Аймақтар • 06 Маусым, 2018

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәр­­тебесін беру шешімі қабылданды

844 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оңтүстіктің үш миллионға жуық халқы тарихи өзгерістерге куә болып отыр. Өңірдің дамығанын, халқының өсіп-өнгенін, тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанын білдіретін бұл оң өзгеріс – ел тәуелсіздігінің жемісі. Елбасы саясатының нәтижесі. 

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәр­­тебесін беру шешімі қабылданды

Кеше Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХІІІ сессиясы өтіп, күн тәртібінде облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысы қаралды. Осы арада сәл шегініс жасап, кеше яғни сей­сенбіде жұмыс күнінің алғаш­­қы сағатында Шым­кент қалалық мәс­ли­­хатының кезектен тыс ХХІХ сессиясы өткенін айта кете­лік. Сес­сияда облыс орталығы тұрғын­­дарының саны бір миллионға жетуі­не байланысты Шымкент қала­сына республикалық маңызы бар қала мәр­­тебесін беру туралы  ұсыныс депу­тат­­тардың қолдауына ие болды. Сөй­тіп халық қалау­лылары қала әкімді­гімен бірлесе тарихи құжатқа қол қойды. Бұл құжат Оң­­түс­тік Қазақстан об­лыс­­тық мәслихатының қарауына ұсынылды. Сес­сия жұмысына қатыс­­қан облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сау­ран­баев қала тұр­ғын­дары­ның 1 миллионға жетуі­­мен құттықтап, рес­пуб­ликалық маңызы бар қала мәртебесі жаңа мүм­кін­діктерге жол ашатынын атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымкентті миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, қала еліміздегі миллион халқы бар үш мегаполистің біріне айналды. Біздің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Ұлы Жібек жолының бойын­дағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орталық Азиядағы сан ғасыр­лық ғұмыры бар санаулы қалалар­дың бірі болған Шымкент, енді біре­гейіне ай­налу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауап­кер­шілік жүктейді», – деді Ж.Түймебаев. 

Иә, Шымкенттің миллионер қаланың қатарына қосылу мүмкіндігі мол екенін Елбасы бірнеше жыл бұрын айтқан болатын. Ал өткен жылы Оңтүстікке сапары барысында Мемлекет басшысы Шымкент қаласының даму жоспарымен, жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент Сити» іскерлік және тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысқан. Сол сапарында Елбасы Оңтүс­тік өңірі бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келе жатқанын айта келе, облыс орталығы Шымкент қала­сының дамуына да мемлекет та­рапынан жоғары деңгейде көңіл бөлінуде екенін атап өтті. 

Халқы миллионға жететін күн­нің алыс еместігі де айтылды сол жолы. Жалпы, Шымкент соң­ғы бесжылдықта әлеуметтік-эко­но­микалық тұрғыдан өрлеу мен жаң­ғырудың жаңа кезеңін өткеруде. Қаланың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжы­рымдамасы шеңберінде ат­қа­рылған іс аз емес. Қала аумағы кеңейіп, шаһарға 40-тан астам елді мекен қосылғалы бері жұмыс ауқымы да айтарлықтай артты. Бас жоспарға сәйкес, қала шекарасы 3 есеге ұлғайды.

Иә, Шымкентке қатысты жақ­сы жа­ңалықты да бірінші болып Ел­басы жария етті. Мамыр­да өткен Challenges Summit-2018 фо­румының жалпы оты­рысын­да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстан­дық қалалардың дамуы туралы сөз қозғады. Инвестиция үшін күре­сетін ең жақсы ақыл-ойлар, тех­но­логиялар және оған барлық қа­жет­ті жағдайларды жасайтын м­егаполистер дәуірі туаты­нын атап өтті. «Бізде бұрын мил­лион­даған халқы бар бір ғана қала болатын. Ол Алматы. Ал қазір оның қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Енді еліміздің үш қаласында халық миллионға жетті. Бұл процесс жалғасатын болады. Сондықтан да Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу тосыннан қолға алынып отырған жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Айта кетелік, Шымкентте ғана емес, аудандарда да демографиялық өсім жо­ғары. Осы орайда, биылғы ақ­пан­да Сарыағаш және Мақтаа­рал аудандарының өкiлдi және ат­қару­шы органдары аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, олар­ға атау беру, әкімшілік орта­лық­тары мен шекараларын бел­гілеу туралы бiрлескен шешім­дер қабылдаған да болатын. 

Күн тәртібіне қойылған Оңтүстік Қазақстан облысының орта­лығын Түркістан қаласына көшіру, Шымкент қала­сына республикалық маңы­зы бар қала мәртебесін беру жөнін­дегі ұсыныс депутаттар тарапы­нан қолдау тапты. Сессияны қоры­тын­ды­лаған облыс әкімі қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таң­далуын халықтың зор ықы­лас­пен қабылдағанын жеткізді. «Мұны біз Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұр­ғындармен жүргізілген қоғам­дық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз. Аталған мәселе бо­йынша Үкімет жанынан құ­рыл­ған арнайы жұмысшы топ құра­мы­мен бірлесе бөлудің эконо­ми­калық тиімділігіне, оның облыс­тың, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жан-жақты талданды. Жалпы 2017 жылдың қорытындысымен Шымкент қаласы халқының өсімі 39 мың адамды құрады, оның ішінде көші-қон есебінен 18 мың адаммен толықты», деді өңір басшысы. Жылдан жыл­ға қаланың негізгі әлеу­мет­тік-экономикалық көрсет­кіш­терінің динамикалық өсімі байқалады. Инженерлік-инф­ра­қ­ұрылыммен қамтылу деңгейі де жоғары. Бұл орайда облыс әкімі аталған көрсеткіштер Шымкент қаласының ерекше мәртебесін бекітуге толық мүм­кіндік беретінін айтып өтті. «Қалаға ерекше мәртебе берілген жағдайда, қала бюд­жетінің кірістері 72,1 млрд теңгеге, субвенция 13,4 млрд теңге көлемінде бол­жамдануда. Алдын ала есептеулерге сәй­кес, Шымкент қаласының жер­гілікті бюджеті 2025 жылға дейін субвенциялық болып қала береді. Қаланың штаты 229 бірлікке өсетін болады», – деді Ж.Түймебаев.  

Айта кетелік, тарихи деректерге жүгінсек, 1932 жылы Қазақстан аумағында 6 облыс, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған. Яғни, 1932 жылғы 10 наурыз облыстың құрылған күні болып есептеледі. Ал 1938 жылы облыс тағы да әкім­ші­лік-аумақ­тық өзгерістерге ұшырады: оның құрамынан алғашқыда Қызыл­орда облысы, одан соң 1939 жылы Жамбыл облысы бөлі­ніп шық­ты. 1962 жылы орта­лығы Шым­кент болып, Оң­түс­тік Қазақ­стан өлкесі құ­рыл­ды. Оның құрамына Шым­кент, Жамбыл, Қызылорда облыс­­тары енді. 1964 жылдың жел­тоқ­санында «өлке» жойылып, Шымкент облысы атын сақ­тап қала берді. 1992 жылы 6 шілд­еде Жоғарғы Кеңес қаулы­сы­­мен оған бұрынғы Оңтүс­тік Қазақ­стан облысы аты қайтарылды.

Облыс орталығының Түркі­станға көшірілуіне байланысты қала аумағындағы 12 елді мекен Кентау қала­сының құрамына өтетін болады. Сондай-ақ ОҚО аума­ғынан Шымкент қаласы жеке шы­ғарылмақ. Сонымен жер­гі­лікті мәслихат пен атқару­шы органның бірлескен шешімі заң шеңберінде тиісті орын­дарға жолданады. Яғни оңтүс­тік­қазақстандықтар ендігі шешім­ді елордадан күтеді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»