Қазақстан • 30 Мамыр, 2018

Ақмола атауының шығу тарихы

6455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордамыздың тарихи Ақмола атауының шығу төңірегіндегі ойлардың түрлі нұсқалары болуы орынды. Өйткені қазақтың са­йын даласының әр төбесіне атау қоюы сол бетте мөр басылып, қағаз бетінде құжатталмаса да, ауыздан ауызға тарап, мәңгілікке орнап қалады. Десек те кейінгі кезде кейбір нұсқалардың өте қисынсыз, еш негізсіз долбармен айтыла салуы­на қарсымын.

Ақмола атауының шығу тарихы

Соның қатарында бұрын Ақмола атанған қала туралы елімізде айтарлықтай талас сөздер тым көп. Тіпті Астана қаласының маңын­дағы бұрын «26-нүкте» немесе «Алжир» аталған елді мекен­­нің аты «Ақмол» деп ауыстыры­лып, жергілікті әкімдіктің қуаттаған шешімі де шыққан. Бәлкім, Ақмола атауының түбірі – ақ, сүт, айран сияқты малдан алынатын ағарған өнімдері мол болғандықтан шыққан деп ойлаған шығар. Бұлай жасаған азаматтарды сөгудің реті де жоқ сияқты, туған өлкесінің атауын тартысқа салған жандарға тоқтау қойғысы келген болар?!

Осы орайда, мен де өзім біле­тін деректі көпшілікпен бөліскім келеді. Мемлекет және қоғам қайрат­кері Ілияс Омаров (1912-1970жж) туралы 2002 жылы жарыққа шық­қан «Ильяс Омаров. Жизнь и философия» деген кітап автор­лары Мұхаммед Халел және Жанар Сүлей­меновтер атақты қоғам қайрат­керінің бесінші атасы Ақмол­ла атты би болған деп жазады. Би­дің әкесі белгілі Қарабалуан деген батыр ауылына тосыннан келген Ақмолла есімді татар молдасының жаңа туған бала­сының атын Ақмалат деп қойғанын айтады. Кейіннен батыр­дың ауылына Абылай хан келіп, ханның жас балаға берген есімді жаратпағанын ескеріп, атын Ақмолла деп өзгертеді. Сөйтіп бала­­ның есімі әлгі молданың есімі­мен аталып кеткен. 

Кейін жасөспірім Ақмолла Абы­лай ханның ұлы Уәли сұлтан­ның тұңғышының жанында жүріп, би атағын алып, жасы қырық­қа тақағанда сұлтанмен бірге Көк­шетаудағы негізгі хан ордасына бара жатқан жолда кенеттен қайтыс болып, сүйегі осы күнгі Астана, бұрын Ақмола атанған қала маңындағы төбе басына қойылады. Ол кезде ел арасында өздері танымайтын жерге белгілі азаматтың сүйегі қойылса, жер аты соған сәйкес ауызша өзгеретінін ескерсек, Ақмола атауының сыры осыда жатқан болуы әбден мүмкін. 

Алда келе жатқан еңселі елорда­мыздың 20 жылдық мерейтойына орай, Ақмола атауының шығу тарихы туралы өзім оқыған тың деректі еліміздің бас басылымы арқылы жариялауды жөн көрдім. Бұл дерек Астана қаласының бұрынғы атауының тарихи мәнін ашып, жаңа ізге салады деп ойлаймын.

Жанболат ӘШЕРБЕКОВ,

92 жастағы ардагер, отставкадағы полковник