Медицина • 25 Мамыр, 2018

Көлгірсумен күн өткізудің аяғы құлдырауға апармай ма?

349 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізге келген шетелдіктердің дені ісін тындырып, кетерінде мақтап-мадақтап, арқадан қағып, «жайлы ел екенсіңдер» дегендей қолпаштау сөздерін айтып, жылы-жылы қош­тасатынын көріп жүрміз. Әдемі сөз­дің әсеріне масаттанып, мәз боп, біз қаламыз. «Ақымақты мақтасаң қуанады» дегендей, шетелдіктердің біз­ге қатысты оңды пікірлерін есту әдет­ке айналғаны сонша, мадақ тың­дамасақ тұра алмайтын күйге жет­тік. 

Көлгірсумен күн өткізудің аяғы құлдырауға апармай ма?

Республикадағы қай саланы алсақ та оған Америка мен Еуропаның беретін бағасы – «өте жақсы». «Қазақстанда бәрі қарыштап, жедел дамып жатыр». Президентіміздің қолдауының арқасында экономикамыздың жетіліп жатқаны көз алдында, әрине. Халықаралық қа­ты­настарымыз да орнықты. «Береке түбі – бірлік» екенін әуелден білетін хал­қымыздың ішкі ынтымағы да жарасымды. Көрініп тұрған дүниеге көз қуанатыны рас. 
Дегенмен, соңғы кезде біздің қоғам басты мәселенің тізгінін қолдан шыға­рып, тетігін таба алмай есеңгіреп отыр­ғаны белгілі. Буаз сөзге бой бе­ріп, бос қол­пашқа еріп, бәрін қолдан жа­саудың ақыры берекесіздік жолына апара жатқаны ақиқат. Үлкендер нағыз тәрбие тізгінін қолдан жіберген соң басқаның бәрі бекер екенін кім ойлауы тиіс? Ақсақалдар ма, аға буын ба, әлде жастардың өзі ме? Кім кімге сенеді? Науқандық іс пен бос ермекке алданып, біреудің мақтағанына (оның артында мазақ тұр) мәз боп, көлгірсумен күн өткізудің аяғы құлдырауға апаратынына ешкім ойланып жатқан жоқ. 

Кофи Аннанның «Осы демократия деген бәлені кім шығарды екен, бәріміздің жүйкемізді жеп бітті ғой» деп әзілдегені есіңізде ме? Дүние жүзінде қан­ша ұлт болса, соның бәрін «демократияландырып жіберу» мүмкін емес­тігін білесіз. «Шетел демократия­ны қуат­тайды екен» деп, аты-жөні жоқ шаң­ға ілесіп, шапқылай бергеннен түк шықпайды. Өзге құрлықтағы мем­лекет­тердің біздің елді «тонның ішкі бауындай болуға» шақыруының астарында не жатқанын аңғару қиын емес. 

Жаманнан жақсы туар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан жаман туар,
Бір жармаққа алғысыз, –
деп Майқы би айтқандай, аға ұрпақ «жастарға сенеміз» деген сөзді ала-құ­ла топтың ішіндегі елдік мақсатты көз­дейтін, тілі мен дініне берік, Отанға адал жігіттер мен қыздарға арнаған деп есептеймін. Бірақ олардың көп еместігі және рас. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен мансапқа жетіп, баюды мақсат еткен, қара бастың қамын ғана ойлайтындар елге тұтқа бола алмайды. Себебі олар дүниенің аумалы-төкпелі екенін, заманның ұстараның жүзі тәрізді құбылып тұратынын сезінбейді. Алпыс жылда елде ашаршылық, тоқшылық пен жоқшылық та болатынына түйсігі жетпейді. Кім кінәлі, босбелбеу бозбалалар мен жартылай жалаңаш қыздардың бүгінгі болмысына? 

Қазіргі ата-аналардың денінің балаларына беретін тәрбиесі жеке бас қамын жасап алуға негізделетінін көз көріп жүр. Аттестат пен дипломды қиналмай алып, «крышасы» бір орынға қонжита са­луға дәндеп алған, ойланбайтын ұрпақ қалыптасып барады. Бұл өте қауіпті ағыс. Ұлттың еркінен тыс жаулап алған тен­денцияның ертең сол ұлтты түбірімен жұлып кетуі әбден мүмкін. 

Бүгінгі қоғамда үш нәрсе сәнге айнал­ған: ақша, жиналыстар мен дөңгелек үстелдер және халыққа көбік сөзбен көпірте есеп беру. Көз алдыда жүріп жатқан сорақылықтар заңды сияқты, әркім өз басын күйттеуде. Ел тағдыры кімге керек? Ұлттық идея мен ұлттық идеологияны жиі айтатын зиялы қауым да бүгінде қауқарсыз күй кешуде. 

«Біздің бүгінгі келбет осындай ғой. Енді қайда шегінеміз?» деуіңіз мүмкін. «Біз қайда барамыз?» деген сұрақ мазалайды. Тәрбие түбі – талбесік. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, өскелең ұрпақтың өнегесі үлкендерден әрине. Келешек ұрпақтың саналы, санасыз болуы тәрбиеден. «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұмжүрек» дейтін қазақ. Әкені асқар тауға теңеудің өзі әкелердің мойнындағы жауапкершілікті аңғартады. 

Ортақ мәселе біреу-ақ: алдыңғы буын мен кейінгі ұрпақтың рухани­ сабақ­тастығы, жалғастығы. Ел тұтқа­сының беріктігі қарыштаған экономика мен мығым әскер күшіне ғана байланысты емес. Ұлттың өміршеңдігі ақсақалдың да, жастың да нағыз ұлттық болмысқа сай болуынан. Заман күнде өзгереді, ал елдік негіз өзгермейді. Бүгінгі жастар бей-берекет қоғамда өмір сүруде. Олардың ақылшысы да, арқа сүйері де аға ұрпақ. «Қатал тәртіп демократиялық қоғамға қажет емес» деп ұрандатушылар қателеседі. Қазіргі жастарға темірдей тәрбие аса қажет екен­дігін үлкендер неге ескермейді? 

Адасқан ұрпақ ұлттың жоғалуына, ұлт­тық келбеттен айырылып, тобыр қо­ғам деңгейіне түсуіне әкеледі. Жапон дана­лығына назар аударсақ: «Ұлттың жоғалуы – мемлекеттің жоғалуы». Қазіргі ұрпақ өзгеден талап етуге жаман үйреніп барады. Ал оларға талапты кім қояды? Руханияттың өзі материалдық дүниеге тәуелді болған бұл заманда басқаның байқатпай енгізетін идеологиясына бағынышты болмауды өз негізімізге арқа сүйеу ар­қылы үйренейік.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА