Қазақстан • 28 Мамыр, 2018

Павлодар мен Уфа арасы жақындай түсті

437 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Болат Бақауов бастаған деле­гация­ шекаралас өңір­лер арасын­дағы ынтымақ­тастық­ты дамыту мақсатында Ресейдің бірнеше өңіріне барып қайтқан еді. Ал жуырда арнайы делегация Башқұртстанда болды. Енді Башқұртстан Респуб­ликасы мен Павлодар облысы өзара серіктестік негізінде жұмыс жасамақ. 

Павлодар мен Уфа арасы жақындай түсті

Жалпы, облыстың Ресейдің ше­кара­­лас отырған көршілес өңір­лері­мен сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тық байланыстары бұған дейін де үзілген емес. 2012 жылы облыс ор­та­­лы­ғында Қазақстан мен Ресей Пре­зи­­денттерінің қатысуымен өткен ІХ форумда Павлодар облысы Татар­стан, Башқұртстан, Алтай өлкесі, Омбы, Новосібір және Том облыстары­мен, ынты­мақтастық туралы меморан­дум­дарға қол қойған болатын. Мұндай ынтымақтастық Беларусьтің Минск облысымен де жасалған еді. Қазір бұл бай­ланыстардың жалғасып, әртүр­лі салаларда дамуы – өңір үшін өте маңызды. Облыстағы Ертіс, Железин, Успен, Шарбақты аудандары Ресейдің Омбы облысымен, Алтай өлкесімен, Құлынды даласы, Слав­город, Байғамұт, Керей ауылдарымен, Новосібір облысының аудандарымен шекаралас орналасқан. 

 Биылғы сәуір айында облыс делегациясы Алтай өлкесіне, Түмен облысына барып қайтты. Сол жер­лердің тұрғылықты қазақ­тары­мен кездесті. Айт­пақшы, Түмен­нен Астанаға биыл­ғы жаздан бастап әуе қатынасы ашыл­мақ. Облыс әкімі Болат Бақауов Түмен қазақ­тарын жазда өтетін «Ұлы Дала елі» фестиваліне шақырған болатын. 

 Ал осы сапар барысында Болат Бақауов Алтай өлкесінің, Түмен облы­сының басшылары Алек­сандр Карелинмен, Владимир Яку­­шевпен кездесті. Алтай өлке­­сінде павлодарлық делегация «Си­бэнергомаш БКЗ» зауытын, «Аг­роЦентр» машина жасау кәсіп­орны мен «Юг Сибири» күн­бағыс өңдеу зауытын аралап көрді. Үйренетін нәрсе қашанда қажет. 

Екіншіден, Түмен облысындағы «Индустриялық саябақпен» таныс­ты. Бұл – Түмендегі инвесторлар­ға бар­­л­ық коммуникацияларға қо­сы­­луға, жеңіл­дік жағдайларына және қаржы­лай қол­даудың тетік­теріне қол жеткізу­ге мүмкін­дік бе­ре­тін арнайы экономи­калық ай­­мақ. Ал «Павлодар» арнайы эконо­­ми­к­алық аймағында жылына 250 мыңнан астам бастапқы алю­­ми­ний шығаратын қоспалы алю­­миний өндірісін новосібірлік инвесторлар жүр­гізуде. Краснояр өлкесінен келген инвесторлар бол­са, автомобильдің алюминий дис­кілерін жасайды.

Бұл жолы Болат Бақауов бас­таған өңір делегациясы Уфаның бірнеше өндірістік кәсіпорындарын аралап, мұнай-газ-химия салаларына арналған форумға қатысты. Сонымен бірге «Газ.Мұнай.Техно­логиялар» тақырыбында өткен ресейлік көрме де өңірден барған делегация үшін маңызды болды. 

Облыс делегациясы сондай-ақ ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан «Башнефть» мұнай өңдеу зауы­тын, «Kronospan» ағаш өң­деу компаниясы мен «УфаОргСинтез» кәсіпорындарын аралап көрді. Форумға қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов Башқұрт­стан­ның Ресей мұнай-газ өндіру саласын­дағы технологиялар орталығына айналға­нын, Уфаның мұнай өндіру­дегі дәстүр­лі тәжірибесі Павло­дар облысы үшін өте маңызды екен­д­ігін айтты. Осы тұрғыдан иннова­циялық жаңашыл­дықтарды өңірге әкелу өте қажет. 

 Еліміздегі үш мұнай зауытының бірі Павлодарда орналасқаны белгілі, зауыттың қуатын арттыру мен қайта құру жұмыстары қолға алынуда. Өндіріп жатқан мұнай өнімдерінің көлемі iшкi нарыққа жеткілікті де болар, бірақ Ресейдің мұнай өніміне тәуелділігіміз бар, жаңарту жолында әлі де қолға алатын жұмыстар аз емес. Сон­дықтан біздің делегацияның сапары негізінен мұнай-газ саласын дамытуға, уфалықтардан тәжірбие алу бағытындағы мәселелерге арналды. Қолда бар жанар-жа­ғармайды дұрыс пайдалана алмай келеміз. Бұл науқан кезінде қиын. Өнім сапасы, оның халықаралық стандартқа сәйкестік жайы ойлантады. Елбасы Үкіметке елімізде мұнай өңдейтін төртінші зауыттың құрылысын айқындауды тапсырды. Мақсаты – өзіміздің мұнайды өзімізге өндіріп беру.

– Әрине мұнай-газ саласына қатысты форумдар тәжірибе ал­масып қана қоймай, жаңа тех­ноло­гиялармен танысуға жақсы мүм­кіндіктер береді. Мұнай-химия сала­сында ресейлік серіктестермен бір­лескен жұмыс екі жаққа да тиім­ді, – деді Б. Бақауов. 

Ал «Башнефть» мұнай өңдеу зауыты жыл сайын 6 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді. Жанар­майдан бөлек, қысқы, жазғы дизель отыны, жүк мазуты шығарылады. Өндіріс орнында 6 мыңнан астам адам жұ­мыс істейді.

Облыс делегациясы, барған «Kronospan» ағаш өңдеу компания­сы­ның жүз жылдық тарихы бар екен. Әлемдегі ең ірі ағаш өңдеу зауыты саналады. Өнімнің 56 пайызын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай импорттайды. Ағаш өңдеуші кәсіп­керлер алдағы уақытта да пав­лодар­лықтармен келісімге келіп, жұмыс жасамақшы. 

Осы сапар кезінде Болат Бақауов Башқұртстан Республикасының бас­шысы Рустем Хамитовпен кез­десті. 2017 жылдың қараша айын­да Ресейдің Челябі қаласында өт­кен Қазақстан-Ресей шекаралық фо­ру­м­ының бары­сын­­да екі облыс бас­шысы өзара серік­­тес­­тік туралы келі­сім­шартқа қол қойған-ды. 

Енді міне, Павлодар облысы Баш­құр­т­стан үшін Қытаймен байланыс ор­натудың көпірі болмақ. Рустем Ха­митов Болат Бақауовпен кездесуі кезін­де көршілермен ты­ғыз байланыста жұмыс істеудің тиім­ділігін айтып өтті.

– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, – деді Рустем Хамитов. – Өңір­лердегі серіктестеріміздің бірі ретін­де Павлодар облысы да жаңа идея­ларды ұсынып жатыр. Сіздер­де әктас, тұздың үлкен кендері бар. Павлодарлық әріптестердің көмегі­мен Башқұртстан Қытайға ауыл шаруашы­лығы өнімдерін жеткізу мәселесін қарастырып отыр.

Болат Бақауов екіжақты серік­тестік байланыстың қай түріне болсын дайын екендіктерін білдірді. Делегация құрамындағы шаруа қо­жа­лықтарының өкілдері тауар­лы-сүт фермалары мен өсімдік шаруа­шылығының жұмысы­мен танысу үшін келгендерін айтып өтті. 

Ауыл шаруашылығы дақыл­дарын қайта өңдеумен айналысатын шаруа қожалықтары мен кәсіп­оры­ндардың өзара тиімді жұмысы­на ерекше мән беруді ұсынды. 

Білім және ғылым салаларындағы байланыстар да жалғасу үстінде. 2015-2018 жылдар аралығында С.Торай­ғыров атындағы Павлодар мемле­кеттік университеттің 35 магистранты Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық уни­верситетінде оқып, ғылыми тағы­лым­дамадан өтті. Универ­ситет Түмен­д­егі жоғары оқу орындарымен ғылым сала­сындағы жа­ңа жобалар туралы келіс­сөздер жүргізді. Мақсат – мұ­най-газ саласы үшін жергілікті маман­дар­ды оқытып, өңір зауыттарында жұ­мыс істеулеріне ықпал ету. Өңір­дің Ресей­мен арадағы сыртқы тауар айна­лымы биылғы жылдың бірінші тоқ­санында 410,1 миллион АҚШ долларын құрапты. 

Екі елдің шекара бойында ор­налас­қан өңірлерінің рухани-мәдени бай­ла­ныстарын, эконо­микалық-инвес­ти­циялық мүмкін­діктері мен бизнесі­нің өзара әлеуетін арттыруға, ауыл шаруа­­шылығы саласындағы қарым-қа­тына­с­тарды дамытуға бағытталған іс-әрекет­тер әрі қарай да жалғасын таба бермек. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы