Білім • 23 Мамыр, 2018

Жаңартылған білім жүйесінің артықшы­лы­ғы неде?

1807 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлем үздіксіз дамып келе жатқан бүгінгі күні болашақ ұрпақты ескі білім беру жүйесімен оқытуға болмайтынын бәріміздің ішкі түйсігіміз сезетін. Бірақ қалай? Бұл сұраққа жауап та табылған секілді. 

Жаңартылған білім жүйесінің артықшы­лы­ғы неде?

Мен дәстүрлі оқыту жүйе­­сімен білім алған тү­лек­тің бірімін. Бүгінгі ел мақ­та­ныштарының барлығы сол жүйемен білім алған, ол жүйе олардың өмірден өз орнын табуына кедергі жасамады деп ойлаймын. Мен де мектепте жақсы оқыдым. Нашар білім алдым деп есептемеймін. Қа­зір­гі таңда математика пә­нінің мұғалімімін. Бі­рақ мен бұл мамандықты қа­лай таңдадым? Бір сәт өт­кен күнге шегініс жасап кө­рейік­ші. 2005 жыл. Арман қуған түлектерміз. Біз ҰБТ тапсырған екінші түлек болатынбыз. Қандай пән таң­дау керек деген сұраққа жауап іздеп көп толғандым. Ақы­ры мектептің дәлізінде жа­сақталған стендтен физика пәнін таңдау көптеген маман­дыққа сәйкес келетінін кө­ріп, физиканы таңдаған бола­тынмын. Мақсат ҰБТ-ны сәтті тапсыру ғана болды. Себебі алған білімім жақсы бол­ғанымен, жаңа өмірді бас­тауға дайын емес едім. Мен үшін болашақ бұлыңғыр болатын. Мамандықты сонан соң таңдармын деп шештім. Кейін ұстазымның ақылымен ма­тематиканы таңдадым.

Университетті бітіріп, мек­­­теп­те істеп жүріп, өмірден не күтетінін айқындай алма­ған мектеп түлектерінің ішін­де жалғыз болмағанымды көр­дім. Мектеп бітіріп жат­қан оқушылардың алға мақ­сат қоя алмайтыны мені ой­­ға қалдырды. Бұрынғы ата-бабамыз он үште отау иесі деген, ал бүгінгі қазақ 17 жасында да өмірге есейген көзбен қарай алмайды. Жа­ңартылған білім беру жүйесімен танысқаннан кейін мені мазалаған сұрақтың шешілетініне көзім жеткендей. Сөйтіп жаңартылған бағ­дар­лама бойынша оқыты­латын сыныптарға сабақ бере бастадым. 2014 жылы дең­гейлік курстан өткен маған бұл жүйе бойынша оқыту қиынға соқпады. «Алайда мате­матика пәнінің маманы ре­тінде бұл жүйе мүлдем біз­дің салаға келмейді» деген пікірде болатынмын. Жа­ңартылған білім беру маз­мұны бойынша біліктілікті арт­тыру курсына барып кел­ген соң жұмысқа ерекше құлшыныспен кірістім. Бұл жүйенің қыр-сырын мең­гергеннен кейін пікірім де өзгерді. Енді осы мақала ар­қы­лы қоғамда орын алған жа­ңартылған оқыту жүйесін тү­сініспеушіліктерге, кері пікір­лерге кішкентай болса да оң әсерімді тигізіп, көз­қарастарын жақсы бағытқа аударғым келді. Бұл жүйе біз­дің балаларымызды қиын­дықтан шығатын жол та­буға да, оны жеңуге де, түр­лі адамдармен қарым-қа­тынас орнатуға да, оларға не қажет екенін түсінуге де, ол үшін қандай қызмет атқару керектігіне бейімдейтініне де толықтай сенемін.

Жаңартылған оқыту жүйе­сінің артықшылығы көп деп ойлаймын. Оқушылар арасында сауалнама жүргізгенде бұл жүйенің ең бірінші артық­шылығы 5 күндік оқыту жүйесі деген еді. Кейбір ата-аналар мен оқушылар 5 күнде 7-8 сабақтан оқу ауыр емес пе де­ген пікір білдірді. Дамыған мем­лекеттердің оқу жүйесіне көз жүгіртсек, олардың тә­жірибесінде де бұл бар нәрсе. Әлем қарқынды дамып ке­ле жатқан кезеңде мұны қа­жеттілік деп санаймын.

Сонымен жаңартылған білім жүйесінің артықшы­лы­ғы неде?

Артықшылық – бағаның қо­йылмауы деп есептеймін. Бұл оқушының жаңа сабақты терең меңгеруіне көмектеседі. Осы ретте Р.Амоношвилидің «Оценки – костыли хромой педагогики» деген пікірі есіме түседі. Дегенмен бағаның қо­йылмауы оқушылардың оқуға ынтасына кері әсерін де тигізді. Баға алу үшін оқуға үйренген олар әрі қарай не үшін оқу керектігін түсінбей қалды. Жаңартылған оқыту жағдайында үй жұмысын орындағаны және жаңа са­бақты түсінгені тек қа­лып­­тастырушы бағамен ба­ға­­ланады және оқушылар бұл бағалаудың тоқсандық баға­сына әсер ете алатынын, қа­лып­тастырушы бағалау тапсырмалары бөлім бойынша бағалауда және тоқсандық бағалау жұмыстарын орын­дау­да маңызды екенін түсінді. Бұл жағдай баланың сабағын емес, бүкіл санасын өзгертеді деп ойлаймын. Балалар осылайша бағалану үшін емес, білімдерін қолдану үшін оқып, білім алуға тырысатын болады.

Жаңартылған оқыту жү­йесі туралы қарсы пікірді ата-аналардан ғана емес, бі­лім саласына тікелей қатысы бар адамдардан да естуге болады. Менің ойымша, әр маман бұл жүйенің артықшылығын жанымен түсінуі қажет. Мен де оқу жылының басында сондай пікірде болғанымды айттым. Себебі математиканы есеп шығара беру арқылы ғана ұғып, түсінуге болады деп ойладым. Ал сабақтың үстіндегі топқа бөлу, шаттық шеңбері, топтық жұмыстар тек өзі қыс­қарған аз уақытымды алады деп ойлағанмын. Әрине сабақта көңіл күйі жоқ, оқу­ға ынтасы жоқ оқушы еш­қашан еңбектенуге тырыс­пайтынын түсіне тұра уа­қытқа тіреліп қалатынмын. Екі апталық біліктілікті арттыру курсына барғанымда оқушылардың орнында болып, көзім ашылған секілді. Са­бақта біздің қолданып жүр­ген әдіс-тәсілдеріміз де, бүгінгі сабақтың формасы да өте дұрыс екеніне көзім жетті. Бүгінде бұл жүйе­нің­ дұрыстығына сендім, әріп­­тестерімді де сендіргім келеді. Ата-аналарға өткіз­ген сабақтың соңында бір ата-ананың пікірі маған үлкен түрткі болды. Ол: «Бұл жүйе мате­матикаға өте жақсы екен, бірақ ауызша сабақтарға мүл­дем келмейді», деді. Бірнеше ай бұрын осы пікірге қарама-қайшы пікірді білдірген едім. «Бұл жүйе – тек ауызша сабақ­тар үшін ғана тамаша. Ал математика, физика және химияны бұлай оқыту дұрыс емес. Бізге бұрынғы жүйе өте жақсы», дедім. Сөйтсем «бұл жүйе бізге емес, басқа пәндерге жақсы» деген ой өзге­лерге де келеді екен. Ме­нің түсінуіме ата-ананың пікі­рі әсер етті.

Ойымды аяқтай келе ата-аналарға білім жүйесіндегі жос­парды іске асыратын ұс­таз­дарға сеніңіз дегім келеді. Ұстаз – үздіксіз білім алатын жалғыз мамандық иесі. Сон­дықтан біз бұл жүйенің қыр-сырын меңгеріп, болашақ ұр­пақты күткен дәрежеге жеткізетінімізге уәде бер­гім келеді. Алдымызға бір мақ­сат қоя отырып, сол мақ­сатқа жету жолында­ шә­кірттердің жүрегіне жол та­уып, әрекеттендіре білу ше­бер­лігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары сыни тұрғыдан ойлана алатын болады. Мақаланың басында айтылғандай, «мен кім боламын, қандай пәнді таң­даймын?» деген сұрақ оларда болмайды. Себебі алған білімін өмірде қолдана бі­лу­ге үйреніп шығады. Жаңар­тылған бағдарлама бойынша білім алған түлектің арманы асқақ, ойы кемел, болашағы жарқын. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Сөзімнің соңын «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мек­­тебінің қандай негізде құ­рылуына барып тіреледі», деген А.Байтұрсыновтың сөзімен сабақтағым келеді. Жа­ңартылған білім жүйесін қолдаймын!

Әлия БАЙМУРЗИЕВА, 

Пугачев мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы,

Бөрлі ауданы