Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Жетісудағы жетістіктер

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан шаралар туралы баспасөз мәслихаты өтті.  

Жетісудағы жетістіктер

– Елбасымыздың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жетісу­лы­қ­тар жылы қабылдап, тек осы мақ­сатта арнайы жұмыс тобы құ­рылып, бағытымыз айқын­дал­ды. Өткен желтоқсан айында рес­публикада бірінші болып об­лыс орталығында «Рухани жаң­ғы­ру» орталығын аштық, – деп мәслихаттың шымылдығын сүйін­шілей түр­ген Аман­­дық Ғаббасұлы әңгіме­сін тө­мендегіше жалғады: «Бағ­дар­­лама аясында Қарасай ауданын­да Тұңғыш Президент – Елба­сының «Атамекен» тарихи-мәде­ни орталығы, «Батыр бабалар» музейі жаңадан салынып, іске қосылды. «Рухани қазына», «Тәр­бие және білім», «Атамекен», «Ақ­па­рат толқыны» сияқты кіші бағдар­ламалар негізінде 308 жоба жаса­лып, оларды жүзеге асыруға 37,1 миллиард теңге қаражат жұмса­лады. Оның ішінде 9,4 миллиард теңге демеушілер есебінен толықты». 

Жалпы алғанда, облыс бо­йынша жоғарыдағы бағдарлама  өткен жылы 8 мың іс-шара өткі­зіліп, оған 1 миллион адам тартыл­ған. Олардың қатарында өнер ұжым­дарының қайырым­дылық кон­церттері, дөңгелек үстелдер, кон­ференциялар, мәдени байқау­лар және тағы басқа шаралар бар.

Осында атқарылған жұмыс­тардың барлығы халыққа бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы жеткен. Нақтырақ айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы облыстық бұқаралық ақ­парат құралдарында 8 773 мақа­ла жарық көріпті. Тек өткен жылы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері қатысқан 59 брифинг өткен. 

«Рухани қазына» кіші бағ­дар­ламасы аясында өңірде 243 мә­дениет үйі күрделі жөндеу­ден өткізіліп, оның 7-еуіне өткен жылы, 13-іне биылғы жылы жоба­лау-сметалық құжат әзірленді. «Туған жер» жобасы шеңберінде өткен жылы жалпы сомасы 17,7 миллиард теңге болатын 193 жоба жүзеге асырылса, «Отаным – тағдырым» бағдарламасымен 397,3 миллион теңгелік 16 жоба, «Өлкетану» бағдарламасымен 24,4 миллион теңгелік 8 жоба, «Саналы азамат» бағдарламасымен 456,7 миллион теңгелік 16 жоба іске асты», деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар өлке тарихын таныстыратын «Киелі орындар­дың электронды картасы» жасалып, оған аймақ аумағындағы 
2 343 ескерткіш кірсе, бұлардың ішінен 58 нысан іріктеліп алынып, 17-сіне республикалық, 41-іне аймақтық мәртәбе берілген екен.

Облыста орындалып жатқан келесі бір игі шаруа – Орбұлақ ша­йқасының 375 жылдығына ар­нал­ға­н «Орбұлақ» мемориалды ке­шені мен Талғар ауданы Жа­­ңа­­лық ауылындағы «Саяси қу­ғын-сүргін және ашаршылық құр­­бан­­­дары музейінің» құрылыс жұ­­мыстары басталып, аяқталуға жақын. 
Сондай-ақ облыс басшысы демеушілердің қолдауы­мен жүзеге асырылған аса ірі әлеу­меттік жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, ««BN INVEST» қаржылық-өндірістік холдингі» ЖШС Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында 160 миллион теңгеге халықтың әлеуметтік әл­жуаз топтарына арнап 17 тұрғын үй салып берсе, Асқар Саби­ров басқаратын «Амал Био» серік­тестігі 30 миллион теңгеге Еңбек­шіқазақ ауданындағы Ащыбұлақ ауылында қараусыз қалған сая­бақты жаңғыртып, балаларға футбол алаңын жасап берген. 

Өңірде жастар мәселесі де назар­дан тыс қалмапты. «Жырға тұн­­ған мекенім – Жетісуым» жо­ба­сымен 43 жергілікті ақын-жазу­шының кітаптары жарық көрсе, «Жетісу балалар кітап­хана­сы» жобасы бойынша алты автордың балаларға арналған түрлі жанрдағы антология­сы басы­лып шыққан. Бұл туынды­лардың жалпы тиражы 24 мың дананы құрап отыр. 

Сондай-ақ «Жетісудың жас­тарға тартуы» жобасы аясында жас өлкетанушылар мен турис­тердің «Менің Отаным – Қазақ­стан» облыстық форумы өткізіліп, осы бағыт бойынша 2017-2022 жыл­дары 878,4 миллион теңге жұмсалып, 40 жобаны жүзеге асыру жоспары да бар екен. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»