Медицина • 06 Маусым, 2018

Танымал педиатор Е.Комаровский менингит туралы жан жақты түсіндірді

555 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде жұқпалы менингококк инфекциясы халықты біршама дүрліктіріп отыр. Алдын алу мен емделу шаралары үшін әлеуметтік желіде де жеткілікті мағұлматтар ұсынған. Бұл індет еліміздің ғана емес, шет ел дәрігерлерін де алаңдатып отыр. Мәселен өзге ел педиаторлары да білгендерімен бөлісіп, көмек қолын созып отыр.

Танымал педиатор Е.Комаровский менингит туралы жан жақты түсіндірді

Соның бірі украиналық белгілі педиатр Евгений Комаровский Instagram желісіндегі парақшасында жүргізген тікелей эфирінде қазақстандықтарға менингит туралы түсіндіріп берді.

Педиатор адамдардың әлі де менингиттің не екенін толығымен түсінбейтінін  айтты. «Менингококк инфекциясы адам ағзасына түскенде, ештеңе болмайтынын 100 пайыз сеніммен айта аламын. Адам оны жұтқыншағында тасып жүре береді. Көпшілігі менингококктың жылдам тасымалдаушысы бола алады. Бұл аурудың қаупі - бала дерт жабысқан күннен бастап бір тәулікке жетпей өліп кетуі мүмкін. Бала дер уақытында ауруханаға жеткізілсе де, заманауи ауруханада емделсе де өлім қаупі 10 пайыздан төмен болмайды. Яғни ауру жұқтырғандардың 10 пайызы қайткен күнде де өлім құшады. Мұның өзін оң көрсеткіш деуге болады, бірақ көп жағдайда асқынған менингококк сепсисі жағдайында 20 пайызы өліп кетеді», дейді педиатор.

 Ата-аналар балаларын инфекциядан сақтау үшін көп жағдайда вакцина қолдануда. Е.Комаровскийдің пікірінше, бұл ауру кезінде екпе қабылдау ең тиімді жол емес. «Менингококк инфекциясынан екпе алу - ешқандай да мәселені шешпейді. Бұл уақытша жағдай. Вакцина арқылы балаңызды А және С менингококктан сақтасаңыз да, В тобындағы менингококктан сақтай алмайсыз. Елдің бірде-бір тұрғыны менингококктың барлық нұқсасынан екпені таба алмайды. Ондай екпе жоқ. Екпе мәселесін ушықтырмауды ұсынамын. Оның орнына алдын алудың дұрыс әрі пайдалы әдістерін қолданыңыз», дейді дәрігер.

 Украиналық маманның айтуынша, екпе көп адаммен байланысқа түспеген бала көп адам жүретін жерге бара жатқанда ғана қажет болуы мүмкін. «Мәселен, балаңыз мектепте оқып жүргенде сыныпта 10-15 бала болды делік. Жасы 15-те делік және ол жазда лагерьге баратын болады. Сол жақта ол өзі сияқты 500-дей адаммен байланысқа түседі. Мұндай жағдайда екпе алу орынды», дейді ол.

 Сондай-ақ педиатр аналарға баланы екпесіз тиімді қорғауға болатын шаралар туралы айтты. «Екпеден басқа да әдістер толып жатыр. Бастысы - алдын алу. Баланы супермаркеттерге, театрларға апарудың қажеті жоқ. Жабық орындарда жиналыс өткізбеңіздер. Мектепте адам көп қатысатын жиналыс өткізгіңіз келсе, оны мектеп ауласында жасаңыз. Міндетті түрде бөлмені желдетіп, ауасын тазартып тұрыңыз.

Назарда ұстайтын басты жайт,  менингококк инфекциясы өте көп болғанда, тыныс алу жолдарының шырышты қабығы құрғаған жағдайда ғана жұтқыншақтан қанға өтеді. Ауру өте жақын байланыс кезінде жұғады, бірақ бір метрден ары ұшпайды. Ауру құшақтасып, сүйіскенде жұғады. Ауаны тазартып, желдету – кез  келген екпеден пайдалы. Әсіресе, балабақшаның жатын бөлмесін жақсылап желдету керек", дейді ол. Маманның айтуынша, менингококк жабық орындарда болады. Оны көшеде жұқтыру мүмкін емес. Сондықтан алдын алу шарасы ретінде балалардың таза ауада болғаны жақсы.

«ТМД-дағы кез келген елдің ережесі бойынша, жатын бөлмедегі ауа дымқылдығы 40-60 пайыздай болуы, балалар күніне төрт сағаттай серуендеп, жеке гигиенасын жіті қадағалауы қажет. Аурудың алдын алу шараларының басты әрі маңызды шарты қолды мұқият, тазалап жуу. Менингококк инфекциясы менингиттен  бөлек қарапайым тұмауды тудыра алады. Сондықтан қолды тазалап жуу бактериялардың таралуына жол бермейді», дейді Е.Комаровский.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желіде балаларға менингококке қарсы антибиотиктер беру туралы ақпарат кең тарап жатыр. Осыған орай педиатор профилактикалық антибиотиктерді пайдаланудың тиімділігі жоқ екенін айтты. «Адам антибиотиктерді 5 күн, 1 жыл қолдануы мүмкін. Антибиотик адам қолданып жүрген кезде ғана ағзаны қорғайды. Бірақ қолданып біте салысымен, бала бактерияларды қайта жұқтыруы мүмкін. Ал антибиотиктерді жылдар бойы үзбей пайдалану тиімсіз. Себебі оның аллергиялық салдары болуы мүмкін», дейді ол.        

Бағдат ӘШІМ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті