Ерлан Рысқали: Қазіргі дәстүрлі әншілердің де «ат шаба алмас міні» бар

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалимен сұхбат. 

Егемен Қазақстан
25.05.2018 4083
2

– Қадірлі, Ереке! Біраз уа­қыт­­тан бері шетелде жүрге­ні­ңізді білеміз. Әңгімені содан бас­тасақ, о жаққа қалай бар­дыңыз, не істеп жүрсіз?

– Рақмет, жылға таяп қалды қазір. Англиядамын. Келіншегім «Болашақ» бағдарламасымен оқу­ға түскен. Содан отбасымыз­бен осында келдік. Менің арнайы оқуым да, жұмысым да жоқ, балаларды мектебіне апарамын да, күн сайын ағылшын тілі сабағына барамын. 

– Ағылшын тілін игеруге мықтап кіріскен екенсіз ғой...

– Иә, бұл бұрыннан ойда жүрген шаруа еді. Әсіресе қазақ­тың ұлттық болмысының жиын­тығындай классикалық әні мен күйінің айналасындағы адамға қазіргі уақытта ағылшын тілі өте қажет деп есептеймін. Қазір әлемде музыка саласы бойынша жыл сайын өтіп жататын әртүрлі ғылыми конференциялардан біз­дің ғалымдар шет қалып жа­та­ды. Себебі олардың дені ағылшын тілінде өтеді. Қатысқан күннің өзінде сөзін аударма арқылы жеткізуге мәжбүр болады. Өзің айтып, өзің ұққанға не жетсін. Қазір міне, аздап тіліміз сынып қалды, оған қоса тілге жүй­рік азаматтардың арқасында ағыл­шындармен дастарқандас болып, ән айтып, ән туралы әңгіме қоз­ғаймыз. Менің бір байқа­ға­ным, еуропалықтар музыканың әр жанрын тыңдаумен бірге оған өздерінің пікірлерін де біл­діреді. Жалпы, оларда компо­зитор ұғымы өте жоғары дең­гейде бағаланады екен. Бір өнер­танушы ғалымның «компо­зитор – ғаламшардың аспабы» деген анықтамасы бар екен. Сол сөзді бұ жақтан жиі естідім. Қа­зақ әнінің кеңдігіне, әуенінің терең­дігіне талай тәнті болып, оның дені далада туған дүниелер екенін естігенде, «мұндай музыканы арнайы музыкалық білім алмағандар қалай шығарған?» деп таңғалады.

– Өткенде Германияда бір қойылымды залда көріп отырып, сосын сахнаға шығып ән салғаныңыз туралы әлеуметтік желіден шет жағалап көріп қа­лып едік, соның егжей-тег­жейін айтыңызшы?

– Оның алдында мені Гер­ма­ниядағы қазақ қауымдас­ты­ғы шақырып, кездесу өткіз­ген еді. Сол сапарымда Ирина Мюл­лер деген неміс қызы І.Жан­сүгі­ровтің «Құлагер» поэма­сының желісі бойынша «Ақан серінің «Құлагер» әні» деген спектакль қойыпты. Ақан сері Сағынайдың асына келеді ғой, соны спектакльде «Маңмаңгер» әні арқы­лы көрсетіпті. Спектакльді көріп отырсам, ішінде менің «Маң­маңгерім» жүр. Қауым­дастық­тағы кісілер «бұл әнді орын­даған адам осы жерде отыр» дегенде, режиссер қатты қуа­нып, қойылым аяқтала бере, көп­шілікке хабарлады. Зал ду қол ша­палақтап ерекше ілтипат білдір­ді. Сол әнді жанды дауыс­пен тыңдағысы келетіндерін айтты. Мен көпшілік ортасынан сах­наға шығып, айтып бердім. Одан кейінгі қошемет тіпті ерекше болды. 

– Одан да басқа ән айттыңыз ба?

– Жоқ, «Маңмаңгерді» ғана айттым. Ертесінде режиссер Ирина қонаққа шақырып, біраз әңгімелестік. Оның әріптестері, музыкатанушылар бірден орнымнан тұрып ән айтқаныма тіпті таңғалыпты. Өйткені немістің әншілері ән айту үшін кемі үш сағат дайындалады екен. Ал менің «ән айт» дегенде бірден сахнаға шыға салуымды нағыз бабында жүретін әншіліктің биігі деп бағалаған. «Біздің қазақта ондай әншілер көп, домбырамен ән айтатындардың барлығы да сөйтеді» дедім Иринаға. 

– Жалпы, біздің әндер шетелге саяси сапарлар барысын­да ілесе барып, шала-шарпы айтылып қана жүргендей көрі­неді. Шын өнер ретінде арнайы концерттер, өзге де жолдармен кеңі­нен насихаттаса жақсы баға­ланады дейсіз ғой? 

– Қазір Еуропаны операмен, эстрадамен таңғалдыра ал­майсың. Ал біздің ұлттық өнер оларға әрі таңсық әрі олар шынымен де ерекше тәнті болатындай дәрежеде. Мәселе – ұсына білуде. Мысалы, концерт беріледі десек, ең бірінші онда нені айтып, нені қоятынын және аударма жағы қаншалықты сапалы болатынын қатты қадағалау керек. Оған апаратын әншілердің өзін іріктеу қажет. Өйткені олар бірінші кезекте сіздің әніңізге назар аударады, сосын әншінің дауысына, кәсібилігіне қатты көңіл бөледі. 

Мен өткенде бір мамандар­дан сұрадым, «біздің әннен сіз­дер қалай әсер аласыздар?» деп. Сонда олар домбыра мен дауыс­тың үйлесімділігіне қат­ты тәнті болғандарын айтты. Бір­де қатарынан төрт-бес әнімді тыңдаған ағылшын әйел: «Сіз домбыраны қағып бастағанда көз алдыма кең дала елестейді. Көзіңді жұмсаң қай жерде отыр­ғаныңды ұмытып кететіндей керемет әсерде болдым. Бұл адамға ерекше еркіндік сыйлайды», деді. Шынымен қанша байқап жүрмін, көбінесе көздерін жұмып алады екен. Кең далада өскен бізге таңсық емес шығар, көздері ғимараттарға қамалған жұртқа сол даланы елестетудің бір ерекше рақаты бар секілді. Содан біздің сонау XIX ғасырдағы ен далада еркін жүріп ән шығарып, күй тудырған композиторларымыз туралы қайта-қайта сұрап тамсанады. Бірінен-бірі биік Біржан сал, Ақан сері әндерінің көп қырлы, көркемдікке толы құпия құбылыстарын, оның адам жанына беретін өзгеше әсерін зерделегісі келетіндерін де тілге тиек еткендер болды. Өте тың, тосын, соны дүниені жолық­тыр­ғандағы әсерлерін толқы­ған көңілдерінен, қуанышты сөздерінен ұғып, өзің де осындай өнер тудырған жұрттың жұрнағын жалғап жүрген адам ретінде тебіренеді екенсің. Өнерімізді өзге жұрт бағаласа, ұлтымыздың да қадірі артып, мәртебесі биіктейді ғой.

– «Димаш құбылысы» қазаққа не береді? Кейбір балалар соған еліктеп кез келген жерде шың­ғырып ән салуға көшкен секілді... 

– Рас, Димаш жарты әлемді тамсандырды, эстрадалық бағыт­тағы музыканы кәсіби дең­гейге көтеріп тастады. Димаш­тың ке­ре­меттігі де осында. Ол да­уыс­тың қандай болу керек екен­дігін өлшем ретінде көрсетіп бер­­ді. Димаштың тағы бір артық­шы­лығы, біздің ұлттық әнде­рімізді эстрадаға салып шыр­қады. Қазір «Дайдидауды» Қытайда біраз адам айтады. Демек, Димаш қа­зақ әнінің түпнұсқасына қарай жол ашты. Өзге жұрттың қазақ әні­не келуі үшін, тыңдауы, айтуы үшін бір баспалдақ, бір қадам басты. 

– Қазір қазақтың класси­ка­лық әндерін өз білгенінше бұ­зып айту белең алып барады ғой, Димаш та «Дайдидауды» бұ­зып айтты емес пе. Бұған не айтасыз? 

– Димаш даусының мүмкін­дігін көрсету үшін әдейі, саналы түрде солай істеді. Димаш сонда да әуенін бұзған жоқ, арасына бір вокализдер қосты, ол дау­сының артықшылығын көр­сетті. Ал енді біздің не дауысы жоқ, не жұрттан өзге ерекше бір үні жоқ кейбір әншілер не үшін қазақы шапанға костюмнің жағасын қондырып жүр, соны түсінбеймін. Әніміз, күйіміз ұлттың алтын қоры, қазы­насы. Енді ол қазынамызға әркім өз білгенін істеп қол сала берсе, не қалады? 

– Дәстүрлі әншілердің ішін­де кейбір үндестік заңда­рын сақтамайтын, екі дауысты дыбыс қатар келгендегі ілге­рінді-кейінді ықпалдарды ескер­мей, аузын керіп тұрып екеуін де «сыйғызып» айтып жібере­тіндер көбейіпті. Бұл заңды­лық­тар консерваторияда сабақ ретінде оқытылмай ма сонда?

– Оқытылмайды. Жалпы, қазіргі дәстүрлі әншілердің де «ат шаба алмас міні» бар. Бізде білім саласында жүйесіздік өте көп. Әр оқытушы өз білгенін үйретеді. Ән­шіліктің ұңғыл-шұңғылын бі­ліп, қағыстың қыр-сырын үйре­тетін ұстаздар жоқтың қасы. Енді қанат қаққан әншілерге дайын «записьті» береді, ол ақсақалдыкі болуы мүмкін, не онша айта алмайтын әншінікі болуы мүмкін, тіпті бір жақсы әншінің сәтсіз орындалған әні болуы мүмкін. Шәкірт соны тыңдайды да, ана деңгейден аспайды. Бала өз жанынан бір нәрсе қосайын десе, оған «бұздың» деп ұрсады. Бәрін бір қалыпқа тықпалайды. Қа­лыптың да өз жөні бар. Мы­салы, Арқада көсіп, шертіп қа­ғатын, теріп тарту болса, Ал­тай, Тарбағатай әндеріне іліп тар­ту тән дегендей әр мектептің қалып­тасқан домбыра қағыстары бар. Оны көркемдеп, үкілеп, онан сайын құлпыртып, жетілдіруге болады, бірақ бірін-біріне қо­сып ботқа жасауға болмайды. Мен басқа мектептерді қоя тұ­райын, біздің Арқаның домбыра қағысы бұзылып барады қазір. Жү­сіпбек, Манарбек, Мәдениет пен Әміренің бәрінде бірдей де, кейінгі әншілерде осы бөлектеніп шыға келді. Біреу Жетісудың иірімдерін тығып жібереді, біреу Батыстан алған иірімдерді салады, сөйтіп Арқаның әні өзіне тән табиғатынан айныды. Негізі әр мектептің өз қағысы бар. Дауыс тоқтаған уақытта домбырамен іліп алып кететін тұстар да өзгеше келеді. Оның өзі әр мектептің ерекшеліктері ретінде өнерімізді байытып тұрған жоқ па? Әмірелер, Жүсіпбектер қалай салды, Жәнібектер солай қағып алды. Қайрат, Бекболат, Еркін ағаларымыз да солай. Әр өңірдің әнін өз қағысында дамытсаң, ол – жетістік. Ал кейінгілер иесі жоқ малдай ана мектептен бір ұрлап, мына мектептен бір ұр­лап әбден бүлдіріп барады. Қағыстың өзін ажыратпайды, ара-жігін ашпайды. Атты шідерлеп қойып би­шікпен осып қалғанда шаба алмай тапырақтап қалады ғой, сол сияқты тыпырлаған мазасыз қағыстар көп. Мықты ұстаз­дардың шәкірттеріне қара­саң олар мұндайды тәп-тәуір мең­гергенін байқайсың. Міне, осы жағына келгенде бізде бір жүйеге түскен әдістеме болуы керек. Ол жоқ қой. 

– Бұрынғы әншілер қалай үйреніп, қайтіп жалғастырды екен осы?

– Баяғыда дала мектебінде әдістеме болған. Әкем марқұм «Бала күнімізде ән айтатын әншілерді өнерге баулып жатқан ұстаздары ішіне ағаш тіретіп қойып айқайлатып жататын еді» деп айтып отырушы еді. Бұл дегеніңіз демді дұрыс алуды үйрететін әдіс. Сосын Абайдың өлеңі, Шәкәрім, Ақан серілердің ән сөздерінде де әншіге керекті әдістемелер жеткілікті. Былайша айтқанда ән айтудың барысын әннің өзіне салып жіберген ғой.

– Мысалы?

– Мысалы, Ақан серінің «Майдақоңыр» әніндегі «бозбала әнге салсаң қайғың кемір» дегені ән мен әншінің қарым-қатынасын сөз етіп тұр ғой. Адам ән салғанда оны тұтас тұла бойы сезініп, шыққан шер, аққан термен жеңілдеп қалуы керек екен. Абай атамыз «құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен?» дейді. «Ән басы алғашында келеді ащы, кел тыңда деп өзгеге болар басшы» деген өлеңінде әншіге де, тыңдаушыға да қатысты дүние­лер айтылып тұр. Алғашқы айқаймен елді елең еткізіп, «кел тыңда» дегеннен кейін, ол ән әрі қарай жорғадай бүлкілдеп жолға түсуі керек. Шәкәрім: «Ұйқасты, сипатты, ішкі сырлы жаныңды әнге қос, Сөзі – жан, әні – тән, жара­сымды келсе тыңдар оны дос» деп әншіге қарата сөйлейді. «Сөзді – жан, әнді – тән» деп әншіліктің мәйегі сөз екенін айтады. Сөздің, әуеннің қадірін біліп, жара­сымды етіп айтқанда үшінші адам оны тыңдайды дейді. Міне, мұның бәрі жатқан әдістеме емей не?! 

Консерваторияда дәстүрлі әншілерге опералық әншілер дауы­с қояды. Олар өздерінің жүйесін халық әніне әкеліп тықпалайды. Біздің дәстүрлі әншілер солар үйреткен жүйемен айтып жүреді де, «записьтегі» ақсақалдардың дауысын тың­дайды. Олардыкі мүлде бөлек. Сосын үйренушілер не анда емес, не мұнда емес, екі кеменің құйрығын ұстағандай күйде мәңгіріп қалады. Сөйтіп көп дәстүрлі әншілеріміз не қазақша дыбыс шығара алмайды, не еуропаша дыбыс шығара алмайды. «Ө» деген дыбысты «о» сияқты айтады. Таза «ө»-ні айта алмайтын әншілер көп. Қазаққа тән «ә», «ө», «ү» сияқты дыбыстар қазақ үніндегі ерекше айшықтар ғой, оны айта алмаған соң ол тыңдаушының бойындағы үнмен үндестік таба алмайды. Үн сіңіп кетуі керек. Міне, мұның бәрі қазақ дәстүрлі ән өнерінің кері кетіп бара жатқанының бел­гілері. Жас әншіге негізгі дауыс­ты сол саланың маманы қою керек. Ал дәстүрлі әншілердің көбінде дауыс қоятын деңгей жоқ. Әркім қиқалап жүріп өз дау­сын тауы­п алған. Жолын сақта­майды, тәжірибе де жоқ. Осы дүние біздің ән өнерімізді құлдыратып барады. 

– Өзіңіз осы өткелдерден қалай өттіңіз?

– Бізге де опера әншілері сабақ берді. Дауыс қоюдан Қа­нат Құлымжанов деген опера ән­шісі болды, негізі мен Бекен Жы­лысбаевтан сабақ алдым. Бекен аға Жүсекеңдердің замандасы ғой. Әрі өзі ескілігі сақталған арғы заманның адамы. Ол кісі «сен опера әншілеріне ұқсап айтпа, үніңді бұзба» деп әрбір дыбысыма ескерту жасап отыратын. «Мен сенің даусыңды қазақы қалпыңда қалдырғым келеді. Қазақының өзін тым жабайыландырмай шымырлатып, әдемілеп жеткізу керек» дегенді құлағыма құя берді. Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Санақ Әлеуов деген ағамыз да «опера әншілерінің же­тегінде жүріп кетпе, олардың ор­тақ дүниесі болады, керек емесі болады» деп ескертетін. Демалу, жақты ашу, жабу деген сияқты ортақ дүниесі, тіл мен таңдайды пайдалануда екі сала­ның ерек­шеліктері жіліктеп тұрып тү­сіндірді. Мен бұл айтқандарды өте жақсы түйсінуіме әкемнің де ықпалы аз емес дер едім. 

Жалпы, біреу білер, біреу білмес менің әкем мықты әнші болды. Ол кісі 1960 жылдары КСРО бойынша Ленинградта өткен көркемөнерпаздар жарысында «Дудар-айды» айтып бірінші орын алған. Өкінішке қарай, әкемнің даусы сақталмай қалды. 1998 жылға дейін ән айтып, кейін денсаулығына байланысты біржола қол үзді. Мұхтар Мағауин ағамыз мені көрген сайы­н «әкең ғажап әнші еді ғой, сен оның тобығына жетсең жарадың» дейді. Мен ол кісіні ұлы ретінде емес, әнші ретінде бағаласам, әкем Әміренің биігіндегі әнші болды дер едім. Мен консервато­рияны бітіріп келгенде «әнші­ліктің оқуын бітірдім деп отыр­сың ба, әншіліктің оқуы енді басталады» деген болатын әкем. Сол сөзі шын екен. 

Қазір азды-көпті білгенімді әдістеме ретінде жиыстырып жүр­ген жайым бар. Болашақта шағын кітап боп жарық көрер. «Әнші болам» деген адам өзіне керегін алса болады. Дыбыстың бұзылуында әріптерді қате айту, өз алдына тілдік нормаларды сақтамау да зиянын тигізуде. «Сахна тілі» деген сияқты сабақ­тар жоғары оқу орындарында жоқ. Үндестік заңын эстрада, опера, дәстүрлі әншілерге де үйрету керек. Оларға филологтар дыбысталуды үйретуі тиіс. Тіпті әншілердің барлығына әдебиетті оқыту керек. Әдебиетсіз ештеңе алға баспайды. Әрбір ақынның, жазушының, композитордың шығармаларын оқытып, талдат­қызу қажет. Үндестік заңын сақ­тамайтын адамдар бүгінде эфирден түспейді. Бұл үрдіс тұтас ұлттың болмысына сұғылып жатқан қанжар, қазынасына жа­са­лынып жатқан қастандық. Ха­лық соларға еліктеп қате сөйлей бас­тады. Бұл түсінгенге мемлекет болып қолға алатын үлкен жұмыс. 

– Бірінші білікті мамандар жасақтау керек шығар? 

– Қазір консерваторияң не, колледжің не, бағдарлама бірдей деуге болады. Енді консерватория деңгейі деген әлдеқайда жоғары болу керек қой. Колледждегі үш жылды консерваторияның бірінші курсында қорытындылау керек былайша айтқанда. Екінші курстан жаңа дүниелер айтылуы тиіс. Шәкірттер сүйекті, күрделі әндерді әбден кәсіби жетілген кезде барып шырқау керек. Қазір бірінші курста барады да, бірден Біржан салдың «Айтбайын» айтады. Ол өзін мықтымын, керемет айтып тұрмын деп ойлайды. Алайда мүлде олай емес. Оған оның біліктілігі жетпейді. «Айтбай» – дауыс әбден кемеліне жетіп, бабына келгенде, дауы­с қойылғанда айтылатын өте күрделі ән. Дауысы қалыптасып, тұрақтап үлгермеген жас бала әндегі жоғары нотаны аламын деп зорланғанда кеңірдекке қатты күш түседі де дауысы құриды. Ал демнің тірегі кеңірдекте емес, белде болады. Мысалы, ауыр жүкті көтергенде «әуф» деп демалғанда күш бірден белге түскені сезіледі ғой. Жоғары дауысты алғанда күш дәл солай белге түседі. Жоғары дыбысты алу – ол пәленбай тоннаны көтеріп тұрғанмен бірдей шаруа. Жоғары нотадағы дыбыс­ты кеңірдекке түсіру деген өте обал дүние. Арқаға салатын жүкті саусағыңмен көтерсең не болады, саусағың сынады ғой, сол секілді дауысы қойылмаған жас баланың бірден кеңірдегі қысылады, содан кейін желбезек қажалады. Дауыс сапасы жоғалады. Сөйтіп желбезек қажала келе тозады, әлгі «кеңірдегін жыртып айқайлап» деген сөз бар ғой, сол секілді бір күні кәдімгідей жыртылады. Дауыс­та қосалқы дыбыстар, сырыл пайда болады. Бұрынғы тұ­нықтық қалмайды. Сөйтіп дауысы кеңірдегіне түйілген мүгедек әншілер өріп жүр қазір. Оның себебі кемталант немесе дауысы жоқтықтан емес, әу баста бағыт-бағдардың дұрыс болмауынан. 

– Қазір тіпті дауыстар да бір­келкі секілденіп бара жат­қан­дай ма қалай? 

– Көп ұстаздар дауыспен жұмыс істей бермейді. Өз дау­сының бояуын сақтай алатын шәкірттер де аз. Мысалы, Қайрат ағаның шәкірті болса, түгел сол Қайрат ағаны көшіреді. Баяғы әншілерді неге бірден танимыз? Олардың өзінің үні болды. Жәнібек, Манарбек, Жүсіпбек бәрі бөлек-бөлек үнді әншілер еді. Қайрат, Бекболат, Еркін аға­лар да бөлек үнді. Ұстаз мық­ты болса ғана шәкіртін баули алады. Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов те мықты ұстаз болды. Мысалы, Бекболат аға да білікті ұстаз болды. Ол кісі тіпті эстрадаға бейімдерін, солай жіберді, шәкірттері өз-өздерін тауып, бір-біріне ұқсамайтын «мен» деген мықты әншілер шықты. Соның ішінде өзім де бармын. Бастапқыда Бекболат ағаға еліктеп айтқаным рас, кейін өз жолымды таптым.

– Жәнібек Кәрменовтің әншіге қоятын бірінші талабы әнді түсініп айту дейді ғой?

– Бізде сол талғамның тоз-тозы шығып тұр. Қазір қарапайым халықты былай қоя беріп, сол салада оқыған әнші, күйшінің өзі күйдің тілін ұға бермейді. Күй­дің тілі, әннің әуенін ұғу деген дүние бар ғой, мысалға Абы­лай заманында күйлер тек көңіл көтеру үшін тартылмаған. Бір нәрсені саралап ойлансын деп жұмбақтап, адамның өмірге деген көзқарасын өзгерту үшін, өзгеше ойлауға талпындыру үшін тартылады. Салмақты әуен, ұс­там­ды ұстын, байсалды болмыс, парасатты пайым. Біздің күй­лердің табиғаты негізінен сондай. «Сөзді ұқпаған бұл қазақ, күйді ұға ма, өзің айтшы, домбыра» деп Жұмекен ақын айт­қан­дай, күйді былай қойып әннің сө­зін түй­сінбейтін әншілер көп-ақ.

Мысалы, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін айтқанда көп әнші­лер, күлміңдеп, қуанып, жел­пініп тұрып айтады ғой. Ал шын­ды­ғында бұл әнді олай айтуға болмайды. Сөзін түсінсең, тіпті қабағың ашылмай қалуы мүмкін. Көп әншілер «сиса» дегенін тек мата деп ойлайды. Олай емес, бұл кезіндегі қоғамдық, әлеуметтік, тарихи жағдайлардан ақпарат беріп тұрған ән. Жаяу Мұсаның дәуірі – қазақ даласына қызылдар мен ақтар келіп қырқысып, ойы­на не келсе соны істеп, асыр са­лып жатқан уақыт. Оның үс­тіне Шорманның Мұстафасы, яғни Мұсаның інісі әншінің атын тартып алып, оны жаяу ел кездіріп жібереді. Бұл сондағы Мұсаның «ақ орыс сыйса, қызыл орыс сыйса, бұл жерге мен неге сыймаймын?» деген сөзі ғой. Осы сөзді мата деп ойласақ, әрі қарайғы сөздеріне де сәйкеспейді ғой. Ал өзін қуғындап, жаяу қалдырғанмен қоймай қашқын атағандарға Мұса: «көрер ем қашқындықтың күнің туса» деп зарланады ғой. Енді осы әнді өмірге риза болып, қоян көрген тазыдай қылмыңдап айтуға бола ма? Әннің қайырмасында сөз іштегі шерін ақтарып тұрып шығарып тастауға, тіпті айтарға сөз таппай кәдімгі ызаланғанда «ыи,ыи,ыи» деп тістенетініміз секілді «игигай, гиккай, гиккай, гиккай» деген одағай сөзбен жеткізеді ғой. Міне, әндегі неше түрлі эмоцияның бәрі осы одағай сөзге келіп байланады. Мәтіндегі осы одағай сөздердің маңызы өте жоғары. Оны да қалай болса солай айта беруге болмайды. Әр ән айтылғанда оның табиғаты, тіпті авторының характері де көрініп тұрса, шыңына жетіп шырқалды деген сол ғой.

– Сіз өзіңіз Қасым Аман­жолдың «Өзім туралы» деген әнін желдіртіп айтасыз. Ал Жәнібек Кәрменовті тыңдасаң мүлде басқа. «Қасымның өзі емес деп кім айта алсын» де­гендегі «қ» әрпінің екі жа­ғына да «ғ»-ға жақын ғырыл қосып қар­пып айтқанда жаның­ды кір­гізіп, Қасымның міне­зіне өзінің сүйінішін қосып жібер­гендей әсер береді.

– Оныңыз рас. Мен бұл әнді албырт, жас кезімде айттым. Сол айтуымда сондай жастықтың лебі аңқып тұр. Мұны сол кездегі жасымда айта қоятын ән емес екен. Айтасың ғой, бірақ арнайы жаздырмау керек еді. Жалпы, бұл ән ғана емес, жаңағы жұрт мақтаған «Маңмаңгердің» өзін ерте жаздырып қойыппын, әлі де пісе бермеген тұстары бар екен. Дәл осы кезде мен «Өзім туралыны» да, өзгесін де басқаша айтар едім.

– Шетте жүрсіз, өнерге, әсі­ресе әншіге ерекше бап керек. Тұрмыс жағдайыңыз қалай?

– Шүкір, жаман емес. Бұл жерде қазір бірден қызмет істеп ақша таба қоятын мүмкіндікте емеспіз ғой. Десе де елдегі азамат­тарға рақмет, өнерімді бағалап барынша қол ұшын беріп жүрген ағаларым бар. Әсіресе Сегіз сері бабамыздың ұрпақтары осында келіп емін-еркін білім алуыма өте көп мүмкіндіктер жасады. Қазақтың төл өнерінің төрге озуына қай жағынан болса да үлес қосып жүрген азаматтарға алғы­сым шексіз, амандық тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен 
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.10.2018

Нұрислам күміс алды

23.10.2018

Жекелей инвестиция тарту тапсырылды

23.10.2018

Ел чемпионатында Даяна Әбдірбекова жеңімпаз атанды

23.10.2018

Студенттерге медиацияны меңгеру маңызды

23.10.2018

Орталық Азиядағы инвестицияның 70%-і Қазақстанға тиесілі

23.10.2018

Буэнос-Айрестегі (Аргентина) үшінші жасөспірімдер Олимпиадасынан спортшыларымыз оралды

23.10.2018

АҚШ колледждерінің бірінде робот сабақ бере бастады

23.10.2018

Қарағанды – IT кеңістіктің бастау алаңы

23.10.2018

Аграрлық сектордың әлеуеті қайтсе артады?

23.10.2018

Ілбісті атқанға 5 миллион теңге айыппұл салынады

23.10.2018

Қазақстан қоржынында – 10 медаль

23.10.2018

Алматыда қонақ үйдің күзетшісін соққыға жыққан бұзақылар тұтқындалды

23.10.2018

Әдемінің әуенге толы суреттері

23.10.2018

Хәлің қалай, халық театры?

23.10.2018

Севильдік шаштараз шаш қимайды...

23.10.2018

Петропавлда сұйытылған газ жетіспейді

23.10.2018

Залесский: «Қазақ даласының өмірі»

23.10.2018

Жаңа құжат туризм секторына серпін бере ме?

23.10.2018

Жолдау-2018: Мамандар бастамаға қолдау көрсетуде

23.10.2018

Жолдауда айтылған өзекті мәселелер сөз болды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Tulǵalardy mansuqtaýda qandaı maqsat bar?

Elbasy Nursultan Nazarbaevtyń «Bola­shaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵ­darlamalyq maqalasy – halyq tarapynan úl­ken qoldaý tapqan, kópshiliktiń yqylasy zor bolǵan bastama. Baǵdarlamanyń arqasynda hal­qymyzdyń mol rýhanı murasy qaıta jańǵyryp, tarıhymyz túgendeldi. Osy jobanyń aıasynda tól ádebıetimiz ben mádenıetimizdiń shetelderde nasıhattalýy, sheteldiń túrli saladaǵy eń mazmundy kitaptarynyń aǵylshynshadan tikeleı qazaq­shaǵa aýdarylyp, qalyń oqyrmanǵa tabystalýy da buryn-sońdy bolmaǵan is.

Дидар Амантай,

Kınoádebıet

Teginde, ult ádebıeti men qazaq kıno­sy arasynda, sonaý Sháken Aımanov, Májıt Begalın, Sultan Qojyqov, Abdolla Qarsaqbaev zamanynan beri qalyptasqan ónegeli dástúr, jaqsy qarym-qatynas, tyǵyz baılanys búginde óz jalǵasyn taýyp otyr.

Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»

Ádep pen ádet

Jýyrda Almaty qalasyna jolymyz túsip, taǵylymy mol tamasha toıǵa qatystyq. Taý shatqalyna aqshańqan shatyr tigip, qudalaryn taǵatsyzdana kútip turǵan almatylyqtardyń ónegeli isine kóz toıyp, kóńil marqaıady. Biz toıly aýylǵa qudalar kelmeı turyp barǵan edik. Qyzyq ıelerimen burynnan tanyspyz. Arǵy túbi Arqanyń qazaqtary. Ultymyzdyń qadym zamandardan beri kele jatqan salt-dástúri, tartý-taralǵysy, jón-joralǵysy yqylym josynymen úılestirilgen toıdyń erekshe bolatyny sezilip tur.

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу