Әдебиет • 30 Мамыр, 2018

Шопеннің жүрегі

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі ұлы композитор Фредерик Шопен Францияда көз жұмар алдында «Жүрегім Польшаны сағынатын. Мен Испания, Англия, Францияда болған кезімде Польшаны, Варшаваны жүрегім іздеп тұрды. Менің мәйітім осында қалғанымен, жүрегімді Польшаға жеткізіңдер!» деп өсиет қалдырыпты. 

Шопеннің жүрегі

Мүрдесі Париждің Пер-Лашез пантеонына жерленеді. Ал ұлы композитордың жүрегі коньякқа салынып, Варшаваға жөнелтуге дайындалады. Бірақ бәрі оңай емес еді. Шекарадағы орыс әскерінен өту де бір қиындық. Дегенмен Шопеннің сүйікті әпкесі, Людвига асқан қайсарлық танытады. Інісінің жүрегін жасырып, орыс әскеріне көрсетпей, Варшаваға алып өтеді. Композитор қайтқаннан отыз жыл өткеннен соң туған күніне орай, оның жүрегін Әулие Крест шіркеуіне әкеліп жерлейді. Біреуге аңыздай болып көрінетін осы оқиғаны Отанға, алтын бесік туған жерге деген махаббаттың символындай көремін. «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» деген халық арасындағы нақыл сөзді де растап тұрғандай сезіледі. 

Өткен жыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ха­лықты дүр сілкіндірді. «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы арқылы көбіміздің туған жерге деген сезіміміз тү­леп оянды. «Рухани жаңғыруға Шопеннің не қатысы бар?» дерсіз. Бар екен. Варшава Шопеннің жүрегінен орын алса, Мағжанның жүрегіне Тұран сыйған еді. Орыс­тың Некрасовы («Тишина»):

«Не небесам чужой отчизны -

Я песни родине слагал!» – десе, қазақтың Сұлтанмахмұты («Туған еліме») 

«Сіздерге әкеп шашуға,

Ілім, білім жинаймын», – деп қимай кетіпті туған өлкесін.

Туған жер, туған өлке кімге де болса ыстық. Әсіресе, туған өлкесінің бір уыс топырағы мен жуса­ны­ның иісін өле-өлгенше аңсап өтетін, жат жерді жер­сінбейтін аруанадай текті Тұран баласы үшін туған жер киелі ұғым, қасиетті түсінік. Жазушылар, ақын­дар, суретшілер, басқа да өнерлі тұлғалар туған жердің ұғымын сан ғасырдан бері саф өнердің бүтін тақырыбына айналдырды. Иә, туған жер деген ұғымсыз да жүргендер бар. Еуропалықтар Аустралияны жаулап, жергілікті аборигендерді құртып жіберу саясатын ХVІІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейін жүйелі жүргізіп келді. Бірақ 1949 жылы «Ұлттар және азаматтар» атты заң күшіне енгеннен кейін байырғы тұрғындар мен басқыншы еуропалықтар қайта теңесті. Бірақ бүгінде Аустралияның аборигендері мен басқыншы еуропалықтарды бөліп тұрған бір түсінік бар. Ол – «отан» деген ұғымның келімсектерде болмауы. Әрине, олар (еуропалықтар) Аустралияның патриоты, тең құқылы азаматы, билеуші топ т.б. Бірақ, дегенмен аборигендер әлі күнге өз тайпаларымен тұратын жерді туған жер санап, отан санап келеді. Ал еуро­палықтар әлі де Аустралияны «Кенгуру отаны» деп әлемге жар салады. Бірақ дүйім жұрт Аустралияны «Кен­гуру отаны» дегенмен көзі ашық, көкірегі ояулар ол елдің иесі байырғы тұрғындары аборигендер еке­нін біледі. 

Бір кездері біз де Аустралия аборигендерінің күнін кеше жаздадық, бірақ біздің Абайымыз, Мағжанымыз, Мұқағалиымыз бар. Әрқайсысының жүрегі Шопеннің жүрегіндей Ұлы Отан Қазақстаным деп соқты. Артық болмаса, кем емес. Бізді аман сақтап қалған да ай мүйізді арқардай тұлғалар сөзі, салт-дәстүр, тіл, діл, ұлттың ішкі қуаты, мәдениеті еді. 

Иә, қазақ халқының жүрегінде Отан мен туған жер егіз ұғым, бір түсінік. Туған жер − Отанның бір бөл­шегі. Ең сүйікті де сұлу жер. Бабаларымыз рухани бай­лығын, ой-парасатын туған өлкесін сүю арқылы көр­сете білді. Туған жерге ұлыларымыз бас иіп, ақын­да­рымыз жырын арнауы келесі буынның отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түспесе, кеміткен емес. Сонау ХV ғасырдағы Қазтуған бабамыздың 

«Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт» деген «Еділмен қоштасу» жыры да бес ғасыр бойы өз мәнін, мазмұнын жоғалтпай келуі көп нәрсені аңғартса керек-ті. Тасқа басылмаса да ауыздан ауызға тарап, ғасырдан ғасырға жетуі қазақ баласының туған жерге деген нәзік сезімінің, перзенттік сүйіспеншілігінің қымбат, асқақ әрі шынардай биік екенінің көрінісі. Туған жерді қай шайыр, қай халық сүймейді дейсің. Кешегі «Қабірімді туған жерден қазыңдар» деген авар халқының белгілі ақыны Расул Ғамзатовтың, 

«Асау жүрек өгей ұлың болдым ғой мен өз елім.

Өлім күтіп шетте өртенді-ау өзегім. 

Өлсем қызыл гүлдер өссін қаныма, 

Көз жасымды қабылдасын өзенің», – деп Берлин шаһарынан туған жерін аңсаған Мұса Жәлелдің жауһар жырлары да барша адамзаттың көңілін қозғап, жүрегін тербей отырып туған жерге деген ұлы күш − махаббатты оятты. Ал біздің лирик ақынымыз Мұ­қағали Мақатаевтың «Апырмай, туған жер-ай» деген өлеңінде «Кіндігімді байлаған қазығым-ай» деген жол бар. Бір өлең жолына туған жерге деген махаббаттың бүкіл болмысын, мән-мағынасын, астарын сыйғызып жіберген ақиық ақынға еріксіз бас иесің. 

Бабадан қалған игі салт-дәстүр жаңа заманда өзгеше сипат алып, әркім өз ауылы, ауданына, облысына қызмет етсе, ертеңгі күні Қазақстанның абыройын қорғайтын азамат болары айдан анық. Бүгінде алыс-жақын қазақ бойындағы жоғалтқанын тауып, сөндіріп алғанын тұтатып, ұйықтап кеткен рухын оятып жатқандай сезіледі. «Рухани жаңғырудың» қалың бұқараға әсер еткені, бағдарлама мақсатының, идеясының орындалғаны деп пайымдадым. Біздің де қағаз бетіне түскен оймақтай ойымыз осының айғағы! 

Қуаныш ҚОЖАБАЙҰЛЫ

КӨКШЕТАУ