Парламент • 25 Мамыр, 2018

Парламент Сенатының жалпы отырысында қандай мәселелер талқыланды?

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Орта білімді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» заңдарды толық қабылдады.  

Парламент Сенатының жалпы отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Құпияны жариялаудың қылмыстық жауапкершілігі

Заң жобасы бойынша сенаторлар алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Өсіпов баяндама жасап, құжаттың мақсаты мен мән-мағынасын ашып айтып берді. 

Оның мәлімдеуінше, Ұжымдық қауіп­сіз­дік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы хаттамаға ҰҚШҰ мүше мемле­кет­тердің басшылары 2012 жылы Мәскеу қала­сында қол қойған. Жалпы, 1992 жылы Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылса, 2002 жылы  бұл ұйым ҰҚШҰ ретінде қайта құрылған. Оның құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері мүшелікке өтті. Оның жоғары органы – ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары кіретін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі болып бекітілді. 
ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммитінде ұйымның төрағалық тізгіні бір жылдық мерзімге Қазақстанға берілгендігі белгілі. 

– Хаттамамен енгізілген өзгерістер келісімге қосылу мүмкіндігін ұсынуды және барлық халықаралық құқық субъектілерінің оның тетіктеріне қатысуын, Келісімді іске асыру тетігінің негізгі буыны болып табылатын уәкілетті органдардың құрамын нақтылауды, құпия ақпараттың таралуына жол берген тұлғаға қатысты заң құзыретін нақтылауды, сондай-ақ нақтылайтын және редакциялық сипаттағы түзетулерді көздейді, – деді М.Өсіпов.
Хаттаманы бүгінге дейін ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы ратификациялап, заңдық мәртебе берілген. 

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ұйым­ға қатысты құпия ақпараттарды заңсыз жариялаушылардың қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылатындығын атап өтті.   

 Аталған мәселелерге байланысты М.Өсіпов құпия ақпаратты жариялауға байланысты мүше мемлекеттердің әрқайсысында кінәлі тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын жеткізді. Мәселен, Тәжікстанда бұл санаттағы қылмыс бо­йынша кінәлі деп танылғандарға 10 жылға дейін, біздің елімізде 8 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

Сенаторлар құжатты талқылай келе, заңды толық қабылдады. 

Игілікке жұмсалатын қарыз

Сенат Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) де ратификациялады. Бұл келісімге 2017 жылғы 21 тамызда Астана қаласында қол қойылған. 

Аталған құжат Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 76-қадамындағы, сон­дай-ақ Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­масында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді.

Аталған заң бойынша баяндама жа­са­ған Білім және ғылым министрінің мін­детін атқарушы Бибігүл Асылованың мәлім­деуінше, орта білім беруді жаңғырту жобасы бойынша шығындардың жалпы сомасы 75 миллион АҚШ долларын, оның ішінде Халықаралық қайта құру және даму банкінің қарызы 67 миллион АҚШ доллары мөлшерінде, қарызды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру 8 миллион АҚШ доллары мөлшерінде болады.

Халықаралық қайта құру және даму банкінің 67 миллион АҚШ доллары со­ма­сындағы қарызы, Қазақстан Республикасына 5,5 жыл жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 

17 жыл өтеу мерзіміне беріледі.

– Келісім ҰБТ тапсырмаларының жаңа стандарттарын қалыптастыру арқылы бағалау жүйесін, оқудағы жетістіктерді сыртқы бағалауды және тест тапсырмаларының базасын жаңартуды қайта қарау сияқты білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешенін қамтиды. Келісімнің басты бағыттарының бірі білім беру материалдарына қолжетімділікті арттыру, мультимедиялық жабдықпен жарақтандыру және ауыл мұғалімдерінің әлеуетін ұлғайту арқылы ауылдық жалпы білім беретін және шағын жинақталған мектептердегі оқушылардың үлгерімін жақсарту болып табылады. Келісімнің жалпы қаржыландыру сомасының шамамен 67 пайызы 5400 ауылдық мектепті интерактивті жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Ауылдық мектеп кабинеттерінің 60 пайызын компьютерлермен, проекторлармен және экранмен жарақтандыруға мүмкіндік беретін 32,5 мың жабдық жинақталымын сатып алу жоспарланып отыр, – деді Б.Асылова. 

Келісімді іске асыру ауылдық және қалалық мектептердің арасындағы үлге­рім­дегі алшақтықты қысқартуға және білім беру сапасын теңдестіруге ықпал етуге тиіс.

Ауылда интернет сапасы артады

Жалпы отырыстан соң Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы Бибігүл Асыловаға ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтыққа байланысты бірнеше сауал қоюдың сәті түсті.  

– Қарызға алынатын қаражаттың елеулі бөлшегі ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағыт­талатындығын айттыңыз. Бұл алшақтық қазір қандай деңгейде?

– Біздің бұл мәселеге қатысты жүргізген зерттеулеріміз жетерлік. Олардың қоры­тындысы бойынша ауыл мен қала мектептері көрсеткіштерінің алшақтығы қазір 30 пайыздың шамасында екендігін біліп отырмыз. Әрине көп мәселе оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталуына, мектептің түріне, бюджеттен қаржыландыру көлеміне  байланысты. Енді Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын қарыз қаражатты қазіргі алшақтықты азайтып, мектептерді теңестіруге жұмсаймыз. Біз мектептерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алмас бұрын талдау жүргізіп, жетіспеушіліктерді пысықтап шығамыз.

– Ауыл мектептерінің сапасын көтеру тек компьютерлік кешендермен жа­рақ­тандыру емес, мамандардың біліктілігімен байланысты екендігін жоққа шығара алмаймыз. Педагогтардың біліктілігін көтеруге қаншалықты көңіл бөлінбек?

– Әрине қазір ауыл мектептерінде ұстаз мамандығына сұраныс жоғары екендігін жоққа шығармаймыз. Аталған жобаны қабылдар алдында талдау жүргізе келе ауыл мектептері мұғалімдерінің қызмет ауыстыру, жұмыстан босап қалу көрсеткіштері болмашы екендігіне көз жеткіздік. Қазір барлық мектептер педагог мамандармен толық қам­тамасыз етілген. Ал оқытудың сапасына келер болсақ, мұғалімдер білім берудің жаңар­тылған мазмұны бойынша жаппай қайта даярлықтан өтіп жатыр.

– Ал қарызға алынған компьютерлер, басқа да құралдар ауылға жеткенімен, көптеген ауылдарда интернет жоқтығын, көпшілігінде интернеттің жылдамдығы төмен екендігін білетін боларсыздар?

– Республикалық бюджеттен интернеттің секундына 4-10 Мб шығыны өтеліп отыр. Оның көлемі шамамен 12 млрд теңгені құрайды. Енді жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып интернеттің сапасын қажет деңгейге дейін көтеру міндеті тұр. Бұл жөнінде барлық облыс әкімдіктеріне тапсырма берілді. Аталған мәселе 2018-2019 жылдары түпкілікті шешіледі деген ойдамын.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»