04 Маусым, 2018

Жалпыадамзаттық құндылықтар алаңы

1184 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһандану заманында ұлттық өмірдің қалыпты дамуы сол мемлекеттегі жалпы­адамзаттық құндылықтардың ойдағыдай салтанат құруына тәуелді. Ұлттық мәселе­лердің негізгі түйіні адамзатқа ортақ мәселе­лерге келіп тіркеледі. Бұл екі үрдіс үнемі өзара тәуелді қозғалыста болып, бір-бірінің дамуына жағдай туғызады. Дамыған мем­ле­кеттердің көпшілігі екі үрдістің жара­сым­дылығына қол жеткізіп отыр. Адам, тұлға белгілі бір ұлттың өкілі ретінде өзінің этностық тамырларының дамуын қаншалықты қаласа, жеке тұлға ретінде адам құқықтарының мүмкіндіктерінің орындалуын соншалықты қалайды.

Жалпыадамзаттық құндылықтар алаңы

Әлемдегі гуманитарлық ой ұлттық пен адамзаттықтың қатарласа дамуының мүмкін­діктерін ашудың түрлі жолдарын қарасты­рып келді, әлі де қарастыруда. Адамзатқа төнген қауіп қандай да болмасын ұлтқа төнген қауіп болып табылады. Сондықтан өркениетті адамзат ұлттық эгоизмнің шектен шығып, әлемдік қоғамдастыққа қауіп төндіруінен сақтанады. Осының айқын дәлелі Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар. Олардың себептері байлыққа, билікке, жаңа жерлерге қызыққан импералистік топтар саясаты. Әлемдік билікке ұмтылушылар ұлттық мүдделер ұранымен адамзатты қанға бөктірді. Екі соғыста 80 миллионнан астам адам қырылып, адамзаттың эволюциялық дамуы ондаған жылдарға тежелді.

Қазір де неоимпералистік саясатты басшы­лыққа алушылар жетерлік. Олар түрлі ұрандар арқылы әлем халықтарын билеп-төстеу, дамушы мемлекеттердің байлықтары мен ресурс­тарын сору мақсатын ұстануда. Әрине орта, кіші мемлекеттер қауіпті сезініп мұндай әрекеттерге қарсы шығуда. Басым державалардың өз ішінде де адамзатты сақтау әлемдік әділетті тәртіптер орнатудың маңыздылығын түсінетін топтар баршылық. Сондықтан өркениетті, ізгілікті адамзат неоимпералистік топтардың ұлттық эгоизмді қоздыруына, халықтарды бөлшектеуіне, расистік, сионистік, шовинистік, діни радикалистік саясат жүргізуіне қарсы.

Әлемдік тәртіптерге түрлі қауіптер, қайшы­лықтар мен қатерлер өз әсерлерін тигізіп отырады. Әлемдік саясатты ішкі саясат сияқты орталық­танған билік басқармайды. Әлемдік дода алаңына қатысушылар өз мүдделеріне сәйкес қызмет етеді. Сондықтан әлемдік сая­сат­­тың тәуекелдері көп. Осыны түсінген әлемдік қоғамдастық Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң ұзақ талқылаулардан кейін 1945 жылы 26 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйы­мын құрды. Негізінен АҚШ, Кеңес Одағы, Ұлыбри­тания бастамашы болған БҰҰ-ға 50 мемлекет құрылтайшы мүшелер ретінде кірді. БҰҰ-ның негізгі мақсаты – әлемдік қоғамдастықты жаһан­дық мәселелерді, қауіптерді және қайшылықтары бірлесіп шешуге жұмылдыру болды.

Қазіргі кезеңде әлемдік басым держава­лар­дың саяси элиталары жаһандық ортақ мәселелерді шеш­пейінше ешбір мемлекетте болашақ бол­майтын­дығын түсінуде. Жер планетасы қор­ғау­ды, аялауды қажет етеді. Экономикалық мақ­сат­тар, баю үшін табиғатты аяусыз пайдалану зор эко­ло­­гиялық зардаптар әкелуде. Дамушы елдер­дің кедейлене түсуі түрлі індет ауруларына, қа­йыр­­шылыққа, босқындар тасқынына себеп болуда. Басым державалардың неореалистік саяса­ты түрлі соғыстар әкелсе, діни радикализм идео­ло­гиясы экстремизм мен терроризмге жол ашуда.

БҰҰ – осы аталған жаһандық қауіптердің барлығымен айналысатын әлемдік ұйым. БҰҰ қызметі өте күрделі, сан-салалы адамзаттық мәселелер. Олардың тиімді шешімдерін табу тіптен қиын. Көптеген әлемдік қайшылық нүктелері ондаған жыл әлемдік бейбітшілікке қауіп төндіруде. Оларды шешіп тастауға БҰҰ-ның шамасы келе бермейді. Себебі қайшы­лық нүктелерінің артында әлемдік басым держава­лардың мүдделер күресі тұр.

Осындай күрделі құбылыстарды көрген кейбір сарапшылар БҰҰ қызметінен аса көп пайда жоқ, бұл ұйым өзінің миссиясын орындады, ол енді тиімді қызмет жасай алмайды деген пікірлер білдіруде. БҰҰ баламасы ретінде «Әлемдік үкімет» типіндегі жаңа ұйым құру да ұсынылуда. Біздің пікірімізше, БҰҰ-ға әзірше балама жоқ. БҰҰ жақсы болсын, жаман болсын әлемдік қайшылықтарға тоқтау салудың жолдарын талқылаудың жалғыз халықаралық алаңы болып қалуда. БҰҰ 1948 жылы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», 1966 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт», 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің қорытынды актісі» сияқты маңызды халықаралық құжаттар БҰҰ-ға қазір мүше болып отырған 193 мемлекеттің әр қайсысы үшін маңызды. Адамзатқа ортақ экология, бейбітшілік, азық-түлік қауіпсіздігі, індет ауруларға қарсы күрес, терроризмді ауыздықтау, қуат көздерін тиімді пайдалану, әлемдік ақпаратты ортақтандыру, заңсыз қару сатуды тию, құлдықты болдырмау, кедейшілікпен күрес, балалар мен әйелдер құқықтарын қорғау, миграция мен демографияны реттеу сияқты жаһанданған әлемге тән мәселелердің барлығын талқылайтын жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәселелер алаңы БҰҰ болып отыр. Сондықтан Қазақстан Республикасы БҰҰ-да ерекше белсенділік көрсетуде.

Елбасы Қазақстан  1992 жылдың 2 наурызынан бастап БҰҰ-ның  мүшесі бола салысымен бұл ұйымды елдің бейбітсүйгіш, ынтымақтасу саясатын насихаттау мінберіне айналдырды. Ядролық қарудан бас тарту, терроризмге қарсы күрес, әлемді экологиялық сауықтыру, балама қуат көздері, Сирия дағдарысын шешу сияқты жаһандық мәселелердің шешілу жолдарын және тетіктерін Елбасы үнемі әлемдік қоғамдастық назарына ұсынумен келеді.

Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы