Болат Аюхановтың қасірет шыңдаған мінезі

Аты-жөнінің өзі құбылысқа айналған белгілі өнер шебері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Болат Аюханов қазақ даласын отыз сегіздің оты өртеп, топ-тобымен аждаһаның көмейіне тоғытылып жатқан тұста жоқтың орнын толтыруға жіберілген төлеу бала болып дүние есігін ашты. Отбасының басына түскен осы қасірет болмағанда қазақ өнеріндегі мықтылардың қатарына бүгінгі Аюханов келіп қосылар ма еді, жоқ па, ол жазмышқа ғана аян. Бірақ «халық жауының баласы» деген бір ауыз сөз Аюхановтың атақты болмауға амалын қалдырмағаны анық. Бүгінгі аты әлемге әйгілі Болат әкесі тірі болғанда, ешқашан Аюханов болмауы да мүмкін еді. Өйткені қасірет қайрап шыңдаған қазақтың дара тұлғасының Ғазиз Қуатов деген қайраткер әкесінің тегеурінді тегі тұрғанда, онымен жарыстырып басқа есім-сойды еншілеу соншалықты ақылға сыйымсыз еді...

Егемен Қазақстан
25.05.2018 3603
2

Асылы, ұлы адамдар бірінші – те­гі­не, екінші – өскен ортасына, үшін­ші іздену мен еңбектенуіне қа­­рай қа­лыптасады. Жігітке лайық кә­сіп деп бағалау түгілі, балетті қа­зақ­қа тән емес өнер ретінде көре­тін за­ман­ның өзінде Болаттың би мек­те­бінің есігін ашуында бекзат те­гі­нің бір белгісі жасырулы жат­қа­ны кү­­мәнсіз. Тура және жанама мағы­на­сында өмір бойы қазақ өнеріне ая­ғы­­ның ұшымен жүріп қызмет еткен Бо­­лат жарық дүние есігін ашқалы бе­рі ешқашан да ешкімді «әке» деп атап көрмесе де, нәзік өнердің намыс­ты, рухты сарбазы болып ұлтына қыз­­мет етуінің сыры компартия ісі­не адал болған кеңестік «ақсүйек» әке­­нің алпыс екі тамырынан жеткен қа­ны екеніне бір сәтке шек кел­тір­ген емес. Өзінен үлкен екі бауырын анасы қо­лынан жетектеп балет үйір­ме­сіне апа­рып жаздырғанда, өзгенің өре­сі жете қоймайтын өнерді бала­лары ба­ғындырсын деген әкесі олар­дың би­ге қатысуына қарсылық біл­дір­ме­ген. Болат өмірге келмей тұрып та бо­ла­шағының балетпен байланысты бо­ла­тынын отбасындағы осы мысал ай­ғақ­таса керек....
Қазақстан Республикасы Прези­денті Архивінде жиі өтетін ша­ра­лар­ға қатыса жүріп, кеңес дәу­ірі жә­не партия тарихына байла­ныс­ты жи­нақталған жеке тектік қор арасы­нан Болаттың әкесі Ғазиз Қуатов пен анасы Рахиль Аюханова ту­­ра­лы, жалпы осы отбасының басы­на түс­кен зобалаң тағдыр туралы мол мә­ліметтер сақталғанын білдік. Пре­зидент Архиві өзге аймақтардағы мұ­ра­ғаттарда сақталған Ғазиз бен Ра­хиль туралы барлық мәлімет-дерек­тер­мен жеке тектік қорды мейлінше то­лықтыра түскен. Архивпен бірге Б.Аюхановтың өзі де, анасы Рахиль де осыншама мол мұрағаттың сынық сөй­леміне де көлеңке түсірмей, ала­қандай парағына дейін аялай сақ­тап, осы күнге аман жетуі үшін барынша ұқыптылық танытқан.

Бірде Болат ағамыздың сұхбат ара­сында: «әкем Ғазиз Қуатов Семей облыс­тық партия комитетінің екінші хатшысына дейін көтеріліп, «халық жауы» болып ұсталып кеткен, анам Рахиль – татар қызы», дегені бар-тын. Ар­хив деректеріне сүйенсек, Ғазиз 1905 жылы туған, 1928 жылы партия мүшелігіне қабылданған. 1924-1928 жылдары Қызылордадағы Қазақ Өлкелік кеңестік партия мектебінің тыңдаушысы. Ұзынқұлақтан естуін­ше, әкесі Ғазиз жетімдіктен ерте же­ті­ліп, ширақ, еті тірі, қазақ, татар, орыс тілінде ән салған, бидің де тү­бін түсіретін, актерлік қабілеті де бар, өнерге жақын адам болған. Тіп­ті Ғазиз бен Рахиль бас құрап, Қызыл­ордаға көшіп келгеннен кейін де көркемөнерпаздар үйір­ме­­сіне қатысып, «Айман-Шол­пан» спек­таклінде басты рөл­дер­де ойнайды. Жас ерлі-зайып­ты­лар­дың өнерлі екенін байқаған Құ­рманбек Жан­дарбеков оларға Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік инс­ти­ту­ты­­ның актерлік яки режис­сер­­лік фа­­куль­тетіне оқуға тү­суге ке­ңес бе­ре­ді. Бі­­рақ ұйымдас­ты­ру­шы­лық қа­білеті жо­­ғары Ғазиз өнерді емес, ел­ге қыз­мет етуге бастайтын саяси-қоғам­дық жол­ды таңдайды. 

Марксизм-ленинизм институтын бітірген Ғазиз Қуатов пен Рахиль Аюха­нованың коммунистік идеяға жан-тәнімен берілгені соншалық, балаларының есімін қойғанда да сол жалынды рухтың екпінін сақтаған: әпкесі Мэри – атақты актрисаның, ал ағасы  Коминтерн мүшесі, Жапония ком­партиясының бас хатшысы Сен-Катаяманың құрметіне осы есім­дерді еншілейді. Бірақ адамды құ­мыр­сқа құрлы көрмей құмарлана ойна­­ғаннан ләззат алатын тағдыр тәл­кегі деген бар. Қара тырнағына дейін коммунист болып жаралған Ғазиз Қуатов жапониялық Коминтерн мүшесін ұлықтап, ұлына есімін сый­ла­ғанымен, оны біліп жатқан компар­тия қайда, ұсталған кезде, өзін 58-бап бойынша «жапон тыңшысы» деп айыптайды. 

Қуатовтар отбасы өте қарапайым өмір сүреді. Жыл сайын қызметі өсіп, жо­ғарылап келе жатқан Ғазиздің әр­бір жаңа лауазымы мансабына сәй­кес жаңа пәтерге қоныс аударумен қатар­ласып отырған. Заты әйел емес пе, көшіп-қонғаннан шаршаса да, үйіне жылтыратып жиһаз жинағысы кел­ген әйелі: «басымызға әлдеқандай алмағайып «қара күн» туа қалса» деп, бірде банктен жинақ кітапшасын ашып қояды. Сонда күйеуі Ғазиз: «Коммунистердің өмірінде «қара күн» деген болмайды, оларды тек жар­қын болашақ күтеді!» деп қатты рен­жіген екен.  Коммунизм идеясы­на қалтқысыз қызмет етуді ғана біл­ген адал жандардың осы қағиданы өмір сүрудің жалғыз ұстанымы деп та­­ны­ғандықтан өз отбасы, бала-ша­ғасының ортасында да ұран ғып ұс­тап, басы артық дүние жинауға тый­ым салып отыруының бұдан ас­қан мысалын қайдан табарсыз. 

1938 жылы 13 қыркүйек күні Семей облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Ғазиз Қуатовты «қара қарғалар» келіп  ұстап әкет­кен­де, Болат анасының жатырында жатқан жеті айлық шарана болатын. 8 жастағы әпкесі Мэри мен 6 жастағы ағасы Катаяма сол түннің әр сәтін бүге-шігесіне дейін естерінде сақтап қалған. Бөлмелердің бәрі астан-кестең болып тінтілгеннен кейін 24 сағаттың ішінде бұларға хатшының үлкен үйін босатуға бұйрық береді. Тұп-тура екі айдан кейін Болат өмірге келеді. «Анамның ұс­талмай, бостандықта қалуына айы-кү­ні жетіп отырған аяғының ауыр­лы­ғы себеп болған сияқты», дейді Болат аға. Әкесі алыста, тым алыс­та, Мәскеудің Бутыркасында отыр­ған­дықтан, төлқұжаты қолында жоқ болып, өз құжатын береді. Бір себебі осы болса, екіншіден, аударылып-төң­­керіліп жатқан заманның сұрынан қо­рық­қан Рахиль Болаттың болашақ қауіп­сіздігі үшін амалсыз «Аюханов» деп баласын өз тегіне жаздырады. Бірақ ендігі жерде Рахильдің де күні күн болмайды, «қай күні ұстап әкетер екен?» деп есікке жалтаңдап қараумен жарық күндерді жылжытады. Өйткені 1923 жылы кісі есігінде жалшылықта жүргенде-ақ комсомол ұйымының жұмысына белсене қатысып, кейін Орынбордағы совет-партия мектебіне оқуға түскен, Сәкен Сейфуллиннің тікелей кеңес беруімен партия қата­рына алынған, күйеуі ұсталғанша Семей облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінде инструктор болып қызмет істеген Рахильдің қырағы көздердің назарына ілікпей қалуы мүмкін емес еді. Алайда бір реттеуші күш Рахильді балаларынан ажыратпай, репрессия машинасынан аман алып қалады. 
Ғазиз Қуатов Бутырка түрме­сі­нен Алматыға ауыстырылып, Дзер­жин­с­кий көшесіндегі НКВД тер­геуіне жет­кізіледі. Анасы ас-ауқат, жылы ки­ім жеткізіп жиі барғанымен, жо­лы­­ға алмайды. Тек бір рет қана есік аузындағы күзетшінің қолы­нан іш киімнен жыртылған тілдей шүбе­рек­ке қанмен жазылған: «Рахиль, менің еш жазығым жоқ, балаларды және Болатты сақта! Ғазиз» деген хат алады. Ғазиз сегіз жыл жазаға кесіліп, Коми АССР-іне айдауға жібе­ріледі. Онда шахтада істейді. Көп ұзамай туберкулез дертіне шал­дығады. Лагерьде жазасын өтеп жү­ріп те Ғазиздің партияға сенгені сон­дай, тағдырын тілдемей, әйелінен ба­лаларын тек коммунистік рухта тәр­биелеуді сұрап, еліміздің қалай да фашизмді жеңетінін (бұл 1942-1943 жылдар), отбасымен, әсіресе ешқа­шан көрмеген Болатымен кез­де­сетінін айтып хат жазған. Бірақ дер­ті меңдеп кеткен Ғазиздің арманы орындалмайды. 1943 жылдың ақпа­нында Инту қаласындағы кен орнына жазған Рахильдің үшбұрыш хаты өзіне қайта оралады: «адресат өлген» ...

Анасының мейірімін, ағасы мен әпкесінің қамқорлығын ғана сезініп, отбасының өткен тарихынан бейхабар өскен Болат әкесі туралы шын­дық­­ты тек 10 сыныпта оқып жүрген кезін­де ғана білген. Онда да алдымен Бутырка түрмесінде бірге отырған, кейін Комиде бірге жазасын өтеген бел­гілі актер Яков Урбанскийдің ана­сына әкесінің өлімі туралы егжей-тег­жейлі жазған хатын кездейсоқ оқып қалады. Анасы айтқысы келмей қаш­қалақтаса да, алқымынан алып оты­рып Болат бар шындықты біледі. Сталин атындағы №28 мектептің 10 сыныбында оқып жүрген ол не себепті өзінің осы уақытқа дейін ком­сомол қатарына қабылданбай жүр­ге­нін түсінеді. 

Алғашқы комсомол ұясын ұй­ым­дас­тыру ісінен бастап респуб­ли­ка­лық ауқымдағы жетекшілік қыз­метке дейін көтерілген көрнекті пар­тия қайраткері Ғазиз Қуатов ең ал­ға­шқылардың бірі болып 1955 жы­лы ақталады. Бұл туралы КСРО Жо­ғарғы сотының Әскери кеңесінің төрағасы, генерал-лейтенант А.Чеп­цов Қазақстан Коммунистік пар­тиясының Семей облыстық партия комитетіне жолдаған анықтама хатта Ғазиз Қуатовты айыптаған іс­тің қайта қаралып, қылмыс құрамы бол­мағандықтан, НКВД жанындағы Айырықша кеңестің қаулысымен іс­тің тоқтатылғаны туралы  хабарлайды. Ал «Қуатов қандай адам бол­ған еді?» деген сұраққа 1982 жылы Қара­ғанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде жазушы Жайық Бектұров жариялаған Қазақ­стан комсомолының 1920 жыл­дардан бергі ардагерлерінің бірі Әші­рөп Мұсабекова туралы «Сурет сыр шертеді» атты мақаласында: «Ә.Мырзабекова өлкелік комсомол комитетінің мүшесі болып сайла­нады. Бұл куәлікке республика ком­со­молының сол тұстағы көрнекті же­тек­шілерінің бірі, кейінірек жауапты пар­тия қызметінде болған, 1930-1933 жыл­дары Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің секретары болған Ғазиз Қуатовтың қолы қой­ыл­­ған. Ғазиз біз көргенде ұстам­ды, ғиб­ратты, байсалды, кіші­пейіл қыз­мет­кер еді. Оның бір ба­ласы Болат Аюханов осы күні рес­­п­уб­ли­каға ең­бегі сіңген әр­тіс, қа­зақ өнер­паз­да­ры­ның ішінен шық­қан би­ші» деп жа­зады. 

Қуатовтар отбасының тағды­ры­мен таныса отырып, шаңырақтың шай­қалмауы және балаларының ғылым мен өнер жолын таңдап, та­быс­қа жетуі, ең алдымен, Рахиль Аюха­нованың еңбегі, қажыр, пара­са­ты­ның арқасында ғана мүмкін бол­ғанын байқаймыз. Отбасын аман сақтау жолында от пен суға бірдей тү­сіп, жанкештілік танытқан Рахиль ана өз естелігінде: «Тағдыр маған 29 жасымда күйеуімнен айырылып, қолында үш бірдей баласымен қалған ананың азапты ғұмырын сыйлады. Маған дені сау адам болып көріну қандай қиын болды десеңізші! Әйтсе де өмірде бір қысылтаяң шақ туса, басты шешімді өзім қабылдаушы едім. Менің халық жауының әйелі екенімді білген бойда бірнеше рет жұмыстан қысқартып тастады. Бұл менің еңбек кітапшамдағы өте көп жазбалардан да көрінер еді. Балаларыма қатал­дау болдым. Олардың титтей де босаң­су­ына жол бермедім. Бәлкім содан ба екен, балаларым талапты болды әрі жауапкершілікті сезініп өсті», дейді. 

Үлкені Мэри Қарағанды мем­ле­кет­тік медицина институтын бітіріп, ғы­лым кандидаты, доцент атанады. Денсаулық сақтау ісінің үздігі. 1932 жылы туған Катаяма да КазГУ-дің физика факультетін, Мәскеу аспи­рантурасын тәмамдап, физика-математика ғылымдарының кан­дидаты болады. Ал дәл қуғын-сүр­гіннің қызып тұрған шағында, 1938 жылы туған Болаттың орны бұл отбасы үшін ғана емес, күллі қазақ өнері үшін бөлек. Болатсыз ба­летті елестету мүмкін бе? Жоқ! Нә­зік өнер­ді серік еткендіктен сырт көз­ге жаны да нәзіктеу көрінетін Бо­лат Аю­хановтың сырға, құпияға толы жұм­бақ болмысынан бәрібір бір «бү­лік­шіл» мінез байқалып тұра­ды. Өзімен өзі келіспей, өнердегі әділетсіздіктермен де ымыраға келе алмай шайқасып жүретін шалдуар-шақар мінезге «шығармашылық адамының бәріне тән қиқар мінез ғой» деп мән бермеуге болады. «Алматының жас балеті» сияқты теңдесі жоқ театр құрып, балет өнерін бір-екі саты биікке көтерген, талай таланттың маңдайын жарқыратып, жер-жаһанға танытқан, ешқашан қолына сыра, аузына сағыз салып көрмеген, үйі жоқ, өмірге бейімсіз балет бишілерін төрт бөлмелі үйіне айлап, жылдап тұрғызып, жақсылық жасауды хоббиі көретін, 40 жыл балетке сіңірген еңбегінің арқасында 40 бишіге үй әперген еңбегінің жанында бұл мінез «ондай-ондай ханның қызында да болатын» мінез ғана емес пе? Ал шынтуайтына келгенде, қатыгез қуғын-сүргіннің қара таңбасы қарып өткен соң, ертеңгі күнге деген сенімнен айырылып, қаншама жылдар бойы үрейге беріліп өмір сүрген барлық «халық жауларының» балаларына тән адамға, қоғамға, заманға деген өкпенің сызы көп дүниемен келіспеуге еріксіз мәжбүр жасайды екен ғой…

Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.10.2018

ІІМ:1 қаңтардан тіркелмеген телефонға байланыс қызметі көрсетілмейді

22.10.2018

Алматыда жасөспірімдерге арналған футбол орталығы ашылды

22.10.2018

Талдықорғанда «Тіл – рухани жаңғыру тетігі» атты дебат өтті

22.10.2018

7-20-25: Қазақстанда 2,5 мыңнан астам өтінім мақұлданды

22.10.2018

Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар бекітілді

22.10.2018

Түркі әлемі «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдығын тойлады

22.10.2018

АҚШ-тың Сауда министрі Уилбер Росс Қазақстанға келе жатыр

22.10.2018

Қазақ әдебиетінің жинақтары қытай, араб тілдерінде жарық көреді

22.10.2018

Ақтауда «Автобус» жедел алдын алу шарасы жүргізілді

22.10.2018

Павлодарда дәмханалардың жұмысын түнгі 11-ге дейін қысқарту ұсынылды

22.10.2018

Оралда жазушы Хамза Есенжановқа ескерткіш орнатылды

22.10.2018

Парламент депутаттары Оралда үш ауысымда оқытатын мектепте болды

22.10.2018

Менингококк инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай талқыланды

22.10.2018

«Мигранттар керуені» Мексикаға бет алды

22.10.2018

Өнер жұлдыздары «Денсаулық елшісі» атанды

22.10.2018

23-25 қазан: Жылы және жауын-шашынсыз

22.10.2018

Маңғыстау облысы толықтай цифрлық телевизияға қосылды

22.10.2018

eGov.kz порталында онлайн режимінде «тіркеу кітабы» жүзеге асты

22.10.2018

Солтүстік Қазақстанда азық-түлік пен ақылы қызметтер қымбаттаған

22.10.2018

Ескек есуден Азия чемпионаты: Қазақстандықтар үш медаль еншіледі

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Дидар Амантай,

Kınoádebıet

Teginde, ult ádebıeti men qazaq kıno­sy arasynda, sonaý Sháken Aımanov, Májıt Begalın, Sultan Qojyqov, Abdolla Qarsaqbaev zamanynan beri qalyptasqan ónegeli dástúr, jaqsy qarym-qatynas, tyǵyz baılanys búginde óz jalǵasyn taýyp otyr.

Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»

Ádep pen ádet

Jýyrda Almaty qalasyna jolymyz túsip, taǵylymy mol tamasha toıǵa qatystyq. Taý shatqalyna aqshańqan shatyr tigip, qudalaryn taǵatsyzdana kútip turǵan almatylyqtardyń ónegeli isine kóz toıyp, kóńil marqaıady. Biz toıly aýylǵa qudalar kelmeı turyp barǵan edik. Qyzyq ıelerimen burynnan tanyspyz. Arǵy túbi Arqanyń qazaqtary. Ultymyzdyń qadym zamandardan beri kele jatqan salt-dástúri, tartý-taralǵysy, jón-joralǵysy yqylym josynymen úılestirilgen toıdyń erekshe bolatyny sezilip tur.

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу