Қазақстан • 28 Мамыр, 2018

Мемқызметшілер Сингапурдың экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерделеуде

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен мемлекеттік қызметкерлер үшін өзгерістерді басқару, экономиканы әртараптандыру және инвестицияларды ынталандыру бойынша екі күндік семинар басталды. Семинарды Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Лим Сионг Гуан мырза өткізуде. Ол бұрын Сингапурдың Мемлекеттік қызмет агенттігінің басшысы, Экономикалық даму жөніндегі Кеңестің төрағасы, Сингапурдың GIC Дербес әл-ауқат қоры тобының президенті қызметін атқарған.

Мемқызметшілер Сингапурдың экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерделеуде

Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов семинарды ашу барысында озық елдердің тәжірибесімен танысудың маңызын атап өтті.

«Кез келген үкімет басқа мемлекеттер тәжірибелері мен шешімдерінен өз еліне барынша қажеттісін  табу үшін оларды зерделеуі керек. Сингапур - мемлекеттік басқару реформалары саласында көшбасшылардың бірі әрі оларды тиімді іске асыруда табысты үлгі көрсетті. Сондықтан осы елдің тәжірибесі Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыруда», - деді Төраға.

Шараның алғашқы күні Президент Әкімшілігінің басқарушы буын қызметкерлері, министрліктердің жауапты хатшылары және орталық мемлекеттік органдардың аппарат жетекшілері мемлекеттік қызметтегі өзгерістерді басқару бойынша дәріс алды. Атап айтқанда, олар Сингапурдың мемлекеттік секторды реформалау тәжірибесімен танысып, оны Қазақстан контекстінде талқылады. Олар сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің саяси кәсіпкерлер мен новаторлар ретіндегі рөлін қарастырды. Лим мырза мемлекеттің даму барысына қарай үкіметтің рөлі бақылаушы мен реттеушіден дәнекершіге, содан кейін ұйымдастырушы мен ынталандырушыға дейін жетілуі тиіс екенін айтты.

Екінші күні ҚР Президенті Әкімшілігі мен Премьер-Министрі Кеңсесі, Ұлттық экономика министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің қызметкерлері үшін «Экономикалық әртараптандыру және инвестицияларды ынталандыру: Сингапур тәжірибесі» тақырыбында семинар жоспарланған. Қатысушылар экономиканы әртараптандыру және өндірістік даму жолдарымен,  мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуын қолдауда фискалдық және қаржылық басқарудың рөлімен танысады, оған қоса сингапурлық тәжірибені Қазақстан экономикасына іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылайды.