Медицина • 28 Мамыр, 2018

Кепілдендірілген көмектің жаңартылған үлгісі

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңартылған үлгісі таныстырылды. ТМККК пакеті Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасы бойынша оңтайландырылып жатыр. 

Кепілдендірілген көмектің жаңартылған үлгісі

Жиынға Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, «Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Елена Бахмутова, Денсаулық сақтау министрлігі Фар­мация комитетінің төрағасы Люд­мила Бюрабекова, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының мін­детін атқарушы Шәріп Берік қа­тысты. 

Президент тапсырмасына сәй­кес, оңтайландыру барысында ме­ди­циналық көмектің құрылымын қайта қарауға, қымбат стационарлық көмектен тиімділігі жоғары про­филактикалық медицинаға көшуге, диспансерлік бақылауды ауруды басқару бағдарламаларына транс­формациялауға ден қойылып отыр. Осыны ескере отырып, меди­ци­налық қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі ұсынылған. Ол жалпы жұртшылыққа арналған минималды әлеуметтік стандарт, яғни ТМККК пакеті, әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінде сақ­тан­дырылғандарға арналған қызметтер пакеті, сондай-ақ медици­налық көмектің өзге қаржы көздері­нен қаржыландырылатын қосым­ша көлемі. ТМККК-нің жаңа үлгісі шұғыл және кезек күттір­мейтін жағдайға тап болған әр адам­ға көмек көрсетуге және жұртшы­лық үшін маңызы бар сырқат­тарды бақылауда ұстауға бағыттал­ған. ТМККК пакетінің жан-жақты на­қ­тыланған тізімі Үкімет қаулысымен бекітіледі. 

Баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева жаңа үлгідегі ТМККК па­кеті үш кезең бойынша енгізілетінін атап өтті. 
«Бірінші кезекте бұл – қол­да­ныстағы ТМККК пакетінде қам­тылған медициналық көмекке ревизия жасау және көмек тізімін нақ­тылау. Екіншіден, МӘМС жүйе­сін енгізе отырып, ТМККК-нің жаңа үлгісін дамыту, үшіншіден, меди­циналық технологиялардың үздіксіз дамуын ескере отырып, ТМККК және МӘМС пакеттерін тұрақты түрде жаңартып отыру», деді ол. 

Л.Ақтаеваның айтуынша, ТМККК пакетінде бастапқы меди­циналық-санитарлық көмектің бар­лық түрлеріне кепілдік берілген. Оған барлық азаматтарға арналған негізгі медициналық қызметтер, нысаналы топтарға арналған скринингтер, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларды қарау, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан тұрғындарды тұрақты бақылау, т.б. жатады.

 «25 мамырдағы мәліметтерге сүйенсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келісімшарт бе­кіткен емдеу мекемелеріне 310,7 млрд теңге қаржы төледі. Бұл халыққа кепілдендірілген меди­циналық көмек шеңберінде тегін қызмет көрсету жөнінде бекі­тілген келісімшарт сомасының 45 пайызына тең. 2018 жылы кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бекітілген келісім­­шарттардың жалпы сомасы 694 млрд теңгені құраған болатын. Қазіргі таңда қор 1463 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 613-і жекеменшік клиникалар», деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Е.Бахмутова.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»