Әдебиет • 29 Мамыр, 2018

Айжан Табаракқызы.⠀Жұбатудың айтыңыз бас амалын...

2365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Айжан Табаракқызы.⠀Жұбатудың айтыңыз бас амалын...


Жұбаныш іздеп қайтады құстар,
жанына батып қай қайғы?
Ештеңе ұқпас жеңілтек жел кеп,
жапырақпенен ойнайды.


Сары бауыр дала бүк түсіп жатыр,
жазын қия алмай басқаға.
Уақыт дегенің мөлт ете түскен,
сұмдайрықтағы жас қана.

Жанымды қарып қып-қызыл сөзбен,
балконда ұзақ ой шектім.
Бізге де мүмкін қайту керек пе,
жаныңды ұқпай қойса ешкім.

Бәріне өзі кінәлі жандай,
аулада отыр Күз үнсіз.
...Ылғи да маған тесіле қарап
тұрады бір көз
- Сіз кімсіз?!

Құстар-ау, құстар...
Мен де сендердей,
қайтуым үшін келіп пе ем?
Тым ұза-а-қ болып көрінеді осы,
бұл өмір маған неліктен?                

Көңілге уақыт жамау болмасын,
кеш сездік, неге кеш білдік?
Тіршілік дегенің – қайту екен ғой,
қайтудың мәні – ∞ !


                ЖАЗҒЫ ЭЛЕГИЯ
Гүлдер-ау, жаз жұбатқан жаныңды ертең,
Мұңайтып үлгерер Күз.
Бояуы оңған тірлікті кешпегенше,
Біз де оны білмегенбіз.



Күрмеуін шеше алмадым ғұмырымның,
Байланған бір адамға.
Менің осы хәлім де жеткілікті,
Өзгелер кінәлауға.

Ол дағы ештеңе етпес... Ой шаршатып,
Қайтармын бақтан жалғыз.
Сіз мен үшін ешкімнің ешқашанда,
Алдында ақталмаңыз.

Ұмыттырар уақыт сөз қылғанын,
Ертең-ақ кімнің, нені.
Қайыры осы десе Құдайдың да,
Бар шығар бір білгені.

Өзгергім келген сайын неге осылай,
Алдайды мені сенім?!
Сізді жақсы көрмеуден басқасының,
бәрімен келісемін.

 

            L'
Жылуда жоқ,
наз да жоқ,
кінә да жоқ,
жаныма батар кейде жанарыңыз.
Өзгертейін мазмұнын өмірімнің,
сол болса қалауыңыз.



Тар жолында тағдырдың қателескен,
Енді жолдас бола ма, маған бұл Ой.
Баянсыз тіршіліктен бақыт күткен,
Нашарлау адаммын ғой.

Біз ертең жазғырамыз осы үшін де,
бекерге күндеріміз өтсе, кімді?
Мүмкін бе өзіңізсіз ғұмыр кешу,
өлең де сол секілді.

Өткен өмір жүдетсе жүрегімді,
жұбатудың айтыңыз басқа амалын.
Сізді жақсы көрмеуге себеп тапсам,
құттықтап xат жазармын.

⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀***
Ұзатып салып тұрмын қимастықпен,
Жып-жылы сәттер қалған Қарашаны.
... Менің жазған xатыма үндемейсіз,
Сізге сол жарасады...

Шаршатқанда тірліктің күйі кейде,
Ол рас, алданыш қып Сізді ойлағам.
... Жолдар бәрін әкетер маңдайымнан,
Қоп-қоңыр күзге айналған.

Қарашыққа осылай мұң құлатып,
Тағдыр, шіркін, ойнайды жиі-жиі...
... Мен сосын отырамын қара шаймен,
Бірге ішіп күйігімді...

Ығы-жығы күндерім жылжи берер,
Сізсіз де ілесіп ап керуен жылға.
Тағдыр тағы не дайындап қойды екен,
Бәріне көнген құлға?..

Назы шығар бұл дағы уақыттың,
Кезі келсе көңілден бәрі көшер.
Қара күзден қажыған жүрегімді,
Қозғай ма әлі де шер?..

⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀   РЕПЛИКА 
Өзімді іздеп жүргенде өткен де, кеткен,
Құнын білмеген шақтарым кешсін бе мені?
Бір мекен тауып, көз түгіл көңіл жетпейтін,
Әйтеуір, кеткім келеді.


 
Кеткім келеді... Ұмыт боп шер мен шеменім,
Гүл өсер сосын мен жүрген соқпақта мұңлы.
...Қайырсыз болса тірлігім
Тәңірім бәрін,
Қалаймын тоқтатқаныңды.
 
Не істеу керек өзгелер күн кешіп жатқан,
Орын жоқ болса қоғамның ішінде сізге?
...Сусып барады жылдарым,
Қайырылмай маған,
Тағдыр-ау, түсінесіз бе?

Балдағы қылып жанына жалған күлкіні,
Өмірден мынау мезгілсіз өтер екен кім?
Өзімнен неге қашамын мойындай алмай,
Бәрінің бекер екенін.
 
Қадірсіз ойын тірліктен қажытқан сайын,
Үйір келеді неліктен күнәға адам?
Тағдыр да,
Түн де жазықсыз...
Осының бәрі
Дұрыстап жыламағаннан...
⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ 2018 ж

 

 ⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀ЖАЗҒЫ ЭЛЕГИЯ
Гүлдер-ау, жаз жұбатқан жаныңды ертең,
Мұңайтып үлгерер Күз.
Бояуы оңған тірлікті кешпегенше,
Біз де оны білмегенбіз.


Күрмеуін шеше алмадым ғұмырымның,
Байланған бір адамға.
Менің осы хәлім де жеткілікті,
Өзгелер кінәлауға.

Ол дағы ештеңе етпес... Ой шаршатып,
Қайтармын бақтан жалғыз.
Сіз мен үшін ешкімнің ешқашанда,
Алдында ақталмаңыз.

Ұмыттырар уақыт сөз қылғанын,
Ертең-ақ кімнің, нені.
Қайыры осы десе Құдайдың да,
Бар шығар бір білгені.

Өзгергім келген сайын неге осылай,
Алдайды мені сенім?!
Сізді жақсы көрмеуден басқасының,
бәрімен келісемін!