Бокс • 06 Маусым, 2018

Кәсіпқой бокста қырқында қамал алғандар

406 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

45 жастан асқан шағында шау тартып қалмай, әр жылдары кәсіпқой рингте табысты өнер көрсеткен боксшылар аз емес. Олардың біразы 20 мен 30 жас аралығындағы күш-қуаты бойына сыймай, жалындап тұрған жастардың өзін жолдарынан ығыстырып, миллиондаған жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленді. Десек те сол саңлақтар арасында ең белді нұсқалар бойынша әлемдік тәж үшін таласқан тұлғалар сирек. Бұл көшті даңқты Бернард Хопкинс бастап тұр.

Кәсіпқой бокста қырқында қамал алғандар

1965 жылы АҚШ-тың Филадельфия қаласында дүниеге келген Бернард Хопкинс бала кезінен теріс жолға түсіп, талай шытырман оқиғаларды басынан өткерді. Төбелесті, ұрлық жасады, адам тонады, қарақшылықпен айналысты. Өзі секілді бұзақы­лар­мен ерегесіп, талай рет пы­шақ­қа да түсті. Ақыры 17 жасын­да тәртіп сақшыларының қо­лы­на түсіп, 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Кей­іннен сот өз шешімін өз­гер­тіп, 1988 жылы болашақ бокс жұл­­дызын түрмеден босат­ты. Бес жыл темір қапаста отырған Хопкинс көп нәрсені ой елегінен өткізіп, ендігі өмірін мәнді де мағыналы өткізуге бекінді. Ислам дінін қабылдап, бойындағы жат қылықтардан арылды. 

Өз өмірінің 28 жылын Бернард боксқа арнады. 1988 жыл­дың қазанында алғашқы кез­де­суін өткізген ол соңғы рет 2016 жылд­ың желтоқсан айында рингке көтерілді. Бақандай 18 жыл! Сол аралықта 67 мәрте шаршы алаңға шығып, 55 рет жеңіске жетті. 32 қарсыласын нокаутқа жіберді. 8 рет ұтылып, 2 сайыс тең аяқталды. Тағы 2 кездесудің нәтижесі есепке алынбады. Ал Хопкинстің ең ғажап рекорды – әлем чемпионы атанған «ең қарт» боксшы ретінде тарихта қалды. Алғашында Хопкинс 46 жасында, одан кейін 47 жасында алтын белбеуді иеленді. Бұл межемен ол шектелмеді. 2014 жылдың 19 сәуірінде біздің Бейбіт Шүменовті ұпай санымен ұт­қан америкалық спортшы 49 жа­сын­да чемпиондық атаққа қол жет­кізді. Бұл – бүгінгі таңдағы рекордтық көрсеткіш! 

28 жыл бойы шаршы алаңды армансыз шайқаған Арчи Мур соңғы рет 1961 жылы әлем чемпионы атанды. Ол кезде АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы 47 жаста еді. Арчи барлығы 219 жекпе-жек өткізіп, 185 рет жеңіс тойын тойлады. 131 қарсыласын есінен тандырды. 23 рет ұтылып, 11 айқас тең аяқталды. Кезінде ол Рокки Марчиано, Флойд Патерссон, Мұхаммед Әли және тағы басқа бокс жұлдыздарымен күш сынасқанын егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 

1994 жылдың 5 қарашасында АҚШ-тың алыбы Джордж Фор­ман өзінің отандасы Майкл Му­рер­ді ұтып, 45 жасында әлем­дік тәжді иеленді. Содан кейін қа­тарынан үш жыл бойы ол мәр­те­белі атағын абыройлы қор­ға­ды. 1997 жылы өзінен 22 жас кіші Шэннон Бриггстен ұпай са­нымен ұтылғаннан соң 48 жас­тан асқан ардагер боксшы был­ғары қолғабын шегеге ілді. Өзінің спорттық карьерасында барлығы 81 кездесу өткізген Джордж 76 мәрте жеңіске жетіп, 68 рет бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Кезінде ол атақты Джо Фрезерді екі рет нокаутпен ұтып, әйгілі Мұхаммед Әлиден ұтыл­ған. Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, Форман 1977 жылы 28 жасында үлкен спорттан қол үзіп, 1987 жылы 38 жасын­да қай­та оралды. Даңқты бокс­ш­ы­ның жүріп өткен жолына үңілсек, 10 жылдық үзіліс оның спорттық бабына кері әсерін тигізбегенін аңғару қиын емес.

19 жылдан аса уақыт жұды­рық­тасқан Ларри Холмс өзінің соң­ғы жекпе-жегін 2002 жылдың 27 шілдесінде Эрик Эшке қар­сы өткізді. Бұл бәсеке 53 жас­та­ғы ел ағасының пайдасына шешілді. Карьерасындағы 75 ай­қастың алтауында ғана ұтыл­ған америкалық азамат кезінде Мұхаммед Әлидің өзін айқын ба­сымдықпен ұтқан болатын. Ең кереметі, 1973-1985 аралығында өт­кіз­ген өзінің алғашқы 48-кез­де­суінің барлығында Ларридің мерейі үстем болды. Ол тек шау тартқан шағында ғана жеңіле бастады. 

Панаманың мақтанышы Роберт Дюранның жанкештілігіне там­санбау, таңданбау мүмкін емес. Спорттық мансабын жеңіл салмақтан бастаған ол жартылай ауыр салмаққа дейін көтерілді. Сол аралықта чемпиондық бел­беуді сан мәрте иеленіп, 119 кез­десудің 103-де үстемдік етті. 70 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Ең кереметі, кәсіпқой рингте ол табаны күректей 33 жыл бойы жұдырықтасқан екен. Соңғы рет Дюран 50 жасында шаршы алаңға шықты. 

Жоғарыдағы рекордтарды бұзу­ға Рой Джонстың мүмкін­дігі болған еді. Флорида штаты тумасының кәсіпқой ринг­­те жүргеніне 20 жылға жуық­­тап қалды. Түрлі салмақ дәрежелерінде жұдырықтасқан ол сан мәрте әлем чемпионы атанды. Алғашқы 50 кездесуінде Рой тек бір рет қана жеңілістің кер­мек дәмін татты. Өзінің 35 бә­­секесінде ол ережені бұзып, же­ңіс Монтелл Гриффиннің ен­ші­сіне жазылды. Содан кейін АҚШ-тың өрені қатарынан та­ғы 15 жекпе-жекті жеңіспен аяқ­тады. Барлығы 75 мәрте рингке көтерілген Джонс 66 айқаста ұтып, 47 қарсыласын нокаутқа түсірді. Соңғы рет аты аңызға айналған 49 жастағы боксшы үстіміздегі жылдың ақпан айында Скот Сигмонды ұтты. Содан кейін ол боксты доғарды.

Сонымен қатар қарт бокс­шы­лар қатарына Эвандер Холи­фил­д-ты да қосуға болады. Кәсіпқой р­ин­гтегі тұсаукесер кездесуін 1984 жылы өткізген ол 27 жыл бойы аянбай айқасты. Атағынан ат үркетін Майк Тайсонның өзін екі рет сабап, аса ауыр сал­мақ­та әлем чемпионы атанды. Соң­ғы рет АҚШ боксшысы 2011 жыл­дың 7 мамырында Брайан Ниль­сенді соққыға жыққаннан соң 48 жасында сүйікті ісімен қош айтысуды құп көрді. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»