Футбол • 23 Мамыр, 2018

«Интер» Чемпиондар лигасына қайта оралды

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Араға 6 жыл салып «Интер» Чемпиондар лигасына қайта оралды. Кезінде атағы дүркіреген, тарихы терең ұжым кәрі құрлықтың ірі додасына жолдама алды. Үлкен дағдарысты бастан өткерген италиялық клуб алпауыттардың апшысын қуырамыз деп отыр. 

«Интер» Чемпиондар лигасына қайта оралды

Негізі чемпионатты тамаша бастаған «Интер» белортаға келгенде тұралап қалды. Керек емес жерде ұпай жоғалтып, аутсайдерлермен тең ойнап, әбден берекесі қашты. Бірақ бас бапкер Лучано Спалетти жағдайды қалпына келтірді. 37-турда «Интер» өз алаңында «Сассуолоға» жеңіліп, жағдайды ушықтырып алды. Тіпті көптеген фанаттар келер жылы Еуропа лигасында ойнайтын болдық деп көңілдері түсіп те кетті. Бірақ...

Бірақ негізгі бәсекелес «Ла­цио» күтпеген жерден опық жеді. «А» сериясындағы орнынан айы­рылып қалған аутсайдер «Кра­тонемен» 2:2 тең түсіп, 2 ұпайға зәру болып қалды. Миландық клубтың үміт оты қайта жанды. Күнтізбенің де кестесі алдын ала болжанып жасалғандай, соңғы турда «Интер» мен «Ла­цио» кездесетін болды. Рим ко­ман­дасы өз алаңында жеңіліп қал­май, тең түскеннің өзін­де үздік төрттіктен түспейтін. Тіпті, ойын­ның 9-минутында гол соғып, есепте алға шықты. Жиыр­ма минуттан соң Дамброзио таразы басын теңестіріп тастады. Дегенмен, Андерсонның голынан соң алаң иелері қайтадан жеңіп жатты. Аргентина құрамасынан орын ала алмай жүрген Мауро Икарди пенальтиден гол соғып, есепті қайта теңестірді. 79-минутта Сенад Лулич қызыл қағаз алып, «Лационы» жар шетіне тақады. Жығылғанға жұдырық болғандай 81-минутта Матиас Весино бұрыштамадан гол соғып, «Интерге» жеңіс сыйлады. Осы голдың арқасында қос команданың ұпайы теңесіп, жеке ойындар көрсеткіші бо­йынша «Интер» 4-орынға шықты. Себебі «Интердің» алаңында өткен алғашқы айналымның ойыны 0:0 аяқталып еді. 

Осындай драмаға толы матч «Интер» фанаттарының еңсесін көтеріп тастады. Араға алты жыл салып «Интер» Чемпиондар лигасына қайта оралды. Сонымен қатар Италияның тағы бір даңқты клубы «Парма» «А» сериясына өтті. Олар осыдан 

3 жыл бұрын банкрот болып, «Д» сериясына түсіп қалған болатын. Дағдарыстан жол тапқан «Парма» қытайлық инвестордың арқасында қайта көтерілді. Клубтың вице-президенті Эрнан Креспо келесі жылға жойқын жос­парлар құрып отыр. 

«Парма» демекші, осы клуб­тың сапында аты шыққан Джан­луиджи Буффон соңғы турда «Ювентуспен» қош айтысып, стадионға жиналған қалың кө­рер­меннің жүрегін елжіретті. «Ве­ронамен» өткен матч­тың 63-ми­нутында Буффон алаң­дағы орнын әріптесіне босатып беріп, енді «Ювентус» қақпа­сының кілті менде емес дегенді білдірді. Туриндік жанкүйерлер аты аңызға айналған қақпашыны тік тұрып шы­ға­рып салды. Ита­лиялық жур­налистердің жа­зуына қарасақ, көз жасына ерік беріп, Буффонмен бірге жы­ла­ған жанкүйерде есеп бол­мапты.

Айтпақшы дәл осындай оқи­ғаға шамалас жағдай Испания Ла-лигасында да орын алды. «Барселона» – «Реал Сосьедад» арасындағы ойынның 82-минутында Андреас Иньеста алаңдағы орнын Пако Алькасерге босатып берді. Атақты жартылай қор­ғау­шы «Барселона» сапын­дағы соң­ғы ойынын өткізді. «Ноу Камп» трибуналары да Ан­дреасты қи­мас­тықпен шыға­рып салды. Ай­та кетейік, Иньес­таның соңғы мат­чына Араб түбегінде жүрген жан-жолдасы Хави де келіп тамаша­лады. Әлем футболының тари­хында Хави мен Иньеста тан­демі алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Пиреней түбегінің «мен» деген баспасөзі бұл екеуі­нің «Барселонамен» қош айтыс­қа­нын Испан футболының бір дәуі­рі аяқталғанымен теңдестіріпті. 

Жақында ғана Еуропа лигасын жеңген Фернандо Торрес те футболмен қоштасып, «Ат­ле­тико» жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Алғыр шабуылшының қош­тасуы да біршама жанкүйер­дің көңілін босатып кетті.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»