Қаржы • 06 Маусым, 2018

Биржа туралы білеміз бе?

6515 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биржа деген сөз жиі айтылғанымен, осы ұғымның мән-мағынасын көпшілік жете түсіне бермейтіні жасырын емес. Сол себепті оқырманға ол туралы, біздің еліміздегі жай-күйі туралы аз-кем мәлімет берген артықтық етпейді деген ойдамыз. Бұл латынның «bursa» деген сөзінен тікелей тәржімаласақ «әмиян» дегенді білдіреді. Биржа – түрлі тауарларды, бағалы қағаздарды және жұмыс күшін көтерме бағамен сатуды ұйымдастырушылардың, сатушылар мен сатып алушылардың қаржылық мәміле жасау үшін кездесетін орын. 

Биржа туралы білеміз бе?

Кәрі құрлық биржалары несімен мықты?

Қор биржасы – тұрақты түрде бағалы қағаздар сатылатын һәм сатып алынатын нарық. Экономикаға ұзақ мерзімді инвестиция салу, мемлекеттік бағдарламаларға қаражат тарту, компаниялардың акцияларын, облигацияларын, мемлекет­тік облигацияларды сату және сатып алу сынды аса ауқым­ды шара­лардың бәрі осы жерде жүргізіледі. Сонымен қатар биржада айналысқа түсетін бағалы қағаздардың бағамы белгіленеді, бұл бағам түсетін табыспен, несие пайызының деңгейімен айқындалады. Ал қор биржасындағы операциялар ақша капиталдарын тарту үшін және оларды өндірістің көптеген салалары арасында қай­та бөлуге ықпал етеді. Қор бир­жасы тәжірибесінде баға­­лы қағаздардың мәміле жасал­­ған сәттегі бағамы мен оның аяқ­талған кездегі бағамы ара­сын­­дағы айырмадан табыс алу мақ­сатындағы операциялар кеңінен қолданылады. 

Алғашқы биржалар ХV-XVI ғасырларда пайда бола бас­таған-ды. 1608 жылы құрыл­ған Амстердам биржасы, оның көр­сететін қызмет түрлері сан алуан, осыны қазірге дейін сақ­тап келеді. Жалпы алғанда, биржалар орындайтын жұмысы мен көрсетілетін қызмет және ұсы­нылатын тауарлар түрлеріне байланысты қор биржасы, тауар биржасы, валюта биржасы, еңбек биржасы, тағы да басқа болып жіктеледі. Лондон қор биржасы (London Stock Exchange немесе LSE) – әлемдегі ең ірі және ежелгі бир­жалардың бірі. Акциялардың халық­аралық сауда-саттығы бойынша шамамен 50%-ы LSE-ге тиесілі. Қазақстанның ірі ком­паниялары өз акцияларын орналас­тыру үшін дәл LSE-ні таңдайтынын айта кету керек. XVI ғасырда Лондон қаласының көшелерінде және кофеханаларында сауда-саттық операциялары жасала бастаған. Сол үшін мәміле жасайтын ғимараттың құрылысын ең алғаш британдық саудагер әрі қаржыгер Томас Грешэм қаржыландырды, сөйтіп алғашқы нысанның іргетасы 1570 жылы қаланды. Осы жерде 1695 жылдан бастап бағалы қағаздармен мәмілелер жасау қолға алынды. Дегенмен, арада біраз уақыт өткенде акциялармен айналысатын брокерлерге биржа ғимаратына кіруге тыйым салынды. Себебі олар шулы және ашуланғыш адам­дардың қатарына жатқызыл­ды. Сондықтан бұл топ «Джона­танда» деген кофеханада тұрақты кездесіп тұрды. 

XIX ғасырда Лондон қор биржасы аса қарқынды дамыды. Бұл кезең темір жол бағыт­тарының, каналдар құры­лысы­ның, ойын бизнесінің және сақ­тандыру қызметінің шарық­тап дамуымен тұспа-тұс келді. Биржада 1901 жылы көптеген компаниялардың 3 000-нан астам акциясы сатылды. 1914 жылы болған І дүниежүзілік соғыс биржа жұмысына кері әсер етті, LSE жарты жылға жабылып қалды. LSE ұстанымын қалпына келтіру мақсатында ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін өзінің даму жөніндегі бағдар­ламасы әзірленді, ол 1960 жыл­дар­дың ортасына қарай жүзеге асырылды. 1972 жылы бир­жалық сауда-саттықты автоматтан­дыру басталды. Нарықтың құры­лымы толықтай өзгерді, бұл залда дауыстап сауда жасау жүйе­сінен бүгінде бәрімізге таныс қолжетімді электронды сауда-саттыққа өтуге негіз болды.

2000 жылы Лондон қор биржасы ашық акционерлік қоғам ретінде қайта құрылды. Өзінің алаңында жариялы түрде акцияларын орналастыра бас­тады. Осы жылы биржа ресми ашылған күннен бергі 200 жыл­дығын атап өтті. Бүгінгі таңда, статистикалық деректерге сүйенсек, LSE-нің құрамында 400-ге жуық компания мүше ретінде тіркелген, олардың басым көпшілігі инвестициялық банк­тер және брокерлік фирмалар. Ал биржадағы сауда-саттықтың жұмыс күндері Гринвич бо­йынша сағат 08.00 және 16.29-дың аралығында жүргізіледі. FTSE қор индексінің жабылған бағасы Гринвич бойынша 16.35-те есептеледі. World Federation of Exchanges (WFE) дерегіне сүйенсек, өткен жылдардың қорытындысы бойынша Лондон қор биржасы капиталы жағынан бүкіл дүние жүзінде алдыңғы бестіктің қатарында. 

«Азия барысының» артықшылықтары 

Әлемдегі аса ірі қаржылық хабтардың бірі – Сингапур. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі компаниялар мен алпауыт адамдар қаржыларын Син­гапурда орналасқан қаржы құрылымдарында сақтайды. Жер көлемі аз болғандықтан көршілерінен құм әкеліп, теңіз жағалауын кеңейту арқылы аумағын үлкейтіп отырған осы бір аралдан кеңсе ашуға әлемдік мықты қаржы конгломераттары аса мүдделі. Қаржы саласының ғана емес, өзге де салалардағы талантты азаматтар Сингапурдан жұмыс тапса, өзін бақытты санайды. Бүгінгі таңда Сингапурдың қаржы саласы елдегі ІЖӨ-нің 10 пайыздан астамын береді, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 3 пайыздың көлемінде. Мұндағы ең басты артықшылық – мемлекеттік органдардың аса үйлесімді қызметі. Сингапурдың ұлттық банкіне ұқсайтын Ақ­ша-несие басқармасы бар, ол қар­жы орталығын дамыту қызметімен де айналысады. Осы басқарма жаңадан құры­лып әлемдегі ірі «қаржылық хаб» атануды көздеген тұста елдегі Экономикалық даму агент­тігі қаржы орталығына келуі тиіс ірі компанияларды Сингапурға шақыруға және ірі компаниялардың штаб-пәтер­лерін Сингапурдан ашуға үгіттеуге барынша ден қойған еді. Мұндағы негізгі мақсат – Сингапурды жайлы, қолайлы, инве­стицияны әкелуге және сақтауға тартымды мемлекет ету болды. Қазір­гі таңда Син­гапурдың үлгі ретінде көрсете алатын негізгі төрт бағыты бар. Біріншісі – Син­гапур Оңтүстік Азияның капитал нарығына айналды. Екіншісі – аймақтағы әл-ауқатты басқару менеджментін қалыптастырды. Үшіншіден, активтерді басқаратын орталық саналады. Төртіншіден, қаржы институттарының бизнес орта­лығы деген атты сенімді түрде иемденген.

 Осы жерде айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының алға қойған мақсаты да осы бағыттармен сәйкес келеді. 5,5 млн халқы бар Сингапурда 200 мыңнан астам азамат қаржы саласында қызмет етеді. 500 басқарушы компания құны 1 трлн АҚШ долларынан астам активтерді басқарады, 1200 қаржы институты бар. Әйгілі «Fortune-500» тізіміне енген компаниялардың 300-і Сингапурда жұмыс істейді. Елдің қаржы реттегіші кез келген қаржы институты туралы ақпаратты жан-жақты тексеретін, болуы мүмкін қауіп-қатерден алдын ала сақтандыратын орган. 

Сонымен қатар Сингапур­дың «экономикалық архитек­торларының» үлесі де, геогра­фиялық орналасуы, ағылшын­дардан мұраға қалған ағылшын заңдылығы секілді жағдайлар да оның артықшылығы саналады. Елдегі «Темасек» компания­сы біздің «Самұрық-Қазынаға» ұқсас, ашығын айтқанда осы «Темасектің» үлгісін алғанға ұқсайды. 1974 жылы құрылған ұлттық әл-ауқат қоры – Синга­пурдың ірі холдингі, ол эко­но­ми­каның көптеген сектор­ларын­дағы компанияларға иелік етеді және қызметін басқарады. «Темасектің» қазіргі активтерінің құ­ны 200 млрд АҚШ долларына жуық. 

Географиялық орналасуы – елдің табыстылығын ай­қын­даған маңызды фактор. Син­гапурдың Үндістан, Индо­незия, Қытай секілді ірі мем­лекеттерге жақындығы, елдің ағылшын коммерциялық заң­дылығы бойынша жұмыс істеуі инвесторлардың сенімінен шы­ғуына зор ықпал етті. Қор биржасы салыстырмалы түрде жас, ол биржалардың бірігуінен пайда болған, онда тіркелген компаниялардың саны 800-ден асады. Олардың 40 %-ы елден тыс жерде орналасқанын айта кетейік, яғни қор биржасын бір мемлекеттікі немесе аймақтікі ғана емес, ғаламдық деуге болады.

Сингапурдың тағы бір ерекшелігі – талантты азаматтарды әлемнің әр мемлекеті­нен қызметке тарта білетіні. Қаржы саласында 200 мың­нан астам маман қызмет ететін болса, соның басым бөлігі экспаттар. Әсіресе 2008 жылы орын алған ғаламдық қаржы дағдарысынан Еуропа, АҚШ қаржы нарықтары зардап шеккен уақытта Сингапурда «экспаттар нөпірі» болды. Атап өтерлік тағы бір жайт, Сингапур тәуелсіздік алған жарты ғасыр мерзім ішінде әлемде қанша қаржы дағдарысы орын алғанымен, олардың осы арал-мемлекеттің өсіміне әсері болмаған. Кәсіби маман кадрларды өз елінің экономикасының өсіміне жұмыс істете біледі. 

«Астана» ХҚО һәм әлемдік тәжірибе

1993 жылдың 17 қарашасында  еліміздің Ұлттық банкі мен 23 жетекші қазақстандық коммер­циялық банктер бірлесе отырып валюталық биржаны ұйым­дастыру туралы шешім қабыл­дады. Осыған дейінгі Валюталық операцияларды өткізу орта­лы­ғы (Валюталық биржа) Ұлттық банктің құрылымдық бөлім­шесі болған еді. Жаңа биржаның негізгі мақсаты – теңгенің енгізілуіне байланысты ұлттық валюталық нарықты ұйымдастыру және дамыту болғаны түсінікті. 

Біраз құрылымдық және басқа да өзгерістерден кейін 1997 жылы 5 наурыздағы «Бағалы қағаз­дар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының жа­ңа заңы қор биржасының қыз­метін тек бағалы қағаздармен шектейтініне байланысты биржа акционерлерінің жалпы жиналысында «Алматы қаржы құрал­дарының биржасы» ЖАҚ (AFINEX) жеке заңды тұлғасын бөліп шығару арқылы биржаны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған бола­тын. «Акционерлік қоғамдар жөнін­дегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 1998 жылдың 10 маусымындағы заң кү­шіне енуіне байланысты қор бир­жа­сының қызметіне шетел валюталары және баға­лы қағаздардан өзге қаржы құрал­­дардың сауда-саттығын ұйым­дастыруға салынған тыйым жойылды. Сөйтіп AFINEX пен Қазақстан қор биржасын бірік­­тіруге мүмкіндік туды. Осы­лайша акционерлердің тиіс­ті ш­ешімімен біріктірілген жа­ңа биржа қайта мемлекеттік тір­кеуден өтті.

2006 жылдың 15 желтоқ­санында KASE Алматы қала­сының өңірлік қаржы орта­лығының арнайы сауда-саттық алаңы ретінде белгіленді. 2007 жылдың 23 тамызында болып өткен KASE акционерлерінің жалпы жиналысы биржаның коммерциялануы туралы шешім қабылдады. KASE коммерциа­лануы шегінде дауыс берудің бұрынғы «бір акционер – бір дауыс» принципінен бас тартып, жалпы акционерлік қоғамдардың барлығына ортақ принцип – бір акцияға бір дауыс принципі енгізілді.

Бүгінде ТМД кеңістігінде ағылшын заңнамасына негіз­делген, инвесторларға түсінік­ті платформаны тек «Аста­на» халықаралық қаржы орталығы ғана құрып отыр. «Астана» ха­лық­аралық қаржы орталы­ғының ағылшын заңнамасын басшылыққа алуының астарында үлкен артықшылықтар бар. Бұл, бірінші кезекте, шетелдіктермен байланыс орнатуға, бірлесіп жұмыс істеуге аса зор ықпалын тигізеді. Бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі деген қаржы орталықтарының үлгісін алу өте дұрыс шешім деп қабылдаған жөн. Жоғарыда Сингапурдың қор биржасын тәжірибе ретінде алғанымыз туралы да сөз еттік.

Жалпы, кез келген істі бас­тар кезде алғышарттардың дұ­рыс қалыптасуы мен оған көр­сетілетін қолдаулардың қамта­масыз етілуі, атқарылуға тиіс жұмысты бір саланың ғана ісі деп қарамау, мемлекеттің негізгі болашақ бағыт-бағдары, дамуы мен өрлеуінің кепілі ретінде қарастырған жөн. Бұл биржаның жұмысына тікелей қатысты. Дүние жүзінің ең ерте ашылған немесе ең ірі саналатын биржалары, сол сияқты кейінгі жылдары табысқа жеткен биржаларға қысқаша шолу жасауымыздың себебі осы. 

Ғалымжан КЕРІМБЕК, 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Қаржы» кафедрасының меңгерушісі,

экономика ғылымдарының кандидаты