Аймақтар • 24 Мамыр, 2018

Батыс Қазақстан облысында суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды

584 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылында белгілі суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды. 

Батыс Қазақстан облысында суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды

Мәскеудегі Луначарский атын­дағы мемлекеттік театр өне­рі институтында (ГИТИС) және Ленинград театр, музыка және кинематография институтында білім алған ерекше талантты өнер иесі Сәкен Ғұмаров дәл осы Жалпақтал ауылындағы халық театрында еңбек жолын бастаған екен. Сан қырлы өнері бар тұлға театр сахнасында да еңбек етті, Орал телестудиясында бас режиссер болды. Энциклопедиялық білімі бар талант иесі кеңестік цензураның қалыбына сыймай, көп теперіш көргені де рас.

Ерек­ше мәнерде, сәби стилінде салған суреттерін де көрермен тек КСРО күйреген соң мойындай бастаған екен. Алғашқы туындылары 50-жылдардың ортасында салынса да, Сәкен Ғұмаровтың тұңғыш жеке көрмесі 1990 жылы Киев қаласында өтіпті. Содан кейін ғана Мәскеу, Будапешт, Ал­маты қалаларында туындылары халық назарына ұсынылып, суретшілік даңқы шыға бастады. Өмір бойы тар пәтерде тұрып, шығар­машылық қарымын то­лық таныта алмаған қылқалам шеберіне Орал қаласында жеке шеберхана берілді. Бірақ суретші 1995 жылы 58 жасында өмірден өтті, шеберхана үйі Сәкен Ғұмаров мұражайына айналды.

Дүниетанымы терең, өмір­ге өзіндік көзқарасы бар Сә­кен Ғұмаров сөзге де шешен еді, қазақша, орысша өте шебер сөйлейтін, өлеңдері поэ­зия тар­ландарының өзін таңғал­ды­ратын. Қысқа ғұмырында КСРО Журналистер одағының, Қа­зақстан Суретшілер одағының мүшесі атанып, талай қырын мо­йындатып кетті. Оның кар­тиналарының тақырыбы да қы­зық: «Түркілер», «Бағзы заман түркілері», «Аспани әуез», «Бес­тиарий», «Қанағаттың ақ күні», «Ақ қаз», «Бастар мен де­не­лер» картиналары мен цикл­де­рі көрген жанды тылсым әлемге тартатын. Көркемсуреттің қа­зақстандық поставангардизм бағы­тының негізін салып кеткен сурет­шінің өнеріне куә болған адам­ның бей-жай қалатыны сирек.

Өмірден ерте кеткен Сәкен Ғұмаровтың өнерін насихаттау­да досы Мерғат Ахметов пен Виктор Киянский көп еңбек сіңір­генін айту керек. Сәкен Ғұма­ров атындағы қор құрып, сурет­шінің шығармашылығына арналған жинақтар шығарды. Жал­пақ­талдағы ерекше әсем ескерт­кіштің ашылуына да мұрын­дық болды. Суретшінің шашы дудырап отырған шабыт­ты шағын елімізге белгілі мүсінші Нұрлан Далбай жасаса, оның қаржысын техника ғылымдарының докторы, академик Талан Оразғалиев көтеріп алыпты. Жалпақтал мә­де­ниет үйінің алаңында қойыл­ған Сәкен Ғұмаров ескерткіші де әдеттегідей биік тұғырда, қол жетпес жерде емес, қадімгі сая­бақта тұратын орындықта «отыр». Кез келген адам суретші Сәкен­нің жанында отырып сыр­ла­суға, бірге суретке түсуге болатындай жасалған. Әдемі шешім, әсем бейне.

Жалпақталдағы суретші ес­керт­кіші салтанатпен ашылып, Сәкен Ғұмаровқа арнал­ған «Ғарыш мінезді адам» қысқа­метражды фильм көрсетілген соң, шаралар соңы «Сәкен Ғұма­ровтың жұлдызды ырғағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Жалпақтал Мәде­ниет үйінің фойесінде С.Ғұ­маров музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті оқушылардың «Әсем­дік әлеміне саяхат» атты көрмесі қойылды. Бұл Қазталов ауданында қазақ сурет өнерінің жұлдызы жарқыраған ерекше күн болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ