Үкімет • 22 Мамыр, 2018

АШМ: Егіс науқаны барлық өңірлерде кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр

308 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев көктемгі егін жұмыстарын жүргізу барысы туралы баяндады.

АШМ: Егіс науқаны барлық өңірлерде кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр

Алдын ала деректер бойынша биыл жалпы егістік алқабы 21,8 млн гектарды құрамақ, бұл іс жүзінде өткен жылғы деңгеймен шамалас.

Дәнді дақылдарды 14,7 млн гектарға, оның ішінде бидайды — 11,4 млн гектарға себу жоспарланған, бұл 2017 жылғыдан 544 мың гектарға аз. Бұл ретте жемшөп дақылдары осы көлемге көбейетін болады, жемдік дәнді дақылдар 2,5 млн гектарға себіледі, бұл өткен жылғыдан 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдар 2,6 млн гектарды құрайды. Картоп алқабы да оң өсу динамикасын көрсетіп, 210 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 15% артық.

«Қазіргі таңда көктемгі егіс барлық жерде толық қарқынмен жүріп жатыр. 21 мамырдағы жағдай бойынша жаздық дәнді дақылдар жоспарланған алқаптың 31%-ке, майлы дақылдар – 50%-ке, көкөніс-бақша  дақылдары – 77%-ке, картоп – 55%-ке егілді. Қант қызылшасы мен мақта егу жұмыстары аяқталды», — деді Арман Евниев.

Дегемен оның айтуынша, ауа райының салқындығынан және топырақтың кеш қызуына байланысты егіс жұмыстарының қарқыны өткен жылдағыдан біршама төмен деңгейде орындалып жатыр. Осыған байланысты егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін техниканы жоғарғы өнімділікпен пайдалануды қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі биылғы астық өніміне 2,6 млн тонна тұқым дайындалғанын атап өтті.

«Биыл шаруалар көктемде тұқым шаруашылығынан/тұқым сатушыдан І репродукциялы тұқымды немесе элиталық тұқымды ең төменгі норма бойынша тегін алуды көздейтін тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі іске асырылатын болады. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы элиталық тұқым шаруашылығына,  тұқым шаруашылығына немесе тұқым сатушыға босатылған тұқымның толық құнынын норма бойынша өтейді», — деді А. Евниев. 

Бұл ретте АШТӨ күзде егінді жинап болғаннан кейін Тұқым шаруашылығын дамыту қорына тұқым құнының 30% қайтаратын болады, қор қайтарылған қаражатты жинақтайды және оны аттестатталған тұқым өндірушілер үшін төменгі пайыздық мөлшерлемемен (1-2%) негізгі құралдарды (техника мен жабдық) сатып алу мен жаңартуды қаржыландыруға бағыттайды. Бұл тетікті іске асыру 2021 жылға қарай ІІІ репродукциядан төмен емес тұқыммен жүз пайыз себуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Тұқым шаруашылығын субсидиялау қағидаларының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтуде.

Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету 2018 жылға шаруалар 446 мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары кезеңіне 270 мың тоннаға өтінім берді. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерде 17 млрд теңге қарастырылған. Биыл 16 мамырдағы жағдай бойынша шаруаларға 93 мың тонна тыңайтқыш немесе өтінім берілген көлемінен 21% жеткізілді.

Биылғы субсидияларды алуға өтінім беру және оларға төлем жүргізу электронды түрде жүзеге асырылады, яғни субсидиялау процесі толық автоматтандырылған. 16 мамырдағы жағдай бойынша субсидиялауға 7,4 млрд теңгеге 11,5 мың өтінім берілді.

Баяндамасын жалғастыра отырып, бірінші вице-министр көктемгі егін жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы туралы мәлімдеді.

«Республикада 142,6 мың трактор, 3,7 мың себу кешені, 82,5 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралдары бар. 15 мамырдағы жағдай бойынша, көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы 97%-ті, себу кешендерінің дайындығы 100%-ті, тұқым сепкіштердің дайындығы 100%-ті, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 100%-ті құрайды», — деп, А. Евниев статистикалық деректер келтіріп өтті. 

Биыл шаруалардың көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынына қажеттілігі 375 мың тоннаны құрады.

Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл ақпан–маусым айларында Өңірлерге дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді.

Энергетика министрлігі сәуір–мамыр айларына МӨЗ шығару бағасын литріне 134 теңгеден (тоннасы 161 мың теңге) белгіледі, бұл ретте операторлардың жеткізу шығынын ескере отырып, өңірлердегі орташа баға литріне 150 теңгені құрайды, бұл нарықтағы бағадан (ЖҚС-да литріне 165 теңге) 9%-ке арзан.

Қорытындылай келе, А. Евниев осы жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша, кестеге сәйкес мамыр айына 117 мың тонна жоспарланғанын, оның 101 мың тоннасына (87%) келісім-шарт жасалғанын, 73 мың тоннасы (63%) төленіп, 50 мың тоннасы (43%) тиеп жөнелтілгенін атап өтті.

Өңірлерде көктемгі егін жұмыстарын жүргізу барысы туралы Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев егін егу науқаны барлық өңірлерде кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ө. Шөкеев облыс әкімдері көктемгі егістікті уақытылы аяқтау үшін барлық күш-жігерлерін жұмсау керектігін айтып өтті.