Алғаш рет босанған 32 жастағы Регина Горх бірден үш ұл мен бір қыздың анасы атанды. Ағайын-туысымен жабылып нәрестелерге Эмма, Вильгельм, Иоганн, Готлиб деген есімдер беріпті.
Төртемнің дүниеге келетіні алдын ала белгілі болғандықтан, Регина жүктілігінің 28-ші аптасынан бастап дәрігерлердің бақылауына алынған. Перинаталдық орталықтың акушер-гинеколог мамандары ерекше күтім жасап, жүктілік мерзімін 31 аптаға дейін соза алды. Бұл құрсақтағы шараналардың мейлінше салмақ жинап, әлденуі үшін қажет болған.
Ерлі-зайыптылар алғашқы сәбилерін күтіңкіреп қалса да, төртем ана бойына табиғи жолмен біткен екен. Жаратқанның бір-ақ сәтте жарылқай салғанына жас ата-ана дән риза.
Сәбилердің ең ірісі 1890 грамм болса, одан кейінгісі 1760 грамм, үшіншісі 1745 грамм, ал соңғысы небәрі 1095 грамм тартыпты. Дегенмен, неонатолог мамандар барын салып, бәрін де аман алып қалды. Шала туылған шақалақтар бір ай бойы қарқынды терапия бөлімшесінде қолдан жетілдірілді. Одан кейін де жаңа туғандар патологиясы бөлімшесінде бақылауда болған.
Сәбилер патология бөлімшесіне ауыстырылғаннан кейін олардың әкесіне де күндіз-түні жандарында болуға рұқсат берілген екен. Балаларды салалық мамандар да айрықша тексеруден өткізді. Жүктіліктің ауыр өтуі салдарынан көзіне зақым келген жалғыз қыз Эммаға ота жасалып, сәтті аяқталған. Жас босанған анаға да біршама уақыт оңалту шаралары жасалды. Төртем көтеру оңай емес, әлсіреген ананың ағзасын перинаталдық орталық дәрігерлері мейлінше қысқа уақыт ішінде қалпына келтірді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ