Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Жангелді Махашов: Мемлекет басшысы қол қойған архив мәселелері туралы заңнама үлкен игіліктерге бастау болмақ

605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған архив мәселелері туралы заңнамаға түзетулер архив мекемелерінің қыз­меттерін кеңейту, оның ішінде генеалогиялық және тақы­рыптық сұраулар, архивтік құжаттардың депозитарийлік сақталуы және т.б. сияқты қызметтерді кеңейту бағытында үлкен игіліктерге бастау болмақ. 

Жангелді Махашов: Мемлекет басшысы қол қойған архив мәселелері туралы заңнама үлкен игіліктерге бастау болмақ

Атап айтқанда, ол – бірыңғай нормативтік актілерде қағаз және электрондық құжаттарды жобалау мен сақтауға қойылатын талаптарды біріктіру, сондай-ақ қоғамдық өмірдің барлық салаларында құжаттамалық қолдаудың жаңа ақпараттық нысандарын енгізу және электрондық құжат айналымына толық көшу.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда электронды құжат айналымының бірыңғай және құжат айналым жүйесінде қалыптасқан құжаттарды электронды құжаттар қоймасына көшіру жұмыстары жүргізілуде. Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі құжаттарды сақтаудың құпиялылығын және кіру құқығын шектеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ құжатты пайдалану тарихын, іздеудің ыңғайлылығы мен жылдамдығын бақылайды.

Архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағыттал­ған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық акті­леріне архив мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңымен қабылданған өзгерістер мен толық­тырулар электрондық жүйе құжаттарды электрон­дық түрге айналдыруға, оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге және электрондық архивті басқаруға мүмкіндік береді.

Электронды архивтің негізгі міндеті – еліміздің Ұлттық архив қорындағы құжаттарды жинақтау, тізімге алу, сақтау және пайдалану сынды архив қызметінің негізгі бағыттарын ақпараттандыру.

Архивтер қоғамның рухани, мәдени, ғылыми, әлеуметтік-құқықтық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында елдің тарихи-мәдени құжаттық мұраларын сақтайды. Архив қызметінің негізгі бағыты халықтың құжаттық естелігін сақтау болып табылады, бұл ел азаматтарына ретроспективті құжаттамалық ақпаратты оңтайлы түрде алуға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға құнды құжаттар қабылдануда, оларды цифрлық нысанға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Аса құнды құжаттардың сақтау қорын құру үшін микрофильмдеу технологиясы қолданылады.

Қазірде елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатқаны анық. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – цифрлық экожүйені үдемелі дамыту арқылы қажет мәліметтерді электронды түрде пайдаланып, өмір сүру сапасын жеңілдету. Осы орайда архивтегі мәліметтерге қол жеткізу ісі де уақыт талабына бейімделіп келеді.

Жангелді МАХАШОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры