Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Қарағандыда қоғамдық кеңес құрылды

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының орындалуын бақылайтын қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да азаматтық қоғам институттарының өкілдері енді. Аталған кеңес елімізде құрылған тұңғыш өңірлік қоғамдық ұйым.  

Қарағандыда қоғамдық кеңес құрылды

Кеңестің «Нұр Отан» пар­тия­сының облыстық филиалында өткен алғашқы жиынында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жаңадан құрылған ұйымның мақсатына тоқталып, оның алдында тұрған міндеттер жайын сөз етті. 

– Осы жылдың ең маңыз­ды шараларының бірі «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі болды. Әр бастама – біздің азаматтардың жағдайын жақсартуға жасалатын қадам, – деді өңір басшысы. – Бұл құжат шыққан сәттен бастап Елбасы «Нұр Отан» партиясына осы әлеуметтік бастамалардың орындалу барысын бақылауды тапсырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент «Нұр Отан» партия­сы Ассамблеяның қатысуы­мен әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасайтынын атап айтты. 

Бүгінде Қарағанды аймақтық кеңесі жұмысқа кіріскен. Оның төрағасы ретінде облыстық мәс­ли­хаттың депутаты Серғазы Әде­кенов тағайындалды, хатшысы – «Нұр Отан» партиясының об­­лыс­тық филиалы саяси жұмыс бөлі­мінің меңгерушісі Бағыжан Сәдір­бекова. Келешекте нақты ба­ғыт­тармен айналысатын жұ­мыс топтары құрылатын болады. 

Облыста қазірдің өзінде әрбір әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша дайындық жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Шағын несиелеуге 2018 жылы аймақта 5,7 млрд теңге қарас­тырыл­ған. Студенттер қауы­мы ара­сында жатақханаға мұқ­таж­­дардың қажеттіліктері анық­талған – олардың саны 2700­ орын­нан асады. Биыл­ғы жылы колледждердің жатақ­ханаларына арналып үш ғи­марат қайта қалыпқа келті­ріледі. 2019 жылы 4 студенттік жатақхана салу жос­парланып отыр. 

Қоғамдық кеңес мүшелері «Сарыарқа» газ құбыры магис­т­ра­лінің жобасын да назар­ға ал­ған. Себебі газ құбырының басым бөлігі Қарағанды облысы ар­қылы өтеді. 

Газ саласының арда­гері Ген­на­­дий Овчаров «Қара­ған­дыОблГаз» мамандан­дырыл­ған кә­сіпорнын құруды ұсынды. Қара­ғанды облысы кәсіпкерлер қауым­дастығының президенті Нико­лай Абт газ саласына қажетті құрылғыларды жасап шығара ала­тын жергілікті зауыттардың мүд­делерін алға тартуға кеңес берді.

– Біз сөзден іске көшіп, жұ­мыс­қа білек сыбана кірісуді бас­та­дық деп айтуға болады. Бізді ал­ды­мызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Бүгін де көптеген жақ­сы пай­далы ұсыныстар жасал­ды. Ола­рды жүзеге асыра бастай­мыз. Қо­ғамдық кеңес тек Елба­сы баста­мал­арының орындалуын ғана бақы­лап қоймайды. Ең бас­тысы – бар­лық күштерді бірік­ті­ру және әр бағыттағы жұмыс­тар­дың орындалуына жауапты құ­ры­лымдарға нақты көмек көр­­сету, – деп қорытындылады жиын­ды облыс әкімі Ерлан Қошанов. 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ