Бокс • 24 Мамыр, 2018

Қазақстанның атақты боксшысы Жәнібек Әлімханұлы енді кәсіпқой рингке шығады

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның атақты боксшысы, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Жәнібек Әлімханұлын енді кәсіпқой рингтен көретін боламыз. Алматыда өткен ашық жаттығу барысында жоғарыда айтылған жаңалықты спортшының өз аузынан естідік. 

Қазақстанның атақты боксшысы Жәнібек Әлімханұлы енді кәсіпқой рингке шығады

Отандық спорт тарихында Жәнібектің өз орны бар екені еш дау туғызбаса керек. Бала кезінен белгілі боксшы, танымал бапкер Мұрат Сиқымбаевтың қол астында жаттыққан Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылының тумасы әуесқой рингте ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Алғаш рет ол қырағы мамандардың назарына 2012 жылы ілікті. Сол жылы Астанада өткен ел біріншілігінде 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 19 жастағы өрен барлық қарсыластарын жолынан ығыстырып, бас жүлдеге ие болды. 2013 жылы Амман мен Астанада ұйымдастырылған Азия және әлем чемпионаттарында топ жарып, 2014 жылы Инчхонда Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

 Биыл Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында сәтсіздікке ұшырғаннан соң Жәнібек Әлімханұлы біраз уақыт жанкүйер назарынан тыс қалған еді. Сол кездері «Ол үлкен спорттан түбегейлі қол үзді» немесе «Кәсіпқой боксқа кеткелі жатыр екен» деген сыңайда түрлі әңгімелер өрбіді. Сол сауалдарға спортшының өзі БАҚ өкілдері алдында ресми түрде жауап берді.  

Кәсіпқой рингте күш сынасуға түбегейлі бет бұрған Жетісудің өрені танымал менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отыруды құп көрген екен. АҚШ-та тұрып жатқан тегі литвалық азамат көптеген былғары қолғап шеберлерін өз қамқорлығына алып, бүгінгі таңда толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. Солардың қатарында Василий Ломаченко, Александр Усик, Сергей Ковалев, Александр Гвоздик және басқа шоқ жұлдыздар бар. Сонымен қатар 2017 жылдың ең үздік менеджері атанған маманмен Мадияр Әшкеев, Мейірім Нұрсұлтанов, Асхат Уәлиханов, Сағадат Рахманқұлов және Қанат Ислам сынды қазақстандық боксшылар жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы осы күнге дейін кәсіпқойлар арасында екі кездесу өткізіп үлгерді. Екі ретінде де ол жеңіске жетті. 2016 жылы қандасымыз Алматыда колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта ұрып жықса, былтыр Астанада бразилиялық Жильберто Перейру дос Сантосты ұпай санымен ұтты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ