Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Қоршаған ортаны қорғаудағы түйткілді мәселелер

1207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа ғасырға аяқ басқан Қазақ­стан әлемдегі басқа да мемле­кет­тер сияқты қоршаған орта­ның ластануы бойынша күрделі проблемаларға ұшырап отыр. 

Қоршаған ортаны қорғаудағы түйткілді мәселелер

Экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіп­сіздіктің негізгі стратегиялық компо­не­нт­терінің қатарына еніп, мемлекеттің басым­ды аспек­тілерінің біріне айналуда. Рес­пуб­ли­ка­мыздың көптеген аймақ­тарында эколо­гиялық жағ­дай күр­де­леніп, тұрғындардың денсау­лы­ғына зиянын тигізуде.

«Қазгидрометтің» хабарлауына қара­ғанда, 2017 жылдың қоры­тындысы бойын­ша сарапталған 49 елді мекеннің ішінде Қазақстан­ның 8 қаласы барынша ластанған деп танылды. Олар: Жітіқара, Атырау, Балқаш, Петропавл, Ақтөбе, Қара­ғанды, Теміртау, Өскемен. Бұлар­дағы ауаның ластануы шегіне жеткені есепке алынған. Ал жеті елді мекеннің экологиялық жағдайы жоғары деңгейде деп танылған. Құрамына Астана, Алматы, Тараз, Ақтау сияқты ірі 10 қала енетін қалаларымыздың экологиялық ластануы нормадан жоғары деп анықталған. Сондай-ақ Астана, Өскемен, Балқаш, Жезқазған, Шым­кент және Кентау сияқты алты қаланың топы­ра­ғындағы ауыр металл қалдықтары нормадан 20-50 есе артық екендігі айқындалған.

Зерттелген 133 су қоймасы­ның ішінде 32-сі жоғары, 3-уі аса жо­ға­ры деңгейде ластанған деп танылған. 2017 жылы туризмге қолай­лылық деңгейін зерттеген Бүкіл­әлемдік экологиялық форум Қазақ­станның 136 мемлекеттің ішін­де 99-шы орын алатынын анықтаған.

2007 жылдың өзінде біздің Экологиялық кодекске өкілетті және жергілікті атқарушы орган­дар­дың Қоршаған орта сапасы­ның мақсатты көрсеткіш­терін (ҚОСМК) анықтау туралы міндет­теме енгізілген еді. 2015 жылы Эко­­ло­­гиялық комитет қарайтын Энер­гетика минис­тр­лігі осы көр­сет­кішті анықтаудың тәртібі ту­ралы бұйрық шығарды. Алайда бұлар­дан қор­шаған ортаның ахуалы жақсарған жоқ, ке­рі­сінше бүліну жалғасуда. Талаптардың бәрі қа­­ғазда қалды. Тек Жамбыл, Пав­лодар және Шы­ғыс Қазақстан облыстары ғана аталмыш көр­сет­кішті анықтауға кіріскен, басқаларында ол қозғалмаған күйінде.

Сонымен бірге бізде қоршаған орта сапасын анықтайтын біртекті рационалды әдіс те жоқ. Ал табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны бүлдіргені үшін төлеуге тиісті өтемақылары нақты залалдың мөлшеріне маңайламайды да.

Біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалымызда осы мәселелерді шешу үшін төмендегі шараларды орындауды ұсындық:

1. Жергілікті атқарушы орган­дарға жылдың аяғына дейін ҚОСМК жасау және оны бекітуді тапсыру;

2. Өкілетті органға Қазақстан аумағының көр­сет­кіштерін есепке ала отырып, ҚОСМК әзір­леуін тапсыру және қоршаған орта сапасы нор­мативтеріне кезең-кезеңмен жетуді жүктеу;

3. ҚОСМК-ны эмиссиялық нормативтермен бірге уделдік нормативтер түрінде қолдану мүмкіндігін қарастыру.

Құралай ҚАРАКЕН,
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі