Өнер • 23 Мамыр, 2018

Астанада «Ұйғыр мұқамының сарыны» атты еске алу кеші өтті

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының Камералық залында КСРО  халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Құддыс Қожамияровтың 100 жылдық мерейтойына арналған  «Ұйғыр мұқамының сарыны» атты еске алу кеші өтті.  Салтанатты кеште Құддыс Қожамияровтың төл туындыларымен қатар, өнер иесінің шәкірттері – белгілі композиторлар: Балнұр Қыдырбек,  Хабибулла Сетеков, Серікжан Әбдінұров шығармалары орындалды. 

Астанада «Ұйғыр мұқамының сарыны» атты еске алу кеші өтті

Елімізге белгілі сазгер, педа­гог, қоғам қайраткері, кәсі­би ұйғыр музыкасының негізін қалаушы – Құддыс Қожа­мияр­­ұлының қазақ өнері мен мәдениетінің өркендеп, да­муына қосқан үлесі зор. Шығар­машылығын Қа­зақ радиосының көркемдік жетекшісі, Құрман­ғазы атындағы Алматы кон­серваториясының ректоры әрі профессоры, Композиторлар ода­ғы­ның төрағасы сынды жауап­ты қызметтермен қатар өрген қайраткер тұлғаның отандық музыканттардың біртұтас дәуірін тәрбиелеп шыққан ұстаздық жолы да өзіндік ұлағатымен тағылымды. 

– Таулар алыстаған сайын биіктейді. Осы бір ұлағатты сөз ­біздің ұлы ұстазымыз – Құд­дыс Қожамиярұлына қара­тылып айтылғандай. Әрине өзің­нің сүйікті профессорыңды, ұстазыңды күнде көріп, сәт сайын тілдесіп жүргенде қадірін де, бағасын да өз деңгейінде түсінбеуің мүмкін. Педагогтік қызметте де, шығармашылық пен басшылық жұмыстарда да үлкен қайраткерлік, тұлғалық мінез танытып, қазақ өнері мен мәдениеті үшін қаншалықты қыруар жұмыс атқарып кеткенін енді түсініп жатқандаймыз. Ол кісі біздің бойымызға шебер музыкант болумен қатар, жақсы адам болу тағылымын да қоса сіңірді. Әлі оң-солымызды танымаған, да­налығынан шалалығы басым бір-бір үйдің тентегін тәр­биелеп, өнерге ғашық ете білді. Сол мейірімінің, ұстаздық ұлаға­тының арқасында біз музыканы пір тұтып есейдік, жетілдік. Бүгінде жасаған әр жұмысымыз бен жеткен жетістігіміз кезінде баласынбай, бізге үлкен сенім арта білген ұстазымыздың, сүйікті профессорымыздың арқасы деп білемін. Құддыс Қожамиярұлы шәкірт тәрбиелеп, өзінің есімін музыка әлемінде өшпестей етіп қашап кетті. Әлі де жылдарға жылдар жалғасып, талай ғасыр алға жылжыр. Бірақ өлмейтін өнер мен есімін өшірмейтін шәкірттері барда ұстазымыздың қайраткерлік жолы мәңгілік  жасай беретініне сенемін», – деп Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, Құддыс Қожамияровтың шәкірті, белгілі композитор Балнұр Қыдырбек ұстазға деген сағынышқа толы лебізін толқып тұрып жеткізді. 

Өнер иесінің төл шәкірттері мен қазақ музыка өнерінің талантты тұлғалары қатысқан еске алу кешінде алғаш рет Құддыс Қожамияровтың туындылары – Ішекті аспаптар оркестріне арналған музыка ми минор, Виолончельге арналған концерт (жарық көрмеген шығармалар), «Бу Ахшам» әні (Б.Қыдырбектің өңдеуі), «Назугум» операсынан Назугум ариясы (камералық оркестрге арналған Х.Сетековтің өңдеуі) орындалды. Сондай-ақ Б.Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсынан Қалқаман ариясы, Х.Сетековтің «Скерцо» гобой мен оркестрге арналған концертінің бірінші бөлімі, С.Әбдінұровтың «Бәйдібек» сынды туындылары тыңдарман назарына ұсынылды. Мерейтойлық концертте опера труппасының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жан­ұзақ (сопрано), симфониялық оркестр музыканттары – халық­аралық байқаулардың лауреаттары Курванжан Ахатов (виолончель), Дамиля Махпирова (гобой) және тағы да басқа талантты өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрінің сүйемелдеуінде шыр­­қалған қазақ пен ұйғыр музыка жауһарларынан құралған үздік концерт көрермен көңілін әуезді әннің бесігінде тербеді. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»