Қазақстан • 30 Мамыр, 2018

Аралас жекпе-жек: Дамир додаға дайын

480 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

15 маусымда Орынборда аралас жекпе-жектен «M-1 Challenge 94» тур­нирі өтеді. Сол жарыс­тың басты бәсекесінде осы ұйымның жеңіл салмақ­тағы чемпионы, Ресейде тұрып жатқан қандасымыз Дамир Исмағұлов өз ата­ғын қорғап қалу үшін Белоруссияның бетке ұстары Артем Дамков­скиймен күш сынасады.

Аралас жекпе-жек: Дамир додаға дайын

Аралас жекпе-жек әлемін­дегі беделі зор ұйымның чем­пиондық атағын иеленіп отыр­ған Дамир Исмағұлов 1991 жыл­дың 3 ақпанында Орынбор об­лысы Первомай ауданының Ударный ауылында дүниеге келді. Бала кезінен ала доптың сиқырына арбалған оның арманы мықты футболшы болу еді. Алғашқы кездері аяқ алысы жа­ман болған жоқ. Ауыл мен аудан­да өз қатарының алды болып, көп­шілік назарына ілік­ті. Облыс құ­рамасының са­пын­­да Ресейдің аймақтық тур­нир­лерінде өнер көр­­сетті. Алай­да институтта оқып жүрген ке­­зінде аяғынан ауыр жарқат алып, соның салда­ры­нан асқақ ар­­­манымен қош ай­тысуға тура кел­ді.

Спорттың сиқырына бір ар­балған адамның осы саладан ал­шақтап кетуі мүмкін емес қой. Жарақатынан айыққаннан кейін Дамир Орынборда бар үйір­мелердің біразының табал­ды­рығынан аттады. Ақыры оның таңдауы аралас жекпе-жек­ке түсті. Жасы 20-дан асса да, өзінің еңбекқорлығы мен та­бан­­­дылығы, жанкештілігі мен же­ңіске деген құштарлығының ар­қа­сында биік белестерді бірте-бір­те бағындыра бастады. 

2014 жылы алғаш рет айқас алаңына шыққан Исмағұлов пермдік Александр Чернышты ұтқанымен, келесі кездесуінде махачкалалық Рамазан Суле­ба­новқа есе жіберді. Ол бұл сәт­сіз­діктен үлкен сабақ алды. Жат­ты­ғу залында аянбай тер төгіп, әр жарысқа ерекше құштарлықпен даярланды. Айқас алаңында барын­ша сауатты қимылдап, басты қарсыластарын бірінен кейін бірін ығыстыра бастады. Бас-аяғы төрт жылдан аса уа­қыт аралығында Дамир 17 жек­пе-жек өткізіп, 15 рет же­ңіс­ке жетті. Осы орайда, бұл тек ірі халықаралық дода­лар­да тіркелген нәтижелер екенін естеріңізге сала ке­тейік. Одан бөлек, ол түрлі ком­мер­циялық турнир­лер­ге қа­ты­сып, сан мәрте жеңіс тұ­­ғы­рына көтерілді. Мәсе­лен, 2016 жылдың желт­оқ­сан айын­да Алатау бау­­рай­­ында ел тәу­е­л­сізді­гінің 25 жыл­­­дығына орай жек­пе-жек­­тен дүбірлі жа­рыс ұйым­­дас­ты­­рылғаны жан­күйер­­­ле­рдің есін­­де болар. 70 ки­ло сал­мақта сай­ысқа түскен Орын­­­бордан кел­­ген қанда­сымыз Темір­лан Айсәділов, Айбек Нұрсейіт жә­не Мұрат Бақ­ты­­­оразов секілді сай­ып­­қы­ран­­дар­­ға сан соқтырып, бас жүл­деге ті­гілген «темір тұл­пар­ды» тіз­гін­деді. 

Сонымен қатар былтырғы жылдың ақпан айында Санкт-Петербургте өткен «М-1 Chal­lenge 74» турнирі бары­сын­дағы мы­на бір оқиға естен ке­тер емес Айтулы жарыста Да­мир Ис­мағұлов Францияның са­қа спортшысы Морган Эроны үшінші раундта техникалық но­каутпен ұтып, жекпе-жек аяқ­талған бетте сөз кезегі же­ңімпазға тиді. Микрофонды ал­ған ол: «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «М-1» ұйымының басшыларына өз өті­нішімді білдіргім келеді. Рей­тингтік бәсекелерге әбден «той­дым». Көп рахмет. Енді чем­пиондық тәж үшін таласқым ке­леді. Маған сондай мүмкіндік бе­рі­ңіздер. Бұл сәтті бүкіл Орын­бор халқы тағатсыздана кү­тіп отыр. Менің бүкіл Ресей жә­не күл­лі Қазақстанда да жан­күйер­ле­рімнің қатары қалың. Олар да менің жарқын жеңісімді көруге ерекше құштарлануда», деп ақтарыла сөйлеген еді. 

Сөз кезегі қайта жүргізушіге тигенде ол: «Қолымнан микрофонды тартып алғаныңызға қарағанда, көздеген мақ­са­ты­ңызға қол жеткізу үшін еште­ңе­ден тайсалмайтын батыл адам секілдісіз...» деп әңгімені әзіл­мен бастағаны сол еді, қазақтың ұлы бірден: «Бүгін мен сіздің қо­лы­ңыздан микрофонды тартып алсам, ертеңгі күні чемпионның беліндегі алтын бел­беуді жұлып әкетемін. Оған еш күмәндарыңыз болмасын», деп батыл сөйледі. 

Дамир жігіт екен. Сөзінде тұр­ды. Сол жылдың мамыр айында Орынборда ұйым­дас­ты­­рылған турнирде қазақтың ұлы­на тән қайсарлық танытқан Ис­ма­ғұлов Санкт-Петебургтен келген Максим Дивничті бесінші раунд­та техникалық нокаутпен ұтып, 70 кило салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Одан кейін Дамир тағы екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Бұл бәсекелерде ол бразилиялық Рожерио Карран­ка мен грузиялық Рауль Тата­раулиден басым түсті. 

Міне, сол Дамир бауырымыз өз атағын үшінші мәрте қорғау үшін 15 маусымда қайта айқас алаңына шығады. Жаттығу жұ­мыстарының соңғы кезеңін ол Алматы қаласына келіп, Алатау баурайында өткізді. Ал қарсыласы жайында айтар бол­сақ, 34 жастағы Артем Дам­ков­ский­дің де жекпе-жек өнері­н­де жиған тәжірибесі зор. Ол му­ай-тай, қоян-қолтық айқас жә­не панкратионнан өткен көп­теген халықаралық жарыс­тарда топ жа­рған. Осыдан сегіз жыл бұрын Артем бұл күндері жарқын жұл­дыз­ға айналып, UFC-де күш сына­сып жүрген чешенстандық Майрбек Тайсумовты тізе бүк­тір­ді. Осы жеңісінің арқасында ол «М-1» ұйымының алтын бел­беуін иеленген еді. Алайда көп ұза­май Беларусь спортшысы сол атағынан айырылып қалды. Осы күнге дейін Дамковский бар­лығы 32 кездесу өткізіп, 22 мәр­те жеңіске жетті. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ