Қазақстан • 06 Маусым, 2018

Ауылдағы Гиппократ антына адал жан

1062 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қордай өңірінде, яғни тоғыз жолдың торабында Үлкен Сұлутөр дейтін ауыл бар. Тау баурайында салқын самал тербетіп тұрған ауылдың адамдары да негізінен шаруашылықпен айналысып, өңірдің гүлденуіне, алға басуына үлес қосып келеді. Қысы қатал, жазы қоңыр салқын, аспанын бұйра бұлттар жиі «қонақтайтын» таулы-қыратты аймақтың өзіне тән ерекшелігі осы. Ал ауылдың баянды болашағы үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі елеуге тұрарлық.

Ауылдағы Гиппократ антына адал жан

Үлкен Сұлутөр ауылы негізінен аудан орталығынан аса қашық болмағанымен, облыс орталығынан үш жүз шақырымнан астам шалғай жерде орналасқан. Өзіне тән терең тебіреністі табиғаты бар. Кейде ауылдың тағдырын қалыптастыруда, сондағы ахуал­ды жақсы сақтауда ерекше еңбек еткен азаматтар болады. Олар қай саланың маманы болса да, қашанда сол ауылдың асқақтап, абыройлы болуына тілекші. Дәрігер Ғайни Ақылқожаева отыз үш жыл бойы Үлкен Сұлутөр ауылында еңбек етіп келеді. Кеңес заманында бұл ауыл­да 40 науқасқа арналған жатын орны бар аурухана болған. 1985 жылы Алматы қаласындағы медицина институтын бітіріп келген жас маман осы ауруханаға жұмысқа орналасады. Кейіпкеріміздің бала күннен бергі арманы отандық медицина саласында қызмет ету болған екен. Міне, ол отыз жылдан астам уақыт бойы табан аудармастан осы ауылда еңбек етуде. Бұл күнде Үлкен Сұлутөр ауылында 7 пациентке арналған дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Құрамына Сұлутөр, Көктөбе және Белашов елді мекендері кіретін Үлкен Сұлутөр айма­ғында 2 300 шамасында халық тұрады. Ел болған соң бас ауырып, балтыр сыздайтын жағдайлар болады ғой. Сондай кезде тұрғындардың жанына жалау, көңіліне медеу болып отырған Ғайни Ақылқожаева Гиппократ антына адал жан екенін дәлелдеп келеді. Жалғыз өзі бүтін бір ауылдың тұрғындарының денсаулық жағдайын қада­ғалап, қолынан келген көмегін беріп отыр.

Дәрігердің айтуынша, ауылдықтар негізінен дәрі­герлік амбулаторияға қан қысымы дертімен жиі қа­йырылады екен. «Үлкен Сұлутөр ауылында 2 мыңнан астам халық тұрады. Сонымен қатар мұнда Қытайдан көшіп келген қандастарымыз да бар. Тұрғындардың жағдайының бәрі маған белгілі. Олар да көмек қажет кезінде күндіз болса да, түнде болса да маған хабарласады. Тіпті аяғы ауыр әйелдердің жолда босанып қалу жағдайлары да кездеседі. Әрине, адам өміріне қауіп төнген сәттерге де куә болдық. Ондай кезде қолымнан келген алғашқы көмекті жасаймын. Бала күнімнен дәрігер болуды, ірі денсаулық сақтау орталықтарында жұмыс істеуді армандадым. Отыз жылдан астам дәрігерлік тәжірибемде тек халықтың алғысын алып келемін», дейді кейіпкеріміз.

Ауылда жедел жәрдем көлігі болмағанымен, са­нитарлық көлік бар. Бұл әрине тәуліктің кез келген уақытында науқас тұр­ғын­дарды тиісті жерге жет­кізуге септігін тигізеді. Ал амбулаторияға қосымша қызметкер қабылдау үшін тұрғындар саны жеткіліксіз. Сондай-ақ алыс ауыл бол­ғандықтан да жас мамандар мұнда келіп жұмыс істеуге құлшыныс танытпайды.

Ғайни Қапасбекқызы ауыл тұрғындарының денсау­лығына жауапты екенін күнделікті жұмыс барысында көрсетіп келе жатқан маман. Күн суытып, қыс мезгілі жақындағанда дәрігерлік амбулаторияны жылыту да осы азаматтың міндеті болып кеткен. Ол дәрігерлік қызметімен қатар, күн суы­та бастағанда отын дайындау мәселесімен де айналысады. Сонымен қатар талай уақыттан бері аталған денсаулық сақтау нысанында көмір жағып күнелткен күндері бар. Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жан мұның бәрін де өзінің міндеті ретінде қалтқысыз орындайды. Ол үшін ең бірінші кезекте халықтың денсаулығы, ұлт саулығы тұрады. Сондықтан да талай жылдан бері еңбек демалысында толық тынығып, демалып көрген емес. Тұтас бір ауыл тұрғындарының ден­­саулық сақтау мәселесіне жауапты Ғайни Ақылқожаева үшін бұл үйреншікті жағдай болып кеткен. «Еңбек демалысы тұрмақ, тәуліктің әрбір сәтінде тыным болмайды. Ел іші болған соң адамдар ауырып қалуы мүмкін. Сон­дай-ақ­ басқа да жағдайлар болады. Сол үшін дәрігер барлық уақытта көмек көрсетуге да­йын болуы керек», дейді ол. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы,

Сұлутөр ауылы