Қазақстан • 22 Мамыр, 2018

Көктеректіктер ұстазын ұмытпайды

902 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында Көктерек деген керемет ауыл бар. Көктеректің керемет болатыны – ауылдың терең тарихы һәм сол тарихты тірнектеп жинап, көзінің қарашығындай аялап сақтап отырған азаматтары бар.

Көктеректіктер ұстазын ұмытпайды

Шағын ғана ауылдық округ орталығы болса да, мұн­дағы Көктерек тарихи-өл­ке­тану музейінің даңқы талай жерге жеткен. Бұл музейді тұңғыш жәдігерінен бастап құрып, өңірдегі ең танымал мәдени-демалыс, ғылыми-зерттеу орталығы етіп кеткен марқұм Төлеген Сейіткереев еді. Ауылдастары ол кісінің есі­мін айтпай «мұғалім» деп атайды. Өмір бойы қара­па­йым ауыл мектебінде ұс­таз­­­дық қызмет атқарған Төле­­ген Сейіткереев «мұ­ғалім» деген сөзді қатар­да­ғы маман­дық­тың, нан табар кәсіп­тің атауы емес, ха­лық­тың шы­найы жүрегінен шыға­тын зор мәртебелі атақ-дәреже­дей етіп кеткен. Өйт­кені «мұ­ғалім» деген атақ бұл ауылда кім-көрінгенге айтылмайды.

Расында, Көктерек ауы­лы­ның тарихы терең. Бір заманда Орал казачествосына қараған өлкеден ойып тұрып жер алып, қазақтарды орналастырған белгілі этнограф, ол кезде Ішкі ордадағы Қамыс-Самар қисымының әкімі Мұхамед-Салық Баба­­жанов деседі. Ал Құм На­рын­­нан жаңа қонысқа – Көк­терекке бет алған көш­тің ішінде болашақ әйгілі күйші – бала Құрманғазы Сағырбайұлы болыпты. Бұл тарихты бүгінде Көктерек ауылының еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жатқа айтады. Ол туралы деректер мен құжат көшірмелері ауыл музейінің де төрінде тұр.

Көктеректіктер мақтаныш ететін тағы бір тұлға – Сақып Ақбаев. Бұл кісінің өмір жолымен таныса келе ауылда «мұғалім» деген кәсіптің соншалық мәртебелі, ерекше құрметті болғанын ұққан­даймыз.

Сақып Дәулетұлы 1880 жылы 1 шілдеде Бөкей Ор­дасы, Қамыс-Самар қисы­мы­ның Төртпішен ауылында (қазіргі Қазталов ауданы Қарасу округі, Жұлдыз елді мекенінің маңы) дүниеге келген екен. Сақыптың әкесі Дәулеттің өзі де Ордадан орысша білім алған, Қамыс-Самарда геодезист болып қызмет еткен көзі ашық адам болған. 1868 жылы Мұхамед-Салық Бабажанов Торғайдан 7 бөл­­мелі үй салып мектеп аш­­қанда, мұғалімдікке осы Дәулет Ақбаевты шақы­рып­­ты. Осындай көзі ашық әке ұлын да жастай білімге баулы­ған. Он жасқа келген Сақыпты Ордадағы Жәңгір хан не­гізін салған екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Сақыппен бірге кімдер оқығанын білесіз бе? Қазақ Орталық атқару коми­тетінің тұңғыш төрағасы Сейіт­қали Меңдешев, 1911 жылы шыққан «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйрин, белгілі мұғалімдер, халық ағарту саласының қай­раткерлері Ғұмар және Нұғыман Залиевтер, Ахмет­фаиз Тажетдинов, қазақ әйел­дері арасынан шыққан бел­сенді Алма Оразбаева мен тұңғыш жоғары білімді инженер Мәдина Бегалиева, Азамат соғысының ерлері Би­сен Жәнекешев, Ғұсман Әзір­баев, ғалым Хамит Чурин сынды тұлғалардың әр­­қай­­сысы туралы бір-бір кі­тап жазуға болар еді...

Сақып училищені 1896 жылы бітіріп, елдегі стар­шын­­дық білім ордасы – Сары­көл ауылындағы Аяқ­қопа мектебінде алғаш­қы­лар­дың бірі болып бала оқыта бастаған. Темірболат Мақымов пен Өтебай Құс­панов жазған «Жәңгір мектебі – білім бастауы» атты кітапта Астра­хань губерния­сы халық учи­лищелерінің 1896 жылғы қызметкерлері тізімінде «оқытушы Са­қып Ақбаев пен молла Батыр­ғали Сарыкөлдегі 4-ші стар­шындық мектепте қызмет істейді» деп көрсетілген. 1897-1898 жылдары №3 болыстық Жорта мектебінде, 1898-1904 жылдары №2 болыстық Қашқар мектебінде сабақ берген Сақып Ақбаев 1904 жылдың 1 мамырынан бастап №1 болыстық Көктерек мектебіне ауысқан. Осы жерде табан аудармай 16 жыл қызмет етіп, Көктерек мектебінің құрылып, қалып­тасуына өлшеусіз үлес қосты.

Сақып ұстаз Көктерекке ауысарда, 1904 жылы Қазан қаласындағы оқытушылар семинариясында сынақ тапсырып, қазақ балаларына орыс тілінде сабақ бере­тін «бұратана бастауыш оқы­ту­шысы» деген құжат алған екен. Көктеректе 1904 жылы 1 мамырда ашылған мектептің ерекшелігі сонда.

Осы Көктерек ауылында өмір сүрген байырғы әдебиет­ші-ұстаз, марқұм Темірболат Жүнісов те С.Ақбаев туралы 1987-1990 жылдары Фурманов аудандық газе­тінде «Ұстаз туралы толғау», «Алғашқы мектеп және оның ұстазы» атты очерк­тер жазған. «Сақып Ақбаев – ұстаздардың ұстазы, ғасыр­дың басында өңірімізде тыңнан тартып жол салған, білім, өнер нұрын сепкен мектеп ашқан талай ұрпақ­тың өкілдерін баулып ұшыр­­ған, мектептің емес, елдің ұстазы атанған адам», Бұл өзі де ұстаздық етіп, ел­дің алғысына бөленген Темір­болат ағайдың өз ұстазына берген шынайы бағасы.

Сақып Ақбаевтың ұстаз­дың еңбек өтілі 58 жыл 7 ай екен! Осының 42 жылы Көк­терек ауылының балалары­на арналған. 1949 жылы 1 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Кеңесі ұс­тазды сол кездің ең биік наг­ра­дасы – «Ленин» ор­дені­­­мен марапаттаса, 1955 жы­лы қыркүйекте «Қазақ КСР-і­нің еңбек сіңірген мек­теп мұ­ға­лімі» құрметті ата­ғын алыпты. 76 жасына де­йін мек­­теп­те қызмет етіп, шәкірт­те­ріне білімі мен өнегесін сіңірді.

Ауыл мектебін аяғына нық тұрғызып, абыройға бөлеген ұстазды көктеректіктер де ерекше қадірлейді. Сақып Ақбаев негізін қалаған және 42 жыл еңбек еткен мектепке ұстаздың есімін беру туралы ауыл тұрғындарының өтініші талай жылдан бері айтылып келеді. Аудандық, облыстық мә­слихат сессияларында тал­қы­ланып, бірауыздан ма­құл­данған шешімді облыс бас­шысы қаулымен бекіткен. Көк­теректіктер түпкілікті ше­­шімд­і Үкіметтен күтіп отыр.

– Бұйырса, келер жылы Көктерек мектебінің ашылға­нына 115 жыл толады. Біз ауыл­дағы білім ордасына ең­бегі әбден сіңген Сақып Ақ­баев­тың есімі берілетін күн­ді асыға күтіп жүрміз. 2017 жылы Батыс Қазақстан облыстық ономастика комиссиясы Сақып Ақбаевтың Көктерек мектебіне сіңірген еңбегі туралы нақты құжат көшірмелерін сұратқан еді. Алматы архивтерінен барлық құжат алынды. Енді ел тілегі­не іркіліс бола қоймас, – дей­ді көктеректік ардагер ұстаз Теміржан Қажығалиев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы