Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Шахмат әлемiндегi экстрасенстер

552 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шахмат ойынына экстрасенс­­тер де қатысқан. Әрине, ойын­шы ретiнде емес, ойыншыға «кө­­мек­шi-кеңесшi» болып. Бұл ту­ралы кезiнде ресми басылымдар шет жағалатып жазғанымен, гу­летiп кеткен ешкiм болмады. Се­бебi кезең тосын, тылсым құ­бы­лыс­тардың қандайын болмасын жоққа шығаратын.

Шахмат әлемiндегi экстрасенстер

Оқиға 1978 жылы Филип­пиннiң Багио қаласында болған. Мұн­да Виктор Корчной мен Ана­толий Карповтың арасында шахматтан әлем бiрiншiлiгi үшiн қиян-кескi тартыс өттi. Анатолий Карпов әлем чемпионы деген ата­ғын сақтап қалу үшiн күрессе, Вик­тор Корчной осы атақты тартып алу үшiн бақ сынасты. Екеуi де, сөз жоқ, қайталанбайтын талантты шахматшылар едi.

Чемпионаттың шарты бойынша жеңiске жеткен алты партиядан соң ойын аяқталады. Бiрiншi партия ойналып жатқанда Вик­тор Корчной залдың 4-шi қа­та­рында отырған түр-түсi, қи­мыл-қозғалысы күдiктiлеу адам­ға көзi түседi. Себебi ол адам ой­ын басталғаннан-ақ Корч­ной­ға кiрпiк қақпай, тесiле қа­рау­мен болған. Үмiткерлер өз кө­мек­шiлерiнен ол адамның кiм екен­дiгiн анықтауды тапсырады. Сөйтсе ол адам Карповтың дәрi­герi-психологы, әрi психиа­тр, космостық медицина маманы, ме­дицина ғылымдарының док­то­ры Владимир Зухарь болып шық­ты. Ол Карповтың командасына шешушi матчтың алдында ғана енгiзiлiптi. Кәсiби психо­лог­тар мен психиатрлардың па­ра­психологтiк қабілеттi иге­ре­тiндiгiн жоққа шығаруға болмас.

Виктор Корчной осы мәселе жөнiнде өзiнiң «Антишахмат» деген кiтабында былай деп жазады. «Ойын барысында залда ерекше бiр адам пайда болды, ол алғашқы қатарлардың бi­рiнде отырып, менiң назарымды өзiне қаратып, ойымды бөлуге әре­кеттендi. Ал Карповтың ке­зегi келгенде ол тастүйiн болып қатып қалатын». Көңiл-күй әуе­нiне тез берiлгiш, қызбалау Вик­тор Корчной психиатордың «қар­сылығына» төтеп беру үшiн бiраз күш жұмсайды. Бұл әрине, ойын барысына әсер етпей қоймайды. Үмiткердi шаршатады.

Талантты екi адамның бiр-бi­рiне психологиялық тұрғыдан әсер етуi кейде шындыққа жа­на­с­пайтын да секiлдi. Бiрақ, бо­лар iс болды. Ендi Виктор Кор­ч­ной мұның технологиялық әдi­­сiн iздестiрдi. Сөйтсе ол «ней­­ролингвистикалық бағдар­лама­лау» деп аталады екен. Өз жүре­гiңдi қарсыласыңның жү­рек со­ғысына сәйкестендiрiп, дем алы­сың­ды да соған жақын­датасың, оның қимыл-қозғалысын өзiңе кө­шiресiң. Сөйтiп екеуiң бiр адам­ға айналасыңдар. Сонан соң ойың­ды жүзеге асыру тым қи­ын емес көрiнедi.

Виктор Корчной ойын бары­сындағы сәтсiздiктерiн психолог Зухарьдың әсерiнен деп ұғып, Корчной делегацияның басшысы Ливерик ханым Зухарьдың үс­тiнен апелляция комисиясына арыз түсiредi. Бiрақ Карповқа бүйрегi қызған «советтiктер» бұл арызға мыңқ демейдi. Бәлкiм, ше­тел асып кеткен Корчнойға өк­пелерi де жоқ емес шығар...

Карпов ойынды 4:1 есебiне жеткiзедi. Мiне, мiне, ендi екi ұп­ай болса, қайта чемпион бол­ғалы тұр. Арызы елеусiз қалған Корчной командасы осы мезетте өз психиаторын – үндi йогтарын көмекке шақырады. Сонда зал­да не болды дейсiз ғой. Йог ой­ын өтiп жатқан залға кiрiсiмен Виктор Зухарь бетiн орамалмен бүр­кеп, отырған орнынан ұшып тұрып, сыртқа шығып кетедi.

Үндiлiктер психологты зал­дан қуып қана қоймайды, Корч­­нойға қарсыласына айтар ма­гиялық сөздi де үйретедi. Оның әсерiне Корчнойдың өзi де қат­ты таңғалады. 21-партия ойна­латын сәт. Үмiткер матч өт­iп жатқан ғи­мараттың кiребе­рi­сiнде тұрып, өзiне қарай бет­пе-бет келе жақтан Зухарьды көрiп, иогтардың үйреткен сөзiн күбiр­леп, iштей айта бастайды. Сонда тура келе жатқан психолог басы мен бетiн орамалмен бүр­кеп, кiлт бұрылып, жүгiре басып машинасына отырып жүрiп кетедi...

Арада бiрнеше ойын өтiп, Карпов әлсiрей бастайды. Корч­ной 21-партияда есептi 5:5-ке жеткiздi. Ойынның қызығына түс­кен әлем жұртшылығы күн сайын Багиоға құлақ түрiп отырды. 32-партия тарихтағы есте қа­латын матч болды. Корчной бұл күнi ертеңгiсiн залдың 4-қа­тарында отырған Владимир Зухарьды көредi. Корчнойдың бұл сәттегi көңiл күйiн сөзбен ай­тып жеткiзе алмайсыз. Ол бар даусымен: «Психологтың көзiн құртыңыздар! Әйтпесе оның тү­бiне өзiм-ақ жетемiн!» деп ай­қай­лап, жұдырық ала жүгiредi. Алайда бәрi кеш едi. Зухарьдың психологиялық каналдарының бәрi бұл кезде жұмысын атқарып қойған болатын. Ұзаққа созылған тартысты осы ойында Анатолий Карпов жеңiске жеттi.

Багиодағы чемпионат талантты шахматшылардың ға­на бәсекесi емес, парапси­хо­лог­тардың да тартысы болды деуге әбден болады. Бұрын-соңды шахмат тарихында мұндай оқиғалар болмаған едi...

Қыдырәлі ҚОЙТАЙ