Футбол • 30 Мамыр, 2018

Жаһан жаңалықтары: Қорғаушы үшін «Ливерпуль» 45 млн еуро жұмсамақ

407 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Англияның «Ливерпуль» командасы жуырда ғана басталған жазғы трансфер аясында «Монако» клубының қорғаушысы Фабиньоны сатып алды. Бұл туралы ағылшын клубының ресми сайты мәлімдеді. 

Жаһан жаңалықтары: Қорғаушы үшін «Ливерпуль» 45 млн еуро жұмсамақ

24 жастағы бразилиялық футболшы медициналық тексерістен өтіп, 1 маусым күні ресми түрде «Ливерпуль» ойыншысы атанады. The Guardian басылымы таратқан мәліметке қарағанда, «Ливерпуль» Фабиньоның трансфері үшін 45 млн еуро төлеген. Сонымен қатар «Монако» футболшының алдағы ойынына қарап тағы да 5 млн еуро алуы мүмкін.

Мәлімет ретінде айта кетсек, Фабиньо 2013 жылдан бері «Монако» сапында доп теуіп келеді. Өткен маусымда футболшы Франция чемпионатында 34 ойында алаңға шығып, 7 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген.

«Канелоның» қарсыластары кезекте тұр

Golden Boy Promotions компаниясының президенті Эрик Гомес өзінің қарамағындағы Сауль «Канело» Альварестің  (49-1-2, 34 КО) қыркүйек айында жұдырықтасатын қарсыластарының есімін атады.  

 

«Бізде Сауль үшін бірнеше нұсқа бар. Мысалы, Дэниел Джейкобс, Билли Джо Сондерс, Жермалл Чарло және Давид Лемье секілді бокс­шыларды қарастырып отырмыз. Сонымен қатар бұл тізімде Спайк О’Салливан да бар. Ал Головкин соңғы тізімде тұр. Дегенмен ол ешкімге белгісіз Сергей Деревянченкомен жұдырықтасатын шығар», дейді Гомес.

Айта кетейік, мексикалық боксшы осыдан үш ай бұрын кленбу­те­ролмен ұсталып, оны Невада атлетикалық комиссиясы тыйым са­лын­ған дəрі қолданды деп, жарты жылға бокстан шеттеткен еді. Аль­варестің жаза мерзімі 15 тамыз күні аяқталады.

Жиру Зиданмен теңесті

«Челси» мен Франция құрамасының шабуылшысы Оливье Жиру Франция мен Ирландия арасында өткен жолдастық кездесуде (2:0) гол соғып, Зиданның көрсеткішіне жетіп алды.

31 жастағы форвард өткен матчта Франция құрамасы үшін 31-ші голын соғып, қазіргі уақытта «Реал» командасын жаттықтырып жүр­ген Зинедин Зиданға гол саны бойынша теңесті. Енді Жиру құраманың ең үздік шабуылшылар қатарында Зиданмен бірге төртінші орынды бөлісіп тұр.
Франция құрамасы сапында ең көп голды Давид Трезеге (34), Мишель Платини (41) және Тьерри Анри (51) соққан. 

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»