Кино • 24 Мамыр, 2018

Наталья Назарова, ГИТИС ұстазы: Дворцевой бізге оны алып келгенде, Самалды қабылдайтын орын болмаған

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ қызы Самал Еслямованың 71 халықаралық Канн кинофестивалінде «ең үздік әйел рөлі» аталымында жеңімпаз атануы – күллі Қазақстанға қуаныш сыйлады. Бұқаралық ақпарат құралдарында ол туралы ақпараттар мен материалдар легі де қаптады. Осы орайда Самалдың ұстазы, Наталья Назаровамен хабарласып, сұхбат құрдық. Театрда және бірнеше көркем фильмде ойнаған Назарова қазіргі кезде Ресейдегі ГИТИС-те тәлім береді. Самал жүлде алған күні Назарова Фейсбуктегі парақшасында алақайлап сүйінші сұраған.   

Наталья Назарова, ГИТИС ұстазы: Дворцевой бізге оны алып келгенде, Самалды қабылдайтын орын болмаған

- Сіз бірнеше жыл Самалдың ұстазы болдыңыз ғой, оның актерлік қабілетін қалай бағалайсыз?

– Самалдың өзіне тән нәзік сүйкімділігі бар. Және оның бойында ерекше актерлік қабілет бар. Ол сырт көзге байқала бермейді. Бірақ образға кіріп, рөлін ойнай бастаған сәтте сіз Самалды емес, нағыз кейіпкерді көресіз. Ол мүлде фальш жасай алмайды. Дворцевой жетістігі мен еңбегінің құпиясы – Самалдың табиғаты мен қабілетін дөп тани алуында жатыр.

- Самалмен алғаш рет қашан кездестіңіз және қандай әсерде қалдыңыз?

– Сергей бізге оны алып келіп, маман ретінде қарап көруімізді сұрады. Бірақ біз ол кезде курсты толықтай жинап қойғанбыз, сондықтан қосымша адам алу мүмкін емес еді. Ол өте сабырлы, салмақты болды. Мен біздің білікті режиссеріміз Евгений Каменьковичке өтініш жасап, Самалдың қабілетін байқап көруін сұрадым. Ол қыз сахнаға шықты да, Татьянаның хатын оқи жөнелді. Самалдың ол хатты нәзік иірімдермен тебірене, жүрекке жеткізе оқығаны соншалықты артқы тұстан «Мен оған үйленгім келеді» деген Фоменко театрының белді әртістерінің бірінің даусы естілді. Біз бұл жағдайға рахаттана күліп алдық. Содан кейін Каменькович «біздің Қазақстанмен арнайы келісіміміз бар. Ол елдің студенттері арнаулы квотамен оқиды. Тиісінше, ешқандай артық орын алмайды» деді. Осылайша, Самал біздің курсқа түсіп кетті.

- Фильмдегі әйел образының қазылар алқасын тәнті еткенінің себебі неде деп ойлайсыз?

– Әзірге «Айка» туындысын көріп шықпадым. Сол себепті, ешқандай пікір айта алмаспын.

– Сергей неге осы рөлге Самалды таңдады? Бұл тұрғыдағы сіздің жеке пікіріңіз қандай?

– Сергейдің бұл таңдауының себебі оның өзіне ғана аян деп ойлаймын. Дегенмен «Тюльпан» картинасынан кейін екеуінің шығармашылық бірлестігі дами түсті. Әрі Самалдың қабілеті, таланты режиссерге анық көрінді. «Тюльпаннан» кейін режиссер Самалда үлкен потенциал бар екенін айқын түсінсе керек.

- Канн халықаралық фестивалінде мұндай биікті бағындыру – үлкен жетістік. Талайлар армандап өтетін шың. Дәл осындай табыстан кейін Самалдың кәсіби карьерасы қалай өрбуі мүмкін?

– Мұндай жетістікке жеткеннен кейінгі әртістің тағдыры болжап болмайтын дүние. Әлдеқандай болжам айтып, бал ашу өте қиын. Қалай болған күнде де тек көптеген рөлдерді сәтті орындап, жұртшылыққа одан әрі таныла түседі деп үміттенемін. Біздің Самалмен қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Ол жаны жайсаң, керемет адам. Сабақты да аса мұқият, жоғарғы бағаға оқыды. Айтпақшы, ол өзін өжет мінезді актриса ретінде де көрсете алды. Батылдық, өжеттік адамға, оның ішінде актерге керек қасиет. Сондықтан оның жолы – даңғыл деп үлкен сеніммен айта аламын.

- Самал білім алған, өзіңіз қызмет ететін оқу ордасы туралы айта кетсеңіз?

– Самал бұл білім ордасында 2007-2011 жылдары оқып, тәлім алды. ГИТИС (Театр өнері мемлекеттік институты) – Ресейдегі ең үздік театр өнерін дәріптейтін, үйрететін жоғары оқу орындарының бірегейі. Қазіргі таңда елдегі үздік театр оқу орындарының төрттігіне кіреді. Ал Самал оқыған режиссура факультеті – тіпті аңызға айналған орта десе де болғандай. Аталған факультет қабырғасынан талай мықты актерлер мен режиссерлер түлеп ұшқан.

Мен «Тюльпан» фильмін өте қатты ұнаттым. Оған дейін Дворцевойды білмейтін едім. Бірінші фильмдегі Самалдың жұмысы менің көңіліме ғажайып әсер сыйлады. Оны ауызбен сипаттап жеткізе салу қиын. Жалпы, мен Сергейді біртуар режиссер деп есептеймін. Мен үшін ол – Ресейдегі нөмірі бірінші маман. Самалдың осындай шебердің қолына тап болуы да – үлкен бақыт. Дегенмен актердің өзі ынтасыз, қабілетсіз болса, режиссердің ойындағы дүниені алып шыға алмайды. Бұл жерде тандем мықты болып тұр. Самал – өте еңбекқор және шынайы талант. Бұл тұрғыда ол көптеген әртістерден көш ілгері алда тұр. Осы жетістіктен кейін оның рөлдердегі болмысы одан әрі ашыла түседі, жұлдызы жарқырай түседі деп сенемін. Өзім Самалдың ұстазы болғанымды мақтан етемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Абай Аймағамбет