Әдебиет • 24 Мамыр, 2018

Бөжілдектің гөй-гөйі (әңгіме)

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бөжілдектің гөй-гөйі (әңгіме)

Бөжілдек көкемнің... (құдай өзі кешірсін, шын атын ұмытыппын) мына өмірге, қоршаған ортаға, соның ішінде бізге деген өкпе-ренішінде шек жоқ. Алда-жалда ауылға бір ат ізін салып бара қалғанда, амандаса алмай кетсең, келесі жолы міндетті түрде:

– Естідім. Әнеугүні келіп кетіп­сің. Осы көкемнің қолын ап, сәлем бе­­рейін деуге жарамадың-ау? – деп торсаңдап тұрады.

– Ой, көке, кешіріңіз, өте асығыс боп...

– Әне, бізге келгенде сөйтесің. Өмірі қолың да тимейді, жолың да түс­­пейді. Кедей көке кімге керек де­сейші одан да!

Әрі қарай ақталып жатудың өзі артық.

Ал кейде, сәті түсіп, арнайы қо­­­лын алайын деп бара қалсаң... апыр-ай, қара аспанды төндіріп, жер жа­һан­ды суға алғызып бөжілдей жө­неледі. «Ел бүлінді, адам азды, мал азай­ды, көрші-қолаң шетінен күн­шіл, ұры...» Қойшы, әйтеуір, барлық пәле үйіліп-төгіліп, бір пәсте біздің ауыл­дың басына кеп төне қалады.

«Аш құлақтан, тыныш құлақ жақсы» деген. Бұдан кейін үндемей-ақ құтылуға асығасың.

Ес білгелі осы үйде бір қуаныш, үлкен той болыпты дегенді естіген емеспін. Құдай өзі Бөжілдек көкеме сай етіп қосқан Қарақыз шешем келін­дерімен сыйыспаған соң, балалары еншісін де алмай, жан-жаққа көшіп кеткен...

Міне, бүгін де Бөжілдек бөж-бөж етіп, қарағаштың түбіне жиналған бір топ кісінің ортасында қақсап-сарнап отыр.

– Ә-ә, келдің бе, бала? – деді ме­нің ұсынған қолымды самарқау ғана алып. –Үкіметте не жаңалық? Пен­сияны көбейтеміз дей ме?..

– Білмейм...

– Жағдай оңбай тұр десейші.

– Енді...

– Айтам ғой!..

Ал содан, басталды да кетті. Со баяғы таусылмайтын гөй-гөй. Қарап отырып шаршайсың. Жігерің құм болады. Төзімің таусылады. Ал содан соң, қолды бір-ақ сілтейсің...

Қайтып келе жатып осы көкемнің қайсыбір жылы ақша ауысқанда екі аяғы жерге тимей, бір түйіншек ақшасын қолтығына қысып алып, ауыстыратын жер таппай, күндіз-түні сабылғаны есіме түсті.

Сонда жұрт оған күліп еді-ау!

«Апыр-ай, әншейінде аузынан «жоқтан» басқа сөз шықпайтын Бө­жілдек бай екен ғой, білмей жү­ріппіз!» дескен.

Ал мен болсам, қазір де осы көкем­нің кедей екеніне біртүрлі сенбеймін.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»