Қазақстан • 30 Мамыр, 2018

Ет экспорты: әлеует пен мүмкіндік

1512 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл ет бағасы өзге азық-түлікпен салыстырғанда 8-10 пайызға қымбаттады. Сиыр еті – 9,9 пайызға, қой еті – 9 пайызға көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қымбатшылыққа ет экспорты немесе тапшылық себеп емес екенін айтады. Мәселен, жылдың алғашқы тоқсанында 41 мың тонна ет дайындалыпты. Оның 24 мың тоннасы Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. 

Ет экспорты: әлеует пен мүмкіндік

Салыстыру үшін айтсақ, Оң­түстік Қазақстан облысында 3,6 мың тонна, Ақтөбеде, 3,1 тонна ет өндірілген. Көрсеткіштері 3 мың тоннадан асатын аймақтар ғана бүкіл мемлекет тұрғындарын етпен қамтамасыз етуші донор орталықтарға айналыпты. 

Сарапшы Константин Ки­се­лев Алматы мен Астананы қажет­тілігі өндіріп отырған ет өні­мінен 5-6 есе асып түсетін дота­циялық аймақ деп есептейді. Осы екі шаһар биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы мәлімет бойынша 1 мың тоннадан ет өндірген. Қазақстанның бас қала­ларының осы кезеңдегі қажет­тілігі 5-7 тоннадан асады. 

Қонақүй, мейрамхана бизне­сінің 42 пайызы Алматы мен Ас­­тананың үлесінде. Бұл екі қа­ладағы бизнес Көкшетау-Бура­бай өңірі сияқты маусымдық емес, жыл бойы жүреді, сол се­бепті Алматы мен Астананы өз кү­шімен ет және ет өнімдерімен қам­тамасыз ете алмайтын дота­ция­лық аймақ деп жариялау керек. Екі қаладағы ет бағасы өзге өңір­лермен салыстырғанда қым­бат, – дейді Константин Киселев. 

Сарапшылар арасындағы «до­тациялық өңірлер тек Алма­ты мен Астана емес, бүкіл Қа­зақ­стан» деген пікірді жақтау­шылардың қатары көбейіп барады. 2017 жылы сырттан 210 мың тонна ет импортталыпты. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға көп екен. Жалпы, ет нарығындағы орташа бағаны көтеріп отырған жергілікті шаруа қожалықтары емес, нақ осы сырттан келетін еттің ба­ғасы дейді мамандар. Мұны ресми статистикалық деректер де дәлелдейді. Ет импортының 83,7 пайызы алыс шетелдердің үлесіне, қалған 16,3 пайызы ТМД елдеріне тиесілі екен. Им­порттың басым бөлігі тауық еті. 

«Нарықтың заңы бойынша сырттан келетін тауарлардың ішкі өнім бағасының түсуіне әсері болуы тиіс еді, бірақ олай болмады. Бүгінгі күні ет бағы­тындағы мал өсіруге бөлі­не­тін субсидиялар тек ірі шаруа­шы­лықтарға беріледі. Біздің елде малдың 85 пайызы шаруа қожалықтары мен жеке қолда», – дейді К.Киселев

Қазір ет экспортын артты­ру­да алға қойып отырған ауқымды міндеттер тек ірі өндірушілер есебінен жүзеге асырылып келеді. Сондықтан ірі ет өнді­ру­шілерді қолдауға мемлекет тарапынан бірінші кезекте көңіл бөлінуі құптарлық. Мал басы­ның көбеймеуі, соңғы технологиямен жабдықталған мал бордақылайтын фермалардың толық қуатында жұмыс істей алмай шығынға батып отырғаны саланы дамытуда бірқатар түйт­кілді мәселелерінің бар екенін көрсетіп тұр. 

Әлемдік нарықтың таңдайы қазақ даласында жайылып мал етінің дәмін енді сезді. Біздің елден ет және ет өнімдерін экс­порттағысы келетін елдердің қа­тары көбейіп келеді. «Ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен қамти алмай отырып, алыс-жақын шетелдерге ет экспорттау көлемін қалай өсірмекпіз?» деп өзімізге сұрақ қойып алуымыз қажет сияқты. 2017 жылы сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алғанымызды жоғарыда айттық. Оның 170 мың тоннасына тең құс етінің 70 пайызы АҚШ-тың үлесінде. 23 мың тонна сиыр еті Беларусь, Ресей, Австралия, Парагвай, Бразилия, Польша елдерінен сатып алынған. 2017 жылы 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90 пайызы Австралиядан тасылған екен. 

Мамандар 2000 жылдан бастап Қазақстанның ішкі жалпы өнімі орта есеппен 8 пайызға өскенін, 1999-2000 жылдардан бастап ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларда таза астыққа көңіл бөлінгенін, мал шаруашылығы ұмыт қалғанын айтады. Тек 2014-2015 жылдары «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының аясында 70 мың басқа бордақылау алаңдарын салу жоспарланып, 3 мың бордақылау алаңы қаржыландырылыпты. Мал бордақылайтын алаңдар салу, қаржыландыру тек ірі шаруа қожалықтарының ғана қолынан келетін тірлік. Ол жерде Қазақстандағы мал басының 85 пайызы ғана ұсталады. Елімізде экспортқа бағытталған мал басының бәрі тек ірі шаруа қожалықтарынан алынады. Сондықтан малдың аздығы ғана емес, өнімнің сапасы да өз алдына бөлек тақырып. Себебі Астана мен Алматыдағы «KFC» немесе «McDonalds», басқа да ірі тамақтандыру нүктелері мал етін тек шетелден алдырады. Себеп –ет экспортымен кез келген кәсіпкер айналыса алмайды. Тіпті қытайлық стандарт бойынша ет өңдейтін комбинаттардың, мал бордақылайтын алаңдардың осы тәртіпке қаншалықты сай екені тексеріледі. АШМ мамандары талап өте күрделі болғандықтан, кез келген кәсіпкер ол тексеруден өте алмайтынын айтып отыр. 

Мамандар ет экспортының кәсіпкерлер үшін тиімді жоба екенін айтады. Былтыр Астанада өткен «KazMeat Astana» халықаралық форумында Қазақстан ет өндірушілер одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев 2017 жылы Қытайға 50 мың тоннаға жуық ірі қара еті экспортталатындығын мәлімдеген еді. Бұл еліміз үшін бәсекеге түсер орай болайын деп тұр. Қазіргі күні Қытайда сиыр етінің бөлшек саудадағы 1 келісінің бағасы 60 юань төңірегінде (яғни 2700 теңге шамасында). Ал Қытайдың ішкі нарығынан үлес алуға үміт бар. 

Кәсіпкер Сайлау Тотықов Қазақстанның мал етіне шетелдіктердің сұранысы артқан сайын ішкі нарықтағы ет бағасы қымбаттай беретінін айтады. Біздің жағдайымызда ұсақ шаруашылықтарды ірі шаруашылықтарға айналдыру механизмін алдын-ала зерделемесе соңы дау-дамайға ұласып кетуі мүмкін. Себебі біз ақсақ малы болса да көз алдында , жеке қорасында тұрмаса көңілі көншімейтін халықпыз. 

Гүлбаршын САБАЕВА 

АЛМАТЫ