Әлем • 05 Маусым, 2018

Қазақстан-Өзбекстан: Өзара ықпалдастық дами береді

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында Қазақстан Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелерінің Өзбекстан Сенаты Олий Мәжілісінің Халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық байланыстар, шетелдік инвестициялар және туризм мәселелері комитетінің депутаттарымен кездесуі өтті.

Қазақстан-Өзбекстан: Өзара ықпалдастық дами береді

Өзбекстандық делегацияны Жібек жолы кеден бекетінде қарсы алған депутаттар атал­ған бекетті абаттандыру, дамыту жайын талқылады. Ал негізгі мәселелер парламентаралық шекара және сыртқы экономикалық ынтымақтастық тақырыбында өткен отырыста ортаға салынды. Парламент Сенатының Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева кездесудің маңызды нәтижесінің бірі ретінде парламенттік комиссия құрылғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағыт­талған жұмыстардың жү­йелі жүргізілуіне септігін тигіз­бек. Сондай-ақ комитет төраға­сы­ның айтуынша, депу­тат­тар­дың кездесулері белгі­лен­­ген мерзімде өткізіліп, көтеріл­ген мәселелер бойынша жүзеге асы­рылған жұмыстар талқыланбақ.

Кездесу барысында екі ел арасында өзара тиімді сауданың серпінді дамып келе жатқандығы да айтылды. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасын­дағы сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларына жетіп, 2016 жылғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда 31,2% жоғары болған. Қазақ­станнан Өзбекстанға экспорт көлемі 35 пайызға артып, 1,3 млрд АҚШ долларына жетті. Өзбек­станнан әкелінетін тауарлар көлемі 25,1 пайызға артып  735,2 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2018 жылы сауда айналымын 3 млрд АҚШ долларына, 2020 жылы оны 5 млрд АҚШ долларына жеткізудің өзара тиімді жол­дарын қарас­тыру көзделген. Бұған биыл Өзбек­станның Қазақ­стандағы жылы жариялануы, Мемлекет бас­шыларының іскерлік қарым-қаты­­насына оң ықпал ететіні анық.

Жалпы, Өзбекстанның Қазақ­стандағы жылын өткізу аясында экономика, туризм, мәдени-гуманитарлық салаларда 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Алға қойылған мақсаттарға қанық  сенаторлар кездесу барысында бірқатар ұсыныс-тілек­терін ортаға салды. Мыса­лы, соңғы кездері барыс-келіс­тің ұлғаюына байланысты жұмы­сы күрделене түскен өткізу пункт­тері қатарын көбейту, Ресей, Әзер­бай­жан, Иран, тағы басқа да шетелдерге шығу мүмкіндігі бар Қазақ­стан теңіз порттарын ортақ игілікке пайдалану қажет. Көлік логистикасы, яғни тауар тасы­малы тұрғысындағы мәсе­лелер де айтылды. Бұл орайда Д.Назарбаева екі­жақ­ты кедер­гі­лерді алып тас­тау үшін Үкіметке нақты ұсыныстар жолдау қажеттігін атап өтті.

Ал Өзбекстан Олий Мәжі­лісі­нің Халықаралық қаты­нас­­тар, сырт­қы экономика­лық байла­ныс­тар, шетел инвестиция­лары және туризм комитетінің төр­аға­сы Әлі­шер Құрмановтың айтуын­­ша, Сары­ағаш­тағы кездесу екі ел арасында шешіл­­мей­тін мәсе­ле бол­майты­нын көр­сет­ті. «Парламент депутат­тары Прези­дент­­теріміздің екі ел­ді жақын­дас­ты­ра түсу мақса­тын­дағы барл­ық бас­тамаларын толық қол­дай­­ды. Бүгін көп мәселе, ұсы­ныс­­­тар айтылды. Соның ішін­де қазақ­­­стан­дық әріп­тес­тері­­міз «Байқоңыр» ғарыш айла­ғын ор­тақ игілікке пайдала­ну қажет­ті­гін айтты. Аэро­ғарыш саласын­да­ғы қа­рым-қаты­нас барысына көз жү­гіртсек,  бұл ба­ғытта нақ­­ты бір жұ­мыс атқарыл­маға­нын аңға­ра­сыз. ХХІ ғасырда жаңа техноло­гия­­лар­д­ы меңгеру маңызды. Жал­пы, бү­гінгі кездесу біз үшін өте пай­далы болды – деді Әлішер Құрманов.

Кездесу барысында көтеріл­ген мәселелер бойынша сенаторлар Үкі­метке өз ұсыныстарын жолдайтын болады. Сондай-ақ бұл күні өзбекстандық деле­гация­ға «Қазақстан Инжи­ниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ өнім­дері таныстырылып, өндіріс сала­сындағы әлеуеті баяндалды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51