Қазақстан • 27 Мамыр, 2018

Б.Сағынтаев Қостанай өңірінің бизнес өкілдерімен кездесу өткізді

246 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары өңір активімен және бизнес өкілдерімен Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кездесуімен аяқталды.  

Б.Сағынтаев Қостанай өңірінің бизнес өкілдерімен кездесу өткізді

Кездесу барысында облыста технологиялық жаңғырту, цифрландыру, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды даярлау, еңбек ресурстарын басқару және бизнесті дамыту шараларын іске асыру мәселелері қаралды.

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы қол қойған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға жекелей тоқталып өтті. Үкімет көптеген дайындық жұмыстарын жүргізді. Заң қолданыстағы заңнамаға мыңнан астам түзетулер енгізеді. Бұл 2014 жылдан бері бизнесті жүргізуді оңтайландыру жөніндегі түзетулердің алтыншы пакеті.

Заң мемлекеттік бақылау–қадағалау қызметін реформалауға, ақпараттық құралдарды реттеуді жетілдіруге және реттеуші ықпалды талдау механизмін жетілдіруге, табиғи монополиялар субъектілерінің және квазимемлекеттік сектор ұсынатын міндетті қызметтерді реформалауға, сондай-ақ бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды алып тастауға бағытталған. Бұдан өзге, заң жобасында бизнес шығындарын жаппай төмендету және «Doing Business» рейтингісіндегі Қазақстанның орнын жақсарту жөніндегі шаралар қарастырылған.

Қостанай облысында ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсібінің ірі өндіріс орындары орналастырылған. Осыған орай ҚР Үкіметі түзетулер енгізген АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асыру үлкен маңызға ие. Премьер-Министр қатысушылардың назарын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне аударды.

Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, ҚР Президенті бастамашы болған және ҚР Үкіметі қабылдаған барлық бағдарламалар облыста сәтті іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен ауыл шаруашылығы саласымен қатар, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі жақсы дамып келеді. Өңірде «Бес әлеуметтік бастаманы» орындау бойынша елеулі жұмыстар жүргізіліп жатыр, сонымен бірге, Премьер-Министр құрылыс саласында өнімді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру тұрғысынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, мемлекеттік және өңірлік салалық бағдарламалардың орындалуы туралы толығырақ баяндап берді. Өңір басшысының айтуынша, алдағы жылдары өсім қоры ретінде облыста 6000 астам жұмыс орнын ашумен 1,2 трлн теңгеге 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Жоспарланған іс-шараларды және бастамаларды іске асыру жыл басынан бері өңірге 44,6 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді, оның шамамен 89%-і кәсіпкерлердің жеке қаражатынан.

Әлеуметтік саланы дамытуға келер болсақ, облыста «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» орындалып, «Нұрлы Жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 15,5% өсіммен 92,3 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілді. 2018 жылы облыста 12,2% өсіммен 297 мың м² тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Үшінші бастамаға сәйкес, жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың үй-жай жағдайларын жақсарту үшін, бес жатақхана салып, екеуін қайта жөндеу жоспарланып отыр, бұл 2700 студенттің тұру жағдайларын жақсартады.

Биылғы оқу жылында жоғары білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында педагогикалық және техникалық мамандықтарға 34 грант берілген. Келесі оқу жылында 200 грантты беру көзделген, оның 100-і — медициналық мамандықтарға, 100-і — педагогикалық және техникалық мамандықтарға.

Шағын несие беруді көбейту бойынша төртінші бастаманы іске асыру үшін биыл 4,2 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған, бұл өткен жылғы сомадан 31% артық. 400-ден астам несие берілетін болады.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмысқа орналастыруға қосымша мүмкіндік беріледі. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын жүзеге асырудың төрт айында олардың саны 36,2 мың адамға дейін қысқарды. Бұдан өзге, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылады, 3 мыңға жуық азаматқа тегін техникалық жəне кәсіптік білім беріледі.

Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек өз бағыттары бойынша түсініктеме берді. Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов облыстың экономикалық жағдайына жасалған талдау бойынша сөз сөйледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова өңірдің еңбек нарығындағы жағдай туралы және алдағы міндеттер туралы баяндады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов өңірдегі ШОБ дамыту және оның перспективалары туралы баяндай отырып, кәсіпкерлік саласын жетілдіру мәселелері жөнінде қабылданған Заңға түсінік беріп өтті.

«Кеше мен Мемлекет басшысының аталған құжатқа жария түрде қол қою рәсіміне қатыстым. Оның бизнестегі маңызын, ол енгізетін өзгерістер ауқымын біз әлі де зерделей түсуіміз керек. Бүгінде ШОБ дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр – тек қана әрекет етіп, салық төлеп, жұмыстар атқару керек!», — деп А. Мырзахметов, бизнес жауапкершілігін арттыруға облыстың және жалпы еліміздің барлық кәсіпкерлерін шақырды.

Сондай-ақ, мәселені талқылау барысында өңір жұртшылығы мен бизнес қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі. «ССТБӨБ» АҚ президенті Б. Мұхаметқалиев кәсіпорындағы Индустрия 4.0 жобалары және цифрландыру аясында босатылған жұмысшыларды жұмысқа орналастыру жоспарлары туралы айтып берді. «Варваринское» АҚ бас директоры И. Николишин кәсіпорындағы өндірістік процестерді цифрландыру туралы сөз қозғады. Жітіқара политехникалық колледжінің директоры Р. Шукманова Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша оқыту және қайта оқыту жөнінде айтып берді.

Бұдан өзге, шаруа қожалығының басшысы И. Естаев, «Aллюр» компаниялар тобы» АҚ президенті О. Цой, «Қостанай ұн тарту комбинаты» АҚ бас директоры А. Микетки Кәсіпкерлік қызметті жетілдіру туралы жаңа Заңға қолдау білдірді.

«Осы уақытқа дейін табиғи монополиялар субъектілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің техшарттарды алу тетігі жеткілікті түрде түсінікті емес еді, себебі бірыңғай ортақ ережелер болған жоқ. Жаңа заң аясында бизнеске ұсынылатын қызметтердің нақты реттеу жүйесі қарастырылған. Біз осы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамыз», — деді «Репако» ЖШС директоры Н. Болатова.

Бұдан өзге, кездесу барысында «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы, «Еуропа қайта құру және даму банкі» өкілдігінің басшысы Агрис Прейманис сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заң ауданның, облыстың, еліміздің бизнесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Бұл заңнамалық өзгерістер Қазақстанның әлемнің алғашқы отыз еліне кіруін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты — Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы Заңды түсіндіру және өңірде Елбасы Жолдаулары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылу барысымен танысу. Биыл Б. Сағынтаев бұған дейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтқан еді.