Білім • 23 Мамыр, 2018

Қостанайдың кей аудандарында түлектердің ҰБТ-ға қатысуы 50 пайыздан аспайды

444 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысы бойынша мектеп бітіретін түлектердің 68,3 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш біл­дір­ді. Бұл өткен жылдан 15 па­йызға жоғары болса да, көңіл тол­­тыратын көрсеткіш емес. Мек­­­тептердегі білім сапасының дең­гейін байқауға түлектердің ҰБТ-ға қатысу пайызы-ақ кепіл болатын секілді. Мектепте ал­ғыр, жақсы оқыған түлек кол­леджді емес, жоғары оқу орнына түсуді қалайтыны кімге де бол­­са белгілі жайт. Облыстық бі­лім  басқармасының кеңейтіл­ген алқа мәжілісінде шалғай жат­­қан  Меңдіғара, Қарасу, Де­нисов, Ұзынкөл аудандарында  түлектердің ҰБТ-ға қатысуы 50 пайыздан аспайды, тіпті Таран ауданында ол 40 пайыз ғана екені айтыл­ды. 

Қостанайдың кей аудандарында түлектердің ҰБТ-ға қатысуы 50 пайыздан аспайды

Облыс қалаларындағы  мектептерде түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу деңгейі ауыл бала­ларына қара­ғанда әлдеқайда жо­ғары. Өйткені ауыл мектебіндегі білімнің деңгейі қа­лай болғанда да қаладағы білім ошақ­тарынан төмен. Ол ҰБТ-ға қатысу пайызының көр­сет­кішіне де негіз болады. Демек, жыл сайынғы түлектердің ұлт­тық бір­ыңғай тестілеуге қатысу  пайызы мен  олар алған баға көрсеткішінен ауыл мектептеріндегі көптеген өзекті мәселенің төбесі қылтияды. Денисов ауданында мектепті биыл бітіріп  отырған 121 түлектің 70-і ҰБТ-ға қатысады. ҰБТ-ға қатыспайтын 51 түлектің 15-і жоғары білімді көрші елге барып оқуды мақсат еткен. Қалғаны колледждерге құжат тапсырмақ.

– Қанша дегенмен ауылды жерлерде әлеуметтік тұрмыстың төмендігі бүгінгі  мектеп оқушыларының білім деңгейіне әсер етпей қоймайды.  Аудан­­да  мәселелі 43 отбасы бар. Үй­де ата-ананың біреуі ішкілікке салын­ған немесе жұмыссыз. Сонымен қатар толық емес отбасында өсіп жат­қан балалардың тәрбиесі қиын бол­ғандықтан, сабағы да дұрыс болмайды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіс­кері Валерий Важничий.    

Ауылдық жерлердегі  мектептердің негізінен шағын жинақты болуы, баланың аздығы да білім сапасына  теріс әсер етеді. Денисов ауда­нындағы  27 мектептің үшеуі ғана тол­ық білім ошағы болып саналады. Бұл бір Денисов емес, өңірдегі барлық  аудан­ға тән көрініс.  Мысалы,Ұзынкөл ауданындағы 24 білім ошағының 4-і ғана толық жинақты, қалған  20-сы шағын жинақты мектептер. 

– Ауылдағы білім сапасының да, деңгейінің де төмендігі осы шағын жинақты мектептерде болып отыр. Оларда сағат саны тіпті аз, оған қандай білікті мұғалім барады? Кадрлар жетіспейді. Бұрынғыдай емес, қазір қос пәнді, мысалы, математика мен физиканы, сурет пен ән-күй пәнін, химия мен биологияны қатар беретін мұғалімдер дайындалмайды. Ауыл мектебінде химия пәнінің мұғалімі бос отырса да, оның биологиядан сабақ беруіне рұқсат жоқ, – дейді Ұзынкөл аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Дүзенова.  

Негізі мұғалімнің пәндерді қосақ­тап меңгеруі де лаждың жоқтығынан қолға алынған шараның бірі. Немесе қазіргі уақыт талабы тұрғысынан қа­ра­ған адамға  мұғалімнің математика-физика, химия-биология секілді негізгі пәндерді игеріп, оны оқушыға жеткізуі оңай шаруа емес. Мұғалім де адам баласы, оның да мектептен тыс тіршілігі, үй-жайы бар. Ет пен сүйектен жаралған адам соның барлығына қалай  үлгереді? Облыста бүгінде жас ұрпақты біліммен сусындатып отырған 514 білім ошағы бар, соның ішінде 351 мектеп шағын жинақты болып саналады. Яғни, осы мектептің барлығы да ауылдық жерлерде. Онда бүгінде 21 мың 74 бала оқиды. Бұл жалпы облыстағы мектеп оқушыларының төрттен бірі. Аз емес. Ал шағын жинақты мектептердің өзекті мәселесі тіпті көп.

Облыстық білім басқармасы бас­­шы­сының орынбасары Гүлнара Үкинаның бұл туралы алдағы күннен үміті үлкен.  

– Қазір ауылдарға кең жолақты интернет барып, цифрландыру ісі жүріп жатыр. Осының арқасында шағын жинақты мектептерде ресурстық орта­лықтар жақсы жұмыс істейтін болады,  білім сапасы көтеріледі, – дейді Г.Укина. Цифрландыру жалпы экономиканы, әлеуметтік саланы көте­ретініне күмән жоқ. Бірақ мектеп туралы сөз болғанда  кемеңгер ағар­тушы Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзінің қуаты қалай кете қояр екен? Қазір ауылдарда 20-25 бала, тіпті  5-6 бала оқитын мектептер бар. Әрине бұлар облыс картасынан ертең сызылып тастайтын ауылдарда орналасқан. Мемлекеттік бағдарлама бойынша барғанмен, мұндай ауылға мұғалім тұрақтамайды. Мұғалім ауы­са берген мектепте білім сапасы көте­рілмейтіні кімге болса да аян.

ҰБТ-ға түгел  қатыс­пауы­ның тағы бір себебі түлек­тердің көрші елдерге кетуі екені айтылып жүр.    

– Аудан бойынша 15 шақты түлек  іргедегі Ресейдің Қорған қа­ла­­сын­дағы жоғары  оқу орындарына құжат тапсырады. Ондағы жоғары оқу орындары түлектерді грант­пен, жатақханамен, қала ішін­дегі қо­ғам­дық көліктерде тегін жүру­мен, тіп­ті  Қостанай облысын­да тұра­тын ата-анасына  келіп-кету жолын төлеумен қамтамасыз етеді. Қор­ғандық жоғары оқу орындары біз­дің түлектердің білім деңгейінің жоғары­лығына да қызығатын көрінеді. Ең өкініштісі, сол  түлектердің елге қай­татыны бірлі-жарым ғана. Енді бізде де грант көп бөлініп жатыр. Осы жө­нінде түлектермен, ата-аналармен  әңгі­мелер өткіздік. ҰБТ тапсырмайтын   түлектер колледждерді қалап отыр, – дейді Ботагөз Дүзенова. 

Жангелдин ауданындағы Ы.Ал­тын­­­­са­рин мектебін биыл бітір­гелі ­отыр­ған Шерхан Есенбек те ҰБТ тап­сыр­­майтындардың қатарында. 

– Мен мектепті «жақсы» бағамен бітіргелі отырмын. Бірақ ҰБТ тапсыр­маймын. Арқалық қаласындағы медицина колледжіне құжат тапсырамын, фельдшер болғым келеді, – дейді Шер­хан.

Расында, ауылға білікті фельдшер де керек емес пе?  Ең бастысы, түлек уақыт талабынан қалып қоймаса, білімін жетілдіре берсе, білікті  фельдшер болып, туған жерге келсе  ұтыламыз ба?  Шерханның қатарластары, армандастары қай оқуды бітірсе де, туған жерді түлетсе еңбектің қайтқаны да сол болар еді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ