Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Оралда түрмелердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы конференция өтті

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында бас бостандығынан айыру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, күресу мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын барысында Батыс Қазақстан облыстық соты мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Оралда түрмелердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы конференция өтті

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен облыстық сотта «Пенитенциярлық мекемелердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемелерінің заманауи технологиялары, тетіктері мен ресурстары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға Департамент қызметкерлері, облыс судьялары, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдері, арнайы аймақтық мониторингтік топ мүшелері, «Адам құқығы және заңдылық сақталу бойынша Бюросы» қоғамдық ұйымы облыстық филиалының басшылығы және баспасөз өкілдері қатысты.

- Мемлекет басшысы алдымызға қойған басты міндеттің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес және Заң үстемдігі. Елімізде алдын алу, білім беру-тәрбиелеу және жазалау шараларынан құралған сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа өрнегі жасақталды. Адам өмірі үшін маңызды мәселелерге қатысты заңнамалық актілерге толық тексеру жүргізуге назар аударылды, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған жаңа заңдар қабылданды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алушы мекемелер жемқорлық қаупін талдап, мониторинг жүргізуде. Нақты органдарда жемқорлықты жою бойынша ұсынбалар дайындалуда. Сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясын жүзеге асыру аясында бұндай мониторинг жазасын өтеп жатқан сотталушылардың құқығын қорғау бойынша халықаралық міндеттемелердің орындалу барысын анықтау үшін облыстың қылмыстық-атқару жүйесіне жүргізілді. Тексеру нәтижесінде анықталған жәйттер бойынша тиісті ұсынбалар жасалды, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасқаны туралы мәлімдеді. Сот жүйесінде жемқорлыққа қарсы бағдарламаны орындау мақсатында жемқорлықтың алдын алу бойынша кешенді жоспар жасақталған. Жоспар міндеті – жемқорлықпен күреске судьялар мен мамандарды тарту, сот жүйесіндегі жемқорлыққа мүлдем төзбейтін қоғам қалыптастыру. Жемқорлық факторын жою үшін сот қызметінде азаматтардың арыздары мен ұсыныстарына сергек қарау, шағымдарға уақытылы шара алу, судьялық корпус және сот қызметкерлері тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар туралы сенім телефонына хабарлау өте маңызды.

Конференцияда сөз алған Орал қалалық сотының судьясы Руслан Жұмағұлов қылмыстық істер мен материалдарды бейнеконференцбайланыс арқылы қарап, сотталушылар мен тұлғаларды түрмеде және тергеу изоляторларына ауыстырмай қарайтын «Қашықтық сот процесі» туралы айтып берді. Бұл технология уақыт пен бюджет қаражатын, сондай-ақ жалпы қауіпсіздік режимін сақтауға мүмкіндік береді. 2018 жылдың басынан бастап, сот қылмыстық атқару жүйесінің үш мекемесі бойынша 169 ұйғарымды бейнеконференцбайланыс арқылы қарады. Азаматтарға қызмет көрсетуде IТ-технологияны пайдалану қарым-қатынасты ашық етіп, сот төрелігін тиімді жүзеге асыруға көмектеседі.

Өз саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы облыстың Қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің басшысы Дмитрий Кобцев баяндады. «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Павел Кочетков бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандардың заңды құқықтарын сақтау туралы баяндама жасады.

Конференцияға қатысушылар атап өткендей, тиімді мемлекеттік аппарат құруда мемлекеттік қызметшілердің әдебі маңызды рөл атқарады. Сондықтан, мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі мен мемлекеттік қызмет туралы заңын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе күресу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Б.Әметов пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы Б.Исақов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл меморандум мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде және мемлекеттік басқару мәселесінде коррупцияның алдын алуға, оның пайда болу себептерін азайтуға негіз болады дейді конференцияны ұйымдастырушылар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы