағзым" орталығын, жедел жәрдем бекеті мен тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын қарап шықты.

Темір Құсайын, 

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы