Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Ақтөбе облысындағы мектептер мен ауруханаларға 2700-ден аса компьютер сатып алынады

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Ақтөбе облысындағы мектептер мен ауруханаларға 2700-ден аса компьютер сатып алынады

Жиын кезінде білім беру және медицина салаларына цифрлық технологияны енгізу сұрақтары егжей-тегжейлі қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мәлімдегендей, бірінші кезеңде жоспарланған барлық 32 медицина мекемесіне ақпараттық жүйе енгізілген. Ол дәрігер, басшы мен емделуші үшін стандарттар мен мәліметтер қорының бірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласын әрі қарай цифрландыру мақсатында «Даму Мед» мобильді қосымшасын, қабылдауға электронды түрде жазылу және дәрігерді үйге шақыру қызметтерін кеңінен дамыту жалғасуда. Бұдан басқа, облыс халқының 20% -ның немесе 169 мыңға жуығының денсаулықтың электронды төлқұжаты толтырылды.

Облыс мектептерінің шамамен жартысынан астамы немесе 46 пайызы «Күнделік кз» электронды журнал мен күнделік жүйесіне қосылған.

Сонымен қатар Ербол Нұрғалиев биылғы жылы мектептерді одан әрі компьютерлендіру үшін 1700, медициналық мекемелерге 1056 компьютерлер сатып алынғанын хабарлады.

Жүйе қағаз құжат айналымының көлемін азайтып, мұғалімдердің уақытын үнемдеп және ата-аналарға оқу қызметінің ашықтығын арттырады. Оқу үлгерімі және қатысымы туралы барлық ақпарат онлайн түрінде қолжетімді.Жиынға қатысушылар білім беру мекемелерінің жоғары жылдамдықты интернетке қол жетімділігі мәселесіне баса назар аударды.

Жыл соңына дейін аймақтың 60 пайыз мектебін секундына 12-16 Мбит жылдамдықпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Облыс әкімі тағы да «Цифрлық Қазақстан» аясында енгізілген барлық ақпараттық жүйелерді толық интеграциялау қажеттігіне назар аударды.

-Соңғы екі айда облыс көлемінде цифрландыру қарқыны бәсеңдеп кетті.Алдында жоспарланған индикаторлар жетістігі бойынша толықтай бақылауға алып белсенділігін арттыру қажет, -деді облыс әкімі жиынды қорытындылай келе.

Темір Құсайын, 

«Егемен Қазақстан»

Астана