Әдебиет • 21 Мамыр, 2018

Нәсір көкемнің өкпесі (әңгіме)

1053 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана-а-ау қоңыр таудың ете­гін­дегі қызыл шатырлы үйді бай­қа­дыңыз ба? Жан-жағын жасыл да­рақ көмкеріп тұр ғой. Әне, сол – біздің Нәсір көкемнің үйі. Алда-жалда арқасын жарқабаққа сүй­еп, төмендегі ауылға қасқая қа­рап отырған балуан денелі кі­сі­ні тау жақта көре қалсаңыз, ота­ға­сы­н­ың тап өзі екеніне еш күмән кел­ті­р­меңіз.

Нәсір көкемнің өкпесі (әңгіме)

Рас, кейде ол ойда жоқ жерден аяғын балпаң-балпаң басып, қа­лың тоғайдың арасынан аю си­яқты қорбаңдап шыға келуі де мүм­кін. Ондайда жоғалған малын із­деп жүрген талай жанның зәресі ұшып, ат тізгініне ие бола алмай, ба­сы ауған жаққа безе жөнелгенін ба­ла күнімізден естіп-біліп келе жа­тырмыз.

Бәрін айт та, бірін айт, нар тұл­ғалы Нәсір көкем өз шаруасына мы­ғым, ыждағатты әрі қолы ашық, жомарт кісі ғой.

Қай кезде іздеп барсаң да кө­кейі­ндегі ойын жасырмай, нақы­ш­ы­на келтіріп, асықпай, баппен айтады. Ел тарихын, жер та­ри­хын жақсы біледі. Ә дегенде есте жоқ, ескі заманалардан бас­тал­ған сияқты көрінетін со бір қы­зықты әңгімелердің әне-міне де­ген­­ше бүгінгі күннің өзекті мә­се­ле­лерімен қалай ұштасып, қалай жал­ғасып кеткенін тіпті байқамай да қаласыз.

Бір қызығы, Нәсір көкемнің ешкімге өкпесі жоқ.  Өзі өмір сүріп жатқан қоғамды да, заманды да кінәламайды. Тіпті жыл сайын өсіп бара жатқан инфляция­ны ауыз­дықтай алмай отырған үкі­мет­ке де тиіспейді. Өз қызығы өзі­не молынан жететін болған соң, басқада шатағы жоқ адамдай шал­­қайып,  мамыражай кейіпте оты­рады.

– Ана-а-ау, төмендегі дүкеннен қант пен шай ғана сатып аламыз. Ал басқасы өз қорамыздан, өз бақ­шамыздан табылады, – дейді ол азық-түлік мәселесін құс жас­тық­та жантайып жатып-ақ оп-оңай ше­шіп тастаған сияқты көзі­ңіз­ді қызықтырып.

Расында да, бұл үйдің бау-бақ­ша­сы жаз бойы жайқалып тұрады. Же­міс ағаштары мәуесін көтере ал­май, жерге иіліп, отағасы секілді жан­тайып жатады. Ал бақшадағы қалың көкөніске құр әншейін қарап тұрып-ақ қарның қампиып, тойып қалғандай боласың. Әсіресе олардың биылғы еккен кәртөш­ке­сі­мен бүкіл ауылды бір жыл қина­л­-
май асырап шығуға болатынына кә­міл сенесің.

Нәсір көкемнің қолындағы малы да қоңды, қора-қопсысы да кең. Тау бөктерінде арқандаулы тұратын биелерінің түгі жылтырап, қос бүйірі шермиіп кетіпті. Олардың үстіне қонбақ болған итшыбын екеш итшыбынның өзі аяқ тірейтін бүдір таппай, қайта-қайта домалап түсіп қала береді.

– Әй, қызталақтар-ай! – деді бүгін Нәсір көкем төмендегі ауыл жаққа қарап отырып, мырс етіп күліп. – Әлі отыр... Көрдің бе?

– Кімді? – деймін мен көкем қараған жаққа қарай мойнымды созып.

– Ана-а-ау, ағайындарды айтамын да...

Ол ауылдың орта тұсындағы жуан қарағаштың түбінде жай­ғас­қан бір топ адамды нұсқады иегі­мен. Оның «ағайындар» деп отыр­ғаны негізінен өзінің қатар-құрбылары екенін жақсы білем ғой. Өйткені Бөжілдек көкем бас­та­ған оншақты кісі күнде жиналады сол жерде.

– Бағана-а, мен биені арқандауға шыққанда келіп еді, – дейді Нәсір көкем оларды жақтырмай жерге шырт түкіріп. – Құр әшейін мылжың сөзбен не бітіреді екен десейші?.. Әнеугүні: «Әй, қарап отырғанша, осылармен бір әжік-кү­жік әңгіме­ле­сіп, әзілдесіп қай­тайыншы» деп барсам, бәрі жа­былып биыл  ғана мектепке деректір боп келген жап-жас жі­гіт­ті жаманда-а-ап
отыр. Жыным ке­ліп, біреуінің жел­ке­сі­нен қойып жі­берейін деп оқталып тұр­дым да, құ­дай оңдап, сабыр сақ­та­дым-ай!.. Содан бері о жаққа аттап бас­пай­ым­. Одан гөрі арық тазалап, шөп шапқаным артық қой.

Біраз отырып, тандыр нанға сары май жағып жеп, бір-екі кесе қы­мыз ішіп, үйге қайттым. «Ал жақ­сы, аман болайық», деп шар­бақтың сыртында қол алысып тұр­ғанымызда,  Нәсір көкем тө­мен­дегі ауыл жаққа тағы да бір көз салып:

– Ойпыр-ай, аналар әлі отыр! – деді таңғалып. – Не деген бітпейтін сөз! Осы уаққа шейін талай-талай тір­лікті аяқтап тастауға болар еді-ау...

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»