Әлем • 04 Маусым, 2018

Басқа басылымдардан. Израиль Газада қарсы шабуылға шықты

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Израильдің қарулы күштері Газа секторындағы палестиналықтар орналасқан аймаққа бірқатар әуе соққысын жасап, ракетамен атқылады.

Басқа басылымдардан. Израиль Газада қарсы шабуылға шықты

Ел билігінің айтуынша, әскери ұшақтар Хамас ұйымы орналасқан 35-тен астам нысананы атқылаған көрінеді. Сонымен қатар Израиль тарапы палестиналықтар шабуыл жасады деген уәж айтуда.

Al Jazeera арнасының хабарлауынша, аталған шабуылды Хамас ұйымы қатаң сынға алған. Ұйым «әскери аймақтарды ракетамен атқылау  кешірілмейтін қылмыс» деп ресми мәлімдеме жасады. Сондай-ақ Газадағы бірқатар бригадалар әскери іс-қимылды Палестина халқына күш көрсету әрекетіне теңеп, бейбіт тұрғындарға жасалып жатқан Израиль тарапының қысымына әлем назарын аудару  қажет деп есептейтінін жеткізген.

Al Jazeera арнасына сұхбат берген Хамас ұйымының өкілі Исмаиль Радван дау-жанжалға Израиль билігін кінәлады. «Жағдайдың ушығуы сионистік басып алу болғандықтан қауіпті және оқиғаның осылай өрбуіне де сол кінәлі» дейді ол.

Дегенмен Израиль тарапының өз айтары бар. Сыртқы істер министрінің хатшысы Эммануэль Нахшон туит­тер­дегі парақшасына «қарапайым халық­қа жасалған қысымға ешқандай мемлекет көнбейді де, қабылдамайды да. Біз де сөйтеміз» деп жазған.

Жалпы, 30 наурыздан бері қарусыз 121 палестиналық Израиль қарулы күштері тарапынан қаза тапты. Олар өз үйлері мен жеріне қайтаруды сұрап шеруге шыққан болатын.

Al Jazeera арнасының мәліметіне сай, әзірге әуе шабуылынан кейін қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Әйтсе де, Израиль әскері үш сарбазы жарақат алғанын хабарлаған.

Келіссөздер қайта жалғасты

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 12 маусымда өтуі тиіс Ақ үй басшысы Дональд Трамп пен Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын арасындағы саммиттің тағдыры қыл үстінде тұрғанын мәлімдеді.

М.Помпео Нью-Йоркта екі рет КХДР-дан келген өкілдермен кездесті. Оның айтуынша, келіссөздер сәтті жүрген, алайда әлі де кейбір мәселелер толыққанды шешілмеген көрінеді. Әйтсе де, мемлекеттік хатшы қазіргі кезең екі мемлекет үшін маңызды сәт екенін жеткізген.

Естеріңізде болса, АҚШ прези­денті Дональд Трамп пен КХДР басшысы Ким Чен Ын 12 маусымда Синга­пурде екіжақты саммит өткізуі тиіс болатын. Бірақ Д.Трамп таяуда жиын­ға қатыс­пайтынын мәлімдеген. Синга­пур­дегі саммиттен үлкен үміт күтіп отыр­ған халықаралық қоғамдас­тық Ақ үй бас­шысының бұл шешімін наразы­лық­пен қабылдады. Ақыры АҚШ-КХДР келіссөздері қайта жалғасатын болды.

CNN агенттігінің хабарлауынша, Солтүстік Корея мен Ресей екі ел арасындағы дипломатиялық бай­ла­ныстың орнауына 70 жыл толуы­на орай екіжақты жиын өткізбек. Сейсенбі күні Пхеньянда өткен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Ким Чен Ын арасындағы кездесуде осындай шешім қабылданған.

Қытай ШЫҰ-ның саммитіне сақадай сай

Маусымның 9-10 күндері Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының 17-ші саммиті өтеді. Жиынды ұйымдастыратын Қытай соңғы әзірліктерін пысықтап, шараға тас-түйін дайын отыр.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, саммитті ұйымдастыруға 2000-нан астам ерікті жұмылдырылған көрінеді. Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И жиынға ел президенті Си Цзиньпин төрағалық ететінін мәлімдеді.

Ван И саммит жұмысы кезінде ШЫҰ-ның қазіргі жағдайы және келешектегі дамуы талқыланып, аймаққа қатысты халықаралық және өңірлік маңызды мәселелер сөз болатынын жеткізді. Сондай-ақ саммит барысында Циндао декларациясы бекітіліп, қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастыққа қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтіліп отыр.

Бұдан бөлек, Xinhua агенттігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапармен келетінін де айтқан. Онда бірқатар мәселелер талқыланып, екіжақты кездесулер өткізіледі.

Агенттіктің мәліметіне сай, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы құрыл­ғалы мүше мемлекеттер арасын­дағы экономикалық әріптестіктің жемісті болып, сауда айналымы, инвестиция, көптеген ортақ жобалар тиімді жүзеге асырылып келеді. Мәселен, ШЫҰ мен Қытай арасындағы сауда айналымы биыл 20,7 пайызға өсіп, 217,6 мил­лиард долларға жеткен.

Жалпы, бұл – ШЫҰ кеңейтілгеннен кейінгі алғашқы саммит. Былтыр 2017 жы­лы Астанада өткен жиында ұйым құ­ра­мына Үндістан мен Пәкістан толық­тай мүшелікке қабылданған болатын.

Шолуды дайындаған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»