Қазақстан • 30 Мамыр, 2018

Гүлшара Әбдіқалықова Сингапур Ұлттық университетінің профессоры Лим Сионг Гуанмен кездесті

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова биыл Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толғанына тоқталып, Елбасының тапсырмасымен елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуға бағытталған «Қазақстан – 2050» стратегиясының жүзеге асырылып жатқаны, экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы қамтитын жүйелі жаңғыру жүргізіліп отырғаны, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында ауқымды өзгерістер қолға алынғаны жөнінде айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова Сингапур Ұлттық университетінің профессоры Лим Сионг Гуанмен кездесті

Мемлекеттік хатшы Сингапурдың әлеуметтік-экономикалық даму ісіндегі тәжірибесінің Қазақстан үшін мәні зор екенін, әсіресе  мемлекеттік қызметті реформалауға, адами ресурстардың сапасын арттыруға және ұлттық экономиканы цифрландыруға қатысты мәселелерді атап өтті.  

– Астанадағы Сіздің семинарларыңыз бізге «меритократияның» сингапурлық  моделінің негіздерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің біліктілігін арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.   

Мемлекеттік хатшы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауда адами капиталдың дамуы басымдыққа ие міндеттердің бірі болғанын атап өтіп, Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өз университеттеріміз – тәжірибесі еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қолданылатын Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты және басқа да білім ордаларының ашылғанын айтты.

– Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі Қазақстандағы Сингапурдың өзіндік «Education Ambassador» секілді болады және Қазақстан мен Сингапурдың білім беру мекемелері арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Мемлекеттік хатшы.

Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова профессор Лим Сионг Гуанға зор табыс тілеп, сындарлы ынтымақтастықтың одан әрі жалғаса беретініне ниеттестік білдірді.