Аймақтар • 30 Мамыр, 2018

Талдықорғанда 2 жасар сәби менингиттен шетінеді

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қатерлі дерттен 2 жастан асқан сәби шетінеді. Дәрігерлер науқасқа менингококк инфекциясына шалдыққан деген диогноз қойып отыр.

Талдықорғанда 2 жасар сәби менингиттен шетінеді

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Ахметованың айтуынша, қазір шетінеген сәбидің мәйітіне сараптама жұмыстары жасалып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, балада ауру белгілері ерте білінгенімен,  қажетті ем-дом жасау мерзімі кешіктірілген.

- Ата-ана дене қызуы көтерілген қыздарына өз бетінше ем жасап, дертті одан әрі асқындырып алған. Үйге шақырған «Жедел жәрдем» дәрігерлері де сәбиді ауруханға әкетпей, науқасқа тыныштандыратын екпе ғана салған. Сараптама қортындысынан кейін, науқастың өміріне немқұрайлы қараған дәрігерлерге шара қолданамыз, - деді бізге Эльмира Ахметова.

Жалпы бұл өткен екі ай аралығында облыс бойынша менингококк инфекциясына шалдығуға қатысты орын алған төртінші жағдай екен. Өкіншке қарай, облыс дәрігерлері менингококк инфекциясына шалдыққан сәбидің өміріне араша тұра алмады.

Ауруханаға  2 жастан асқан Айша Қабдолла есімді қыз бала ауыр жағдайда жеткізілді. Біздің маман дәрігерлер науқастан инфекциялық-токсикалық шок белгілерін анықтап, менингококк инфекциясына шалдығуы мүмкін деген диогноз қойды. Өкініштісі, біз сәбидің өмірін сақтап қала алмадық, - деді оқиғаға орай түсініктеме берген облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Сауранбаев.

Қазір облыс аумағында менингококк инфекциясының ошағын анықтау жүргізіліп, шетінеген сәбимен қарым-таныста болған адамдар бақылауға алынған.Шетінген сәби соңғы күндері ата-анасымен бірге Алакөл ауданының Көлбай ауылына қонаққа барған екен. Қазір баламен бір дастархан басына жиналған 66 адамның барлығына тексеру жасалған. Олардан дерттің белгілері анықталмады. Ал менингококк инфекциясынан шетінеген қыздың ата-анасы облыстық инфекциялық аурулар дипансеріне жатқызылып, дәргерлердің қарауында. Осы аурухананың бас дәрігері Бауыржан Сауранбаев науқастардың жағдайы қалыпты екенін айтады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы