Медицина • 24 Мамыр, 2018

Әлжанның әскери билеті (жәдігер)

648 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1972 жылы Германияның Мюнхен қаласында ХХ Олимпия ойындары өтті. Осы дүбірлі дода кезінде қазақ халқы үшін тарихтың жаңа парағы ашылды. 

Әлжанның әскери билеті (жәдігер)

Оқиғаны ашалап айтар болсақ, қазақ баласы Әлжан Жармұхамедов тарихта тұңғыш рет Олимптің биік шыңын бағындырды. Неге екенін қайдам, осы бір жағымды жаңалыққа дер кезінде аса мән берілмей, ұзақ уақыт көмескі күй кешті. Бұған басты себеп, тұңғыш Олимпиада чемпионының өмірбаяны, яғни туған топырағы әсер еткен сияқты. Яғни, Әлжан Мүсірбекұлы Өзбекстан жерінде дүниеге келгендіктен былайғы қауым оның ұлтын ала тақиялы ағайындарға теліп түсінген.

Бірақ ағамыздың ұлты қазақ екені айдай ақиқат. Оны мына суреттегі ағаның әскери билетінен-ақ көре аласыздар. Оның бер жағында қолымызға ілінген мына бір деректі де келтіре кеткен дұрыс болар. 1972 жылғы Олимпиада тарихында КСРО құрамасы 99 медаль (50 алтын, 27 күміс, 22 қола) жеңіп алып, өзінің байырғы бақталасы АҚШ-ты басып озды.

Жоғарыдағы Одақ спортшыларының зор жетістігін кеңестік идеология әуелі елдегі ұлттар татулығының һәм теңдігінің жемісі деп әлемге таныту үшін насихат жүргізді. Соның бірі 1972 жылы «Физкультура және спорт» журналының №12 санында «Маштабы спортивный географий» атта бас мақала жарияланып, онда Олимп шыңын бағындарған мықтылар жайлы және олардың ұлттық құрамы жайлы мәліметтер келтірілген. Осы деректе, алтын медаль алған қазақ ұлттын бір адам бар делінген. Бірақ аты айтылмайды. Ол Әлжаннан басқа кім болуы мүмкін.

Енді мұндағы әскери билеттің жайына тоқталайық. Жасы үлкендер жақсы біледі, Кеңес үкіметі құжатқа аса қырағы қараған. Алда-жалда өтірік орын алса, қателік жіберген адам басымен жауап беретін болған. Демек, Әлжан ағамыздың әскери билетіндегі «национальност» деген жерге «казах» деп жазылуы басты шындық.

Бұл құжатты алғаш көзімен көріп, оның көшірмесін жасатып, көпшілікке таныс қылған адам – журналист Талғат Батырхан. Тәкең 2005 жылы республикалық «Айқын» газетінің тапсырмасымен ақ қар, көк мұзда Әлжан ағасын іздеп, ат сабылтып Мәскеуге барады. Көзбе-көз отырып, ұзақ әңгімелеседі. Нәтижесінде, «Менің қазақ екенімді ұмытпасаңыздар екен» деген атпен тұңғыш чемпионмен жүргізген көлемді сұхбаты жарияланды.

Талғат Садықұлы айтады: «Әлжан көкемен әңгімелесіп отырып, бір реті келгенде «қазіргі қазақтар құжат болмаса, сөзге сенбейді Әлеке, өзіңіздің қазақ екеніңізді дәлелдейтін қолыңызда не бар?» деп сұрадым» дейді. Әлжан Мүсірбекұлы: «Қарағым, бұрынғы кеңестік паспортымда «ұлты қазақ» деген сөз бар еді, мына ресейлік құжатта ұлт жазылмайды, бірақ әскери билетімде ұлтым жазылған» деп мына суреттегі жәдігерді суырып шығарып көрсеткен екен.

Әлжан ағаның әскери билетін оң қолымен ұстап көрген журналист дереу өзі қызмет етіп жүрген «Айқын» газетінің электронды әдіресін жазып беріп, «билет көшірмесін осыған жібере қойыңыз!» дейді. Сөйтіп, құжаттың көшірмесі газет поштасына келген. Сол тұста басылымда жұмыс атқарып жүрген азаматтар редакция қоржынына түскен әскери билетті көріп қалып, оны әлеуметтік желі арқылы әлдеқашан жариялады да. Бірақ онда жәдігердің жарыққа шығу тарихы айтылмаған-тын.

Сөз орайы келгенде айта кетейік: суретті әскер билетте Әлжан ағаның туған жері «Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Табақсай ауылы» деп көрсетілген. Бір қызығы 2008 жылы Бейжің төрінде Олимпиада чемпионы атанған боксшы бауырымыз Бақыт Сәрсекбаевта дәл осы ауылдан, тіпті Әлжан ағаның қара шаңырағы мен Бақыттың әкесінің үйі бір көшенің бойында көрші қоныстанған.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»